Accessibility links

Өтембаевты босатуға қарсы шағым қанағаттандырылмады


Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сотталған Ержан Өтембаевты мерзімінен бұрын босатуға қарсы шешімді қарап жатқан Астана қалалық қылмыстық істердің апелляциялық алқа соты отырысы. Астана, 10 желтоқсан 2014 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сотталған Ержан Өтембаевты мерзімінен бұрын босатуға қарсы шешімді қарап жатқан Астана қалалық қылмыстық істердің апелляциялық алқа соты отырысы. Астана, 10 желтоқсан 2014 жыл.

Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер апелляциясы алқа сотының судьясы Алма Есімова саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның серіктері Бауыржан Байбосын, Виталий Журавлевтің туыстары мен қорғаушыларының сотталушы Ержан Өтембаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қарсы түсірген шағымдарын қанағаттандырмай тастады.

Сот отырысына Ержан Өтембаевтың өзі қатысқан жоқ. Судья Алма Есімова 1- қалалық аурухананың бас дәрігері берген медициналық қорытындыны оқыды. Онда Ержан Өтембаевтың денсаулығының нашарлағаны, жүрегін емдетіп жатқаны баяндалған.

Астана қаласының қылмыстық істер апелляциясы алқа сотының судьясы Алма Есімова. Астана, 10 желтоқсан 2014 жыл.
Астана қаласының қылмыстық істер апелляциясы алқа сотының судьясы Алма Есімова. Астана, 10 желтоқсан 2014 жыл.

Шағым түсіруші жақ Ержан Өтембаевтың сотқа қатысуын, денсаулығы түзелгенше сот ісін кейінге шегере тұруды сұрады. Сот бұл ұсынысты қанағаттандырмады. Шағымданушылардың «Өтембаев онлайн байланысы арқылы сот ісіне қатыссын, сұрағымызды қояйық» деген өтініштері де судья тарапынан қолдау таппады.

Өтембаевты мерзімінен бұрын босатуға қарсы шағым түсіргендердің бірі Маржан Аспандиярова «Сотталушы шартты түрде мерзімінен бұрын босау үшін ең алдымен заңға мойынұсынуы тиіс. Түрмедегі тәртібі мерзімінен бұрын босатандыққа шығуға сеп емес. Өтембаев осы қылмысқа күдікті деген күннен-ақ, емханаға түсті. Сот істерінің бәріне ол қатысқысы келмеді. Яғни, заңға мойынұсынбады. Қылмыстың толық ашылуына септеспеді. Сол себепті біз оны мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруға қарсымыз» деді.

Ержан Өтембаевтың қорғаушысы Елена Евтушенконың пікірі бойынша, «Түрме мекемесінің тәртібін толық орындаған адам заң бойынша заңға мойынұсынушы болып есептеледі».

«Мекеме әкімшілігінің қорытындысына сенбеуге болмайды. Сотталушылар арасындағы тәжірибе бойынша, 8 жылда 16 марапат алу - өте көп. Өзгелер екі жылда біреуін әрең алады. Өтембаевты шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруға негіз жеткілікті» дейді ол.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері өліміне қатысты сотталған Ержан Өтембаев. Алматы облысы, 22 қаңтар 2014 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері өліміне қатысты сотталған Ержан Өтембаев. Алматы облысы, 22 қаңтар 2014 жыл.

166/10 колониясының отряд басшысы Самат Кәкенов те «Ержан Өтембаевтың түрмедегі тәртібі дұрыс болғанын, барлық шараларға ат салысып, мақтау қағаздарын алғанын» айтты.

Тараптардың уәждерін тыңдап алған судья ақылдасу кеңесінен келген соң шағымданушы жақтың өтінішін қанағаттандырмай, кері қайтарды.

Шағымданушы тараптың өкілі Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, апелляциялық шағым кері қайтарылғандықтан, Ержан Өтембаев бүгін бостандыққа шығуы тиіс.

Қарашаның 7-сі күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты сотталушы Ержан Өтембаевты (сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі) түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шешім шығарған болатын.

Сол шешім бойынша, Ержан Өтембаев өтелмеген 4 жыл 2 ай 29 күндік жазасын орындаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Алайда шағымданушы жақтың өкілдері бұл шешімге қарсылық танытып, Астана қалалық қылмыстық істер апелляциялық алқа сотына шағым түсірген еді.

Ержан Өтембаевтың мерзімінен бұрын босатылуына қарсы шағым түсірген (оң жақта отырғандар) Төлеген Жүкеев, Рысбек Сәрсенбай, Маржан Аспандиярова. Астана, 7 қараша 2014 жыл
Ержан Өтембаевтың мерзімінен бұрын босатылуына қарсы шағым түсірген (оң жақта отырғандар) Төлеген Жүкеев, Рысбек Сәрсенбай, Маржан Аспандиярова. Астана, 7 қараша 2014 жыл

Желтоқсанның 3-і күні судья Алма Есімова алқа сотының отырысын желтоқсанның 10-ына шегерген еді. Оған себеп - шағымданушы жақтың өкілдері Рысбек Сәрсенбай, Маржан Аспандиярова және Төлеген Жүкеев «сотқа Ержан Өтембаевтың өзі қатыссын» деген өтініш түсірген.

Астана шетіндегі 166/10 колониясының отряд басшысы Самат Кәкенов сол жолғы сот отырысында «Өтембаевтың денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын, оның инфаркт алып, қалалық ауруханаға түскенін» айтқан болатын.

2006 жылы ақпан айында Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Қазақстанның оппозициялық саясаткерлері - (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай) Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбайұлы. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның оппозициялық саясаткерлері - (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай) Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбайұлы. (Көрнекі сурет)

Сол 2006 жылы сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп, оны 20 жылға соттаған. Бірақ 2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген» деп мәлімдеді.

Жоғарғы сот былтыр, желтоқсанның 19-ы күні Өтембаевқа қатысты үкімнің күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.Биыл ақпанның 3-і күні Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығып, оны «қылмысқа айдап салушы» ретінде 13 жылға қайта соттаған. Ол өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішті биыл қазан айында жазған еді.

XS
SM
MD
LG