Accessibility links

НКВД қудалаған Оразмағамбеттің тағдыры белгісіз


Карлаг музейінің қызметкерлері азаптау көрінісін қойып жатыр. Қарағанды облысы Долинка ауылы, 19 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Карлаг музейінің қызметкерлері азаптау көрінісін қойып жатыр. Қарағанды облысы Долинка ауылы, 19 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

1930 жылдары қазақтардың Маңғыстаудан Иранға көшуіне себепші болған, кейін советтік жазалау мекемесі ату жазасына кескен Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің Түркіменстан түрмесіндегі тағдыры белгісіз күйінде қалды.

Исламбек Көрпе – 1935 жылы Иранға көшіп, 1937 жылы НКВД ұстап, ату жазасына кескен Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің шөбересі. Иран жерінде туған Исламбек қазір де сондағы Горган қаласында тұрады. Оның үлкен атасы Оразмағамбет Тұрмағанбетов - 1930 жылдары советтік Қазақстандағы қудалаудан бас сауғалаған қазақтардың Иран қалаларына қоныстануына себепші болған белгілі тұлға болатын.

ОРАЗМАҒАМБЕТТІҢ ҰСТАЛУЫ

Исламбектің айтуынша, әуелде Оразмағамбет Бұхарада, Түркияда діни білім алып, кейін Үндістанның Бомбей (қазіргі атауы - Мумбай) қаласында оқып, геолог-инженер мамандығын игерген.

- Қазақстандағы 1930 жылдардағы саяси науқан кезінде Маңғыстауда атамызды НКВД «Англияның шпионы» деп қудалайды. Сол кезде ол бала-шаға, туыстарымен бірге Ашғабадқа көшіп барады. Сонда жүргенде бір күнітаныстарының бірі Оразмағамбетті ұстау туралы бұйрық келгенін, сондықтан ертеңге қалмай түнде қашу керектігін айтады. Сол ұйғарыммен ол түнделетіп әулетімен Иран жеріне көшіп кеткен, - дейді Исламбек Көрпе Азаттыққа.

НКВД ату жазасына кескен Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің шөбересі Исламбек Көрпе. Алматы, 2016 жылдың күзі.
НКВД ату жазасына кескен Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің шөбересі Исламбек Көрпе. Алматы, 2016 жылдың күзі.

Оның айтуынша, Иранға көшіп барған қазақтар әуелде бірнеше қалаға бытырай қоныстанып, қиналып қалады. Кейіннен қазақтар Горган, Бендер-Түркіменге (Бендер шах) тұрақтайды.

Ебжан атамның айтуынша, Оразмағамбетті Иранда жүрген жерінен Совет жағы «қара машинамен» алып кетіп, Түркіменстанға апарып атқан екен.

- Оразмағамбеттің тұңғыш ұлы - Ебжан атамның айтуынша, Оразмағамбетті Иранда жүрген жерінен Совет жағы «қара машинамен» алып кетіп, Түркіменстанға апарып атқан екен. Естуімізше, атқан кезде денесінен 58 оқ табылған деседі, - дейді Исламбек.

Исламбек Көрпенің айтуынша, Ебжан кейін әкесінің қайда, қашан, қандай жағдайда атылғанын және мәйітін сұрап, Мәскеу мен Ашғабатқа Қазақстандағы туыстары арқылы сұрау салып хат жазған. Алайда сот, прокуратура, бір кездегі КГБ мекемелерінен алған жауаптарда Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің қайтыс болған жылдары екі түрлі көрсетілген. Ал мәйіті немесе қалдығы жайлы мүлде айтылмайды.

Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің 1942 жылы өлгені туралы анықтама.
Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің 1942 жылы өлгені туралы анықтама.

Оразмағамбеттің Иранда қалай ұсталғаны жайлы да нақты айтылмайды. Ұрпақтары айтқандай шынымен НКВД өзі Иранға барып ұстады ма, немесе НКВД-дың сұрау салуымен Иран жағы ұстап берді ме – бұл туралы дерек, құжат әзірге жоқ. Ал маңғыстаулық өлкетанушы Алқажан Меделұлы Оразмағамбет Түркіменстан-Иран шекарасында ұсталуы мүмкін дейді.

- Біз Оразмағамбет туралы зерттеу жасап Иранға барған кезімізде жергілікті түркімендер Оразмағамбеттің шекара маңындағы шабуылдың бірінде түркімен серіктерімен бірге ұсталғаны туралы айтты. Ол Иранға көшкен соң да шекарадан әрі-бері қатынап жүрсе керек, - дейді Алқажан Меделұлы Азаттыққа.

1938, 1942? ҚАЙ ЖЫЛЫ АТЫЛҒАН?

Оразмағамбеттің ұрпақтары оның ақталғаны жайлы ресми мәліметті алғаш 1990 жылы алған. Осы жылы қазанның 3-і күні Түркіменстан прокуратурасы оның туыстарына жолдаған жауабында Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің СССР Жоғарғы соты әскери коллегиясының шешімімен "контрреволюциялық" әрекеттері үшін айыпталып, 1938 жылы ату жазасына кесілгені, ал бұл істің 1963 жылы құрамында «қылмыс болмағандықтан» тоқтатылғаны келтірілген. Прокуратура осы құжатқа қоса Оразмағамбеттің ақталғаны жайлы да анықтаманы қоса жолдаған.

Оразмағамбеттің 1938 жылы қазанның 30-ы атылғаны туралы Түркіменстан КГБ-сының мәліметі.
Оразмағамбеттің 1938 жылы қазанның 30-ы атылғаны туралы Түркіменстан КГБ-сының мәліметі.

​1991 жылы шілденің 17-сі Түркіменстан КГБ-сының Оразмағамбет ұрпақтарына жіберген жауабында 1882 жылы туған оның Бомбейде инженер-геолог мамандығы бойынша жоғары білім алғандығы айтылады. Құжатта НКВД-ның Оразмағамбетті 1937 жылы қыркүйектің 1-і ұстағаны, оның 1938 жылы қазанның 29-і ату жазасына кесіліп, қазанның 30-ы атылғаны хабарланған. Алайда КГБ құжатында оның қайда жерленгені туралы архив деректері жоқ екені айтылған. Осы хатта Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің 1963 жылы қыркүйектің 27-сі күні ақталғаны хабарланған.

Оразмағамбеттің ақталғаны туралы СССР Жоғарғы соты әскери коллегиясының анықтамасында да осындай мәлімет келтірілген. Анықтамада Оразмағамбет Тұрмағамбетовтің қайтыс болғаннан кейін ақталғаны айтылған. Түркіменстандағы сол кездегі Красноводск АХАЖ бөлімі берген куәлікте оның 1942 жылы қазанның 30-ы 61 жасында қайтыс болғаны келтірілген. Қайтыс болған жері туралы графа бос қалған. Ал АХАЖ бөлімінің өзі бұл деректі 1963 жылы наурыздың 23-і жасалған актіге сілтеме жасап хабарлап отыр.

ОРАЗМАҒАМБЕТТЕН ҚАЛҒАН БЕЛГІ

Оразмағамбеттің қай жылы атылғаны немесе қайтыс болғаны белгісіз болса да ұрпақтары оның туған жері Маңғыстау облысындағы Қызылсу елді-мекенінде оған арнап құлпытас белгі орнатты. Онда Оразмағамбеттің қайтыс болған жылы 1937 жыл деп көрсетілген. Маңғыстаулық өлкетанушы Алқажан Меделұлы Оразмағамбеттің ұрпақтары Ашғабаттан тұтқындар атылды деген жерден топырақ алып келіп, ырымдап 2012 жылы осы белгіні орнатқанын айтады.

Оның айтуынша, Оразмағамбетті 1938 жылы атылды дегеннен кейін де көрген адамдар болған-мыс. Ал жергілікті зерттеуші Отыншы Көшбайұлы жоғарыдағы құжаттардағы сәйкессіздікке сілтеп, «Бұл үкімет органдары Оразмағамбетті атпай өз жұмыстарына пайдаланды деген әңгімелердің шындық екенін білдіреді» деп жазады.

Геолог ғалым Николай Луппов 1974 жылы Оразмағамбет ұрпақтарына берген жазбаша мәліметінде 1928 жылы өзінің Оразмағамбет Тұрмағанбетовті көргенін жазады. Жазғанына қарағанда, Луппов Михаил Баярунастың Маңғыстауды зерттейтін геологиялық отрядында жұмыс істеп жүргенде «Закаспий аймағының бас молдасы» Оразмағамбетпен кездескен. Луппов «орыс тілін жақсы білетін әңгімешіл адам еді» деп суреттеген Оразмағамбет кен зерттеу ісіне қызығатындығын айтып, кейінгі бір кездесуінде Баярунасқа ат мінгізген екен.

СССР Жоғарғы сотының Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің ақталғаны туралы 1963 жылғы анықтамасы.
СССР Жоғарғы сотының Оразмағамбет Тұрмағанбетовтің ақталғаны туралы 1963 жылғы анықтамасы.

​Ал маңғыстаулық зерттеуші Отыншы Көшбайұлы 1928 жылдары Оразмағамбеттің «Қызылсуда жергілікті құрылыс материалдарын пайдаланып мектеп салып, Форт-Шевченкодан Өтес Қарабалаев деген оқытушыны алдыртып екеуі 20-дан аса балаларды оқытқанын» жазады.

1957 жылы Маңғыстаудағы Сахар тауынан Оразмағамбет кітапханасынан 51 кітап табылады. Араб-парсы тіліндегі осы кітаптардың барлығы кейіннен Қазақстан ғылым академиясының орталық ғылыми кітапхасына өткізілген. Осы кітапханада «Оразмағамбет Тұрмағанбетұлының Сахар тауынан /Маңғыстаудан/ 1957 жылы табылған кітаптары» деген тақырыппен тізімделген кітаптар негізінен діни мәселелер туралы болып келеді. Кітаптардың көбінде «руы адай қазақ Оразмағамбет Турмухаммед уғылы Маңғышлақи китаби» деген жазу бар.

Исламбек Көрпенің айтуынша, бүгінде Оразмағамбеттің Ирандағы ұрпақтарының қолында да оның қолжазбалары мен пайдаланған бірнеше кітаптары сақтаулы тұр.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG