Accessibility links

Оқулық сынағандарды полицияға шақыртқаны үшін Сағадиевті жазғырды


Білім және ғылым министі Ерлан Сағадиев.
Білім және ғылым министі Ерлан Сағадиев.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ішкі істер министрлігіне жүгінгеннен кейін сынаушылардың кейбірін полицияға шақырып, жаңа шыққан орыс тілі оқулығы төңірегіндегі дау ушыға түсті. Құқық қорғаушылар бұл «сынағаны үшін қудалау» дейді.

Биыл шыққан Қазақстанның орыс мектептерінің 5 және 7-сыныптарына арналған орыс тілі оқулықтары бірден сынға ілікті. Жанжал Орал қаласында тұратын бір топ ата-ананың әлгі оқулықтарды пайдалануға "мораторий" жариялауды сұрап, ел президентіне үндеу жолдауына дейін жетті. Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым министрлігіне "проблеманың неден шыққанын анықтап, түсіндіруді" тапсырған болатын.

Жұртты тыныштандыруға тырысқан әрекеттері сәтсіз болғаннан кейін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ішкі істер министрлігіне (ІІМ) жүгініп, ол әрекетін "әдейі ұйымдастырылған жанжалға қарсы тотарыс беру" деп түсіндірген. Кейін ол қазақстандық оқулық беттерінде жүр деген, бірақ оқулықтарда жоқ болып шыққан фотосуреттерді әлеуметтік желілерде жариялау арқылы фактілерді бұрмалап жүргендерді ғана жауапқа тартуды өтіндім деп мәлімдеді.

Полиция білім және ғылым министрлігінің арызын тексерудегі жетістіктері жайлы баяндап үлгерді. Қыркүйекте көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазанның 3-і күні ІІМ-нің баспасөз қызметі «интим тақырыбындағы суреттері бар оқулықтар жайлы әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат таратқандар табылды; қазір іс материалдары сараптамаға жолданды; бұған қоса, өзге тергеу амалдары да жүргізіліп жатыр» деп хабарлады.

Ал тараған қауесетке мүлде қатысы жоқ, бірақ орыс тілі оқулықтарына қатысты проблема туралы сұрақ қоюға батылы жеткен жандарды да полицияның "сұхбаттасуға" шақырғаны белгілі болды. Мысалы, Facebook желісінде ертеректе жариялаған постында "Сапасы нашар кітаптар үшін біреулер жауапқа тартыла ма? " деген сұрақ қойған азаматтық белсенді Қазбек Бейсебаевты Астананың ішкі істер департаментіне (ІІД) шақырған.

Бірақ Бейсебаев Алматыда тұрады. Оның сөзінше, Астана ІІД-сі оны полицияға тұрғылықты жері бойынша шақыруға уәде еткен. Бірақ ол Алматы ІІД-сінен әзірше шақыру қағазын алмаған. Ол мұны Азаттыққа қазанның 5-сі күні телефон арқылы растады.

Астана полициясы орыс тілі оқулықтарын әлеуметтік желіде сынаған адамдарды іздеп жатыр (видео - орыс тілінде):

Полиция Астаны ищет в соцсетях критиков новых учебников русского языка
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

Құқық қорғаушылар білім және ғылым министрін орыс тілі оқулығы төңірегіндегі жанжалға байланысты ішкі істер министрі көмегіне жүгінді деп жазғырып жатыр.

«СӨЗ ТАСУ – ЖОЛ БЕРІЛМЕЙТІН ӘРЕКЕТ»

"Жаңадан шыққан орыс тілі оқулықтарында Пушкин, Толстой, Достоевский сияқты классиктерді қазіргі заманның Ургантымен ұштастыру" орынды деп санайтын құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридов білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің реформа жүргізу саясатын негізінен құптайды. Оның сөзінше, классиктерге көп сілтемелер берілген талқыға түскен оқулықтардың артықшылығы даусыз. Свиридов бұл жағдайда білім және ғылым министрлігі оқулықтарды сынағандардың уәжін тыңдауы тиіс, бірақ әлгі сынды оқулықтарды алып тастауға негіз болады деп қабылдамау керек дейді.

Бірақ құқық қорғаушы министр Сағадиев қарсыластарын тұқыртып алу үшін полиция көмегіне жүгінгенін үзілді-кесілді айыптайды.

- Бәрінен сұмдығы - білім министрі әлгі оқулықты сынағандарды бірден айыптап, оларды жалақорлар деп жариялады әрі күш қолдану тәсілдері арқылы жауапқа тартуды сұрап ІІМ-ге жүгінді, айтпақшы, неге ҰҚК (ұлттық қауіпсіздік комитеті) емес... Сөзі үшін біреуді жауапқа тартуға шақырып бір ведомствоның басшысы екінші, күштік ведомство басшысына жария түрде сөз тасуы мүлде дұрыс емес... Өзінің сөз тасушы емес, білім министрі екенін [Сағадиев] қаперінен шығарып алды. Сөз тасу, қай жағынан болсын жол беруге болмайтын, моралдық тұрғыдан айыпталуы тиіс нәрсе, - дейді Андрей Свиридов Азаттыққа.

Свиридовтың сөзінше, сөз үшін, тіпті ол сөз шектен шыққан сөз болса да, кімді болсын қудалау құқық қорғау тұрғысынан алғанда, мүлде дұрыс емес. Оның сөзінше, министр Сағадиевтің ІІМ-ге "жария түрде сөз тасуы" кесірінен жазықсыз жандар жапа шегуі мүмкін.

ДАУДА "ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕ" БАР МА?

Андрей Свиридов орыс тілі оқулығы төңірегіндегі шу мемлекет пен қоғамның тереңде жатқан проблемаларын, оның ішінде, ұлттық мәселені, мысалы, билік айта бермеуді жөн көретін "орыс" мәселесін қозғауы мүмкін деп санайды.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың пікірінше, орыс тілі оқулықтарына қатысты туған пікірталаста ұлттық саясатқа, оның ішінде "орыс мәселесіне" байланысты проблемалар жоқ. Ол бұл проблема - білім беру жүйесіндегі жалпы, оның ішінде бұл саладан білікті кадрлардың жаппай кетуіне байланысты туындаған дағдарыстың салдары деп санайды.

- Яғни сауатты оқулық жазуға қабілетті адамдар аз қалды. Бұл "орыс" оқулықтары ғана емес, жалпы оқулықтарға, оның ішінде жаратылыстану ғылымы пәндері оқулықтарына да, "қазақ" оқулықтарына да қатысты проблема, - дейді Сергей Дуванов Азаттықпен әңгімесінде.

ВИДЕО: Жаңа орыс тілі оқулығының сапасы сынға ілікті (Азаттықтың қыркүйек айындағы [орыс тіліндегі] видеосюжеті):

Жаңа орыс тілі оқулығының сапасы сынға ілікті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:31 0:00

Оның сөзінше, математика, физика немесе химия пәнінің нашар жазылған оқулықтарынан ұлттық мәселеге қатысты әлдебір тіміскі әрекеттерді іздеу ақымақтық болар еді; бұған қоса, орыс тілі ғана емес, қазақ тілі оқулықтарының сапасын талдауға да осылай қарау керек, ал егер кемшіліктері көп болса, бұл - оқулықтарды жазғандардың біліксіздігінің салдары.

Жаңа оқулық авторларының кәсіби біліктілігі нашар деген сын өзге адамдар, әсіресе мектеп оқушыларының ата-аналары тарапынан көп айтылған, айтпақшы Сергей Дувановтың да оқушы баласы бар.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұндай айыптарды жоққа шығарады, ал 5 және 7-сыныптарға арналған орыс тілі оқулығының сапасы туралы пікірталасқа қатысты ол бұлар - "ресейлік сарапшылардың жоғары бағасын алған" оқулықтар деген уәж айтады. Сағадиевтің сөзінше, білім берудің жаңартылған мазмұнының мәнісін түсінбейтін ата-ана көп емес, ал олардың пікіріне сүйенудің қажеті шамалы.

"ТӨЗІМДІЛІК ЖЕТПЕУДІҢ КЕСІРІНЕН"

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калееваның Азаттыққа айтуынша, орыс тілі оқулықтары төңірегіндегі даудың кей тұсында төзімділік пен саяси сыпайылық нормалары сақталмаған. Оның сөзінше, бұл кемшіліктер - тәжірибенің аздығы мен қоғамда жария пікірталастар жүргізудің өркениетті дәстүрлерінің әлі қалыптаспауының салдары.

- Адам өз пікірін, әлгі оқулықтардың авторларына немесе олардың артында тұрған адамдарға қарсы пікірін білдіруге бел буды делік, ондай адамға ішкі батылдық қажет болатын шығар. Жасқаншақтығын жеңіп, батылдық пайда болған кезде ұстамдылық танытуы тиіс екенін ұмытып кететін болуы керек, - дейді Тамара Калеева.

Орыс тілі оқулықтарының мазмұнына қатысты пікірталаста екі тараптың да позициясын құрметтейтінін айтқан Калеева не нәрседе болсын шектен шығып кетпеуі керек деп санайды.

- Шектен шығу кез-келген пікірталастың мәнін жойып жіберуі мүмкін. Егер мына даудың түбі әлдебір ұлттық мәселелерді талқылауға ұласса, жұрт оқулықты да, мектепті де сол мезетте ұмытып кетеді, - дейді Тамара Калеева.

Мектепке келе жатқан Астана оқушылары. (Көрнекі сурет)
Мектепке келе жатқан Астана оқушылары. (Көрнекі сурет)

Тамара Калеева білім және ғылым министрлігі басшылығы адамды пікір білдіргені үшін қудалауға, әсіресе полиция көмегімен қысым көрсетуге жол бермеуі тиіс деп санайды.

Тамара Калееваның сөзінше, қазіргі кезде оқыту жүйесінде реформа жүріп жатыр, сондықтан орыс тілі оқулықтарына қатысты даулар сияқты айтыс-тартыстар ертеректе математика оқулығына қатысты да болған, кейін де болады. Калееваның пайымынша, жағдайды ушықтырмау үшін мұндай реформалар мен оларға қатысты дауларға жауаптылықпен әрі сақтықпен қарау керек.

Оқыту жүйесін реформалауды негізінен құптайтын Тамара Калееваның айтуынша, білім беру жүйесіндегі ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы қалыптасқан құнды дәстүрлерді жойып алмау үшін білім және ғылым министрлігі реформа жүргізудің жөні осы екен деп реформалармен көп әуестенбегені дұрыс. Оның сөзінше, оқыту жүйесін реформалау, бір жағынан пайдасы жоқ әрі ескірген дүниенің бәрін жоюы, ал екінші жағынан құнды әрі өміршең дәстүрлерді құнттылықпен сақтап, дамытуы тиіс.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG