Accessibility links

Өзін өртеген прокуратура қызметкеріне 7 жыл жаза сұрады


Айыпталушы Лейла Смадьярова Атырау қаласының №2 сотында отыр. 7 ақпан 2017 жыл.
Айыпталушы Лейла Смадьярова Атырау қаласының №2 сотында отыр. 7 ақпан 2017 жыл.

«Тұтқындар құқығы сақталуын тексерген кезде түрме қызметкерлерінен пара алды» деп айыпталған Атырау облысы прокурорының бұрынғы көмекшісіне үкім осы апта шығуы тиіс. «Қызметімді адал атқардым» дейтін ол қаңтарда өзін өртеп, жансақтау бөліміне түскен еді.

Тағылған коррупциялық айыптарды мойындамаған Атырау облысы прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла Смадьярова қаңтардың 31-і күні Атырау облыстық прокуратурасы ғимараты алдында өзін өртемек болған. Сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғындар өртті дер кезінде сөндіріп, денесінің 2 пайызын күйік шалған ол жансақтау бөліміне түскен еді.

Былтыр тамыздан үйқамақта отырған оны сот ақпанның 2-сі екі айға қамауға бұйрық шығарған.

Лейла Смадьярованың ісін Атырау қалалық №2 қылмыстық соты қарап жатыр. Істе 2015 жылы болған «пара боспалау және алу» әрекетінің бес эпизоды бар. Айыпталушы оның бәрін жоққа шығарады. Ал адвокат «қорғауындағы адамның жала жауып отырғандарды кезінде жауапқа тартқанына» назар аудартады. Үкім ақпанның 10-ы шығуы тиіс.

Атыраудағы прокуратура қызметкері соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:24 0:00

«ҚЫЗМЕТІМДІ АДАЛ АТҚАРДЫМ»

Ақпанның 7-сі күнгі сот отырысында Лейла Смадьяроваға соңғы сөзін айтуға мүмкіндік берілді. Ол «прокурорлардың процессуалдық келісімге келуге мәжбүрлеп жатқанын» айтып:

- Мойындайтын ештеңем жоқ. Себебі ештеңе алғаным жоқ. Қызметімді адал атқардым. «Айыбым» сол ғана. Пара алсам, келісімге барып, «қызмет бабын асыра пайдалану» бабымен төрт мың айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлеп, баяғыда ұмытқан болар едім, - деді. Ол соттан өзін ақтауды сұрады.

Смадьярова Атыраудағы УГ157/11 әйелдер колониясы қызметкерлерінен алды деген «параның» көлемі істе үш миллионнан астам теңге және «1000 доллар» деп көрсетілген. 37 жастағы Смадьярова бұл салада 2000 жылдан жұмыс істейді. 2013 жылы Атырау облысы прокуроры көмекшісі болғанға дейін Алматы облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінде (ҚАЖД) қызмет еткен. 11 жастағы қызы, жасқа толмаған ұлы бар.

№2 Атырау қалалық соты ғимараты.
№2 Атырау қалалық соты ғимараты.

Лейла Смадьярова «түрмедегі азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылау басқармасында қызмет етіп жүріп облыстағы түзету мекемелеріндегі талай заңсыздықты ашқанын» айтады.

- Түрме қызметкерлері сотталушыларды ашық түрде «зектер» деп жекіретін. «Неге олай дейсіңдер, сотталғанымен біреудің әйелі, қарындасы, қызы, анасы ғой» дегенімде «несіне аяйсың» дейтін. Оларды жаздың 40 градус аптабында күн астына тізіп қойып, әлдебір іс-шара өткізеді. Тіпті біреуі есінен танып қалған жағдайлар да болды, - дейді ол.

Оның айтуынша, «сотталған әйелдердің түрме бастығына кіріп өтініш айта алмайтынын, көзі көрмей қалған әйел - мүгедектігін, зейнет жасына жеткен әйел зейнетақы рәсімдей алмай жүргенін көріп, сотталғандар жағдайы қандай екенін түсінген. Төрт жыл ішінде өзі қатысқан тексерістерден соң сегіз қылмыстық іс қозғалған».

- Атырау облысы ҚАЖД өкілдеріне берілетін пәтерлерге қатысты заңсыздық анықталып, үш қызметкерге қылмыстық іс қозғалды. Бұл тексеруіме былтыр бас прокуратураның өзі жағымды баға берді. Тексерістерден 62 адам, соның ішінде әйелдер колониясының бұрынғы бастығы Нұрзада Сағынғалиева, Э. Оразаев, Е Байменов, бас бухгалтер М. Бименова және басқа да қазір сотта маған қарсы куәлік беріп жатқан тұлғалар жауапқа тартылды. Үшеуі қызметінен босатылып, екеуіне коррупциялық карточка берілді,- дейді ол.

Әділдік болады деп сендім. Бірақ сот айыптау сарынында жүрді. Абыройыма дақ түсті. Енді еңбегім үшін берілген мақтау қағаздар мен медальдардың құны қалмады. Өлсем ғана жаным жай табады деп шештім.
Лейла Смадьярова

Ол өзінің қуғындалуын әділ тексерістер жүргізгенімен байланыстырады және Атыраудағы УГ157/11 әйелдер колониясын бас прокуратураның 2015 жылғы сәуір бұйрығымен тексергенін айтады. Смадьярова «соңғы үміті бас прокурор Жақып Асановта болғанын, оның коллегиядағы «егер сотталушы кінәсіз болса, ақтаңдар» деген сөзінен соң, қаңтардың 16-сы хат жазып, ісімен үкімге дейін танысуды сұрағанын» айтады. Бас прокуратура жауабы ол өзін өртемек болған қаңтардың 31-і келген. Өзінің айтуынша, жауапта «өтініштерін сотта айтуға болатыны, шешіммен келіспесе, апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар» екені ескертілген. Ол мұндай жауаптан соң «шынымен өлгісі келгенін» айтады.

- Әділдік болады деп сендім. Бірақ сот айыптау сарынында жүрді. Абыройыма дақ түсті. Енді еңбегім үшін берілген мақтау қағаздар мен медальдардың құны қалмады. Өлсем ғана жаным жай табады деп шештім,- деп түсіндірді.

ПРОКУРОРЛАР СӨЗІ

Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Еңсегеновтің сот процесінде айтуынша, «Смадьярова қылмысы толық дәлелденіп отыр». Прокурорлар болжамынша, 2015 жылы жүргізген тексеруінде ол әйелдердің гигиеналық бұйымдарын сатып алу кезінде келтірілген «бір жарым миллион теңге шамасындағы зиянды азайтып, оны 335 187 теңге деп көрсету үшін 2 миллион теңге талап еткен». Ал «төсек жаймалары жетіспеушілігін жасырып қалу үшін колонияның бұрынғы бастығы Сағынғалиевадан 6 миллион теңге сұраған».

Айыптау актісіне қарағанда, 2015 жылы қыркүйекте Смадьярова коррупция әрекетін жалғастырып, Атыраудағы түзету мекемесіне 96 миллион теңгенің азық-түлігі мен тұрмыс жабдықтарын жеткізетін кәсіпкер Аманғалиевадан 2 миллион теңге талап еткен. Ол ақшаны, айыптау актісінде айтылғандай «өзінің прокурорлық кабинетіне шақырып алып сұраған әрі оның бизнесіне бұдан әрі тиіспейтінін айтқан». 2015 жылғы қарашада сотталушы Қаракөз Масалимова жасамақ болған суицидті хабарламағаны үшін тағы колония бастығы Сағынғалиевадан 3000 АҚШ долларын беруді «талап еткен». Кейін, яғни 2015 жылдың соңында Сағынғалиевадан тағы 200 мың теңгені «үшінші тұлғаға беру үшін бопсалаған».

Сотта Сағынғалиева «ол ақшаны Смадьярова бас прокуратураға бермек болғанын» мәлімдеді. Айыптау актісіндегі мәліметке қарағанда, Смадьярова осы суммалардың үш миллионнан астам теңгесі мен бір мың долларын «алған».

Лейла Смадьярованың сот процесіне куә ретінде келген Нұрзада Сағынғалиева. Атырау, 7 ақпан 2017 жыл.
Лейла Смадьярованың сот процесіне куә ретінде келген Нұрзада Сағынғалиева. Атырау, 7 ақпан 2017 жыл.

Бауыржан Еңсегенов айыпталушыны «жағалы құбыжық» ретінде сипаттап, прокурор шенінің «тазалығы үшін алаңдайтынын» білдірді. Прокурорлар Лейла Смадьярова мүлкін тәркілеп, жеті жылға бас бостандығынан айыруды, кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жазаны орындауды кейінге қалдыруды, қамаудан босатуды сұрады.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІҢ ДӘЛЕЛДЕРІ ЖОҚ»

Лейла Смадьярованың адвокаты Игорь Вранчевтің айтуынша, істегі бес эпизодтың «бірде-бірінің дәлелі жоқ, айыптар тек түрме қызметкерлерінің ауызша сөздеріне негізделген». Ол куә ретінде шақырылған 34 адамның барлығы да Смадьярованың прокурорлық тексерісі кезінде «заңсыз әрекеттері анықталған қызметкерлер» екенін ескертеді.

- Барлық пара беру оқиғасына әйелдер колониясының бұрынғы бастығы Нұрзада Сағынғалиева қатысқан болып шығады. Ол параны біресе прокурор кабинетінде, біресе оның үйінің ауласында береді. Бірақ ақшаның қалай берілгені туралы не видео, не аудио, не СМС жоқ, - дейді Игорь Вранчев.

Адвокат судьядан колония бастығы Нұрзада Сағынғалиеваның тергеуде «2015 жылдың желтоқсанында Смадьяроваға бас прокуратураға беру үшін 200 мың теңге жинап бергенін» айтқанына назар аударуды сұрады.

Лейла Смадьярованың адвоката Игорь Вранчев (оң жақта) сот залында тұр. Атырау, 7 ақпан 2017 жыл.
Лейла Смадьярованың адвоката Игорь Вранчев (оң жақта) сот залында тұр. Атырау, 7 ақпан 2017 жыл.

- Пара алушы жазаланса, беруші де жазалануы керек. Алайда Нұрзада Сағынғалиева «заңмен қорғалған мүдде» деген сылтаумен жауапқа тартылмайды... Ақшаны бас прокуратурада біреу алған болар. Прокурорлар бұл коррупциялық хабарламаға қатысты да шара қолдануды сұрауы тиіс қой, - дейді Вранчев.

Ол судья Эльмира Ойқұловадан «Смадьярованың бұл 200 мың теңгені алған әрекеті дәлелді деп саналса, бас прокуратураға, істі тергеген прокурорлар Ибраимов, Әшімтаев, Тащанов пен Еңсегеновке қылмыстық кодекстің 433-434-баптары бойынша ( қылмысты жасыру) қаулы шығаруды» сұрады.

- Коррупциямен бұлайша күресу Сталин кезіндегідей «мыстандарды аулауға» ұласып кетпесіне кім кепіл? - дейді Игорь Вранчев.

Атырауда прокуратура ғимараты алдында өзін өртеу оқиғасы бірінші рет болып тұрған жоқ. «Демос» қоғамдық қорының жетекшісі Тоғжан Қизатова «адамдар өзін өртеу арқылы билік назарын аударуға тырысады» деп санайды.

- Психологтар өзіне қол жұмсау наразылық түрі екенін айтады, өзін өртегендер арасынан психикалық ауру тіркелген жоқ, - дейді ол.

Атырауда 2009 жылы Қабидолла Шолақов атты азамат қалалық прокуратура алдында «баласына қатысты тергеу ісінің әділ жүрмегеніне» наразылық білдіріп, өзін өртеп жіберген еді. Ол ауруханада қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG