Accessibility links

Назарбаевтан кәсіподақ заңын бекітпеуді сұрады


Жаңаөзен оқиғасынан кейін полицейлермен кездескен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев олардың уәжін тыңдап тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін полицейлермен кездескен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев олардың уәжін тыңдап тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ белсенділері Жаңаөзендегі қанды оқиғадан кейін билік қабылдағалы отырған «Кәсіподақтар туралы» жаңа заң жобасы еңбек дауларын одан сайын қоздырады деп алаңдайды.

Жуырда парламент Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Кәсіподақтар туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл жоба Жаңаөзен қаласы мұнайшыларының ұзаққа созылған ереуілі 2011 жылдың желтоқсанында қайғылы оқиғаға ұласқаннан кейін пайда болды.

«Кәсіподақтар туралы» заң жобасын талқылау кезінде парламентте көп сауал туындаған жоқ. Бірақ тәуелсіз кәсіподақ белсенділері «халықаралық нормаларға сәйкес келмейтін жаңа заң кәсіподақтарды қадағалауды ғана күшейтеді, әрі жаңа еңбек дауларын қоздырады» деп санайды.

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бұл құжатқа вето қоюды сұрайды.

ЕРЕУІЛДІ ЖАЗАЛАУ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова парламентке «кәсіподақтардың жаңа жүйесін салалық принцип бойынша әрі төрт сатыға бөліп (кәсіпорын кәсіподақтарынан бастап республикалық бірлестіктерге дейінгі) құру жоспарланған» деп түсіндірді. Енді оларға бірыңғай келісім, жарғы болуы тиіс деген талап қойылмақ.

Заң жобасында кәсіподақтардың жұмысшыларды сот арқылы заңсыз деп танылған ереуілді жалғастыруға шақыруына тыйым салуды қарастырады.

«Өзенмұнайгаз» компаниясы жұмысшылары ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
«Өзенмұнайгаз» компаниясы жұмысшылары ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Сот тыйым салған ереуілге шыққандарды жазалау шарасы жуырда ел президентінің қол қоюына өткізілген жаңа қылмыстық кодекс жобасында да бекітілген. Қазақстан белсенділері президенттен ол құжатқа да қол қоймауды сұрайды.

Жаңа қылмыстық кодексте сот заңсыз деп таныған ереуілді жалғастыруға арандатқан әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған бірнеше бап бар. Мысалы, «ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу» немесе «сот заңсыз деп таныған ереуілді жалғастыруға арандатқаны» үшін жұмысшылар мен олардың жетекшілеріне айыппұл салудан бастап, үш жылға дейін соттау жазасы белгіленген.

«НҰР-КӘСІПОДАҚ»

Жезқазған қаласында тұратын азаматтық белсенді және қазір жабылып қалған «Молодежная газета» басылымының редакторы Берік Жағыпаровтың айтуынша, Қарағанды облысындағы үш кәсіподақ ұйымының біреуін ғана тәуелсіз деуге болады. Бірақ еңбек дауы кезінде «Қазақмыс» компаниясы жұмысшыларының мүддесін қорғауға ол да қауқарсыз. Шахтада 10 жыл істеген Берік Жағыпаров «жұмысшылардың жағдайын жақсы білемін» дейді.

Оның айтуынша, бір ай бұрын «Қазақмыс» компаниясына қарасты кәсіпорын жұмысшылары жоспарлы қысқарту кезінде өз құқықтарын қорғау үшін үш қоғамдық комитет құрған. Жұмысшылар «қазіргі кәсіподақтар мүддемізді қорғамайды» деп мәлімдеген.

Берік Жағыпаров Азаттық тілшісіне «Бірақ ондаған адам бірігіп құрған әлгі қоғамдық комитеттердің заңдық күші жоқ. Оларды кез-келген сәтте таратып жіберуі мүмкін. Алайда «Қазақмыс» компаниясында жуырда қысқарту болатынын білетін жұмысшылар күш біріктірмесе, өздерін бір-бірлеп жұмыстан шығаратынын түсінеді. Енді олар осы комитеттер арқылы мүддемізді қорғай аламыз деп үміттенеді» дейді. Ол Қазақстан парламенті мақұлдаған «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасы қабылданса, жұртты топырлатып, қуып кіргізетін, мән-мағынадан жұрдай «нұркәсіподақтар» құрылады» дейді.

Ал мына заң жобасы жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы проблеманы шешудің орнына, жылы жауып қоймақ.

Белсендінің пікірінше, бұрыннан келе жатқан еңбек дауларын одан әрі ушықтара түспесе, жаңа заңнан қайыр болмайды. Ол «заңсыз ереуілге шыққандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту сияқты жаңа қылмыстық кодексте қарастырылған жазалау шаралары жұмысшыларды тоқтата алмайды» деп санайды.

Жағыпаров: «Жұртты бұл тоқтата аламайды. Мейлі, әлгі заң 10 адамды үркітсін, бірақ олардың қарасы мыңға жетсе, оларды ешқандай заңмен қорқыта алмайсың. Олар бақылаудан шығып кетеді. Ал мына заң жобасы жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы проблеманы шешудің орнына, жылы жауып қоймақ» дейді.

«ВЕРТИКАЛЬ БАҒЫНЫШТЫЛЫҚ»

Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының вице-президенті Сергей Белкиннің пікірінше, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Кәсіподақтар туралы» заң жобасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді.

Оның пікірінше, енді жұмысшылардың бірлестік құру құқығы бұзылып, «вертикаль бағыныштылыққа өтетін кәсіподақтар министрлігі» құрылады.

Сергей Белкин: «Әлгі заң жобасына сәйкес, кәсіподақтар енді вертикаль бағыныштылық жүйесі бойынша құрылады. Тәуелсіз, еркін кәсіподақ деген мүлде болмайды» дейді.

Жаңа заң авторлары «вертикаль бағыныштылықты» сөкет көрмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай модель «ұлттық, салалық және аймақтық деңгейде қабылданған шешімдерді төменгі сатыға дейін жеткізіп, орындалуын, әрі қызметкерлердің кәсіподақ органдары басшылығы және олардың бірлестіктерімен кері байланыс орнатуын қамтамасыз етеді» деп санайды.

Метро жұмысшыларының ереуілі. Алматы, метроның "Алмалы" станциясы, 10 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Метро жұмысшыларының ереуілі. Алматы, метроның "Алмалы" станциясы, 10 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал Сергей Белкин: «Бұрынғы еркіндіктен түк қалмайды, кәсіподақ енді жоғарыдан түскен нұсқауды ғана орындап отырады. Кәсіподақ салалық кәсіподаққа, ал ол республикалық кәсіптік бірлестік құрамына өтуі тиіс. Ал мұны орындаудан бас тартып, жарғысына өзгеріс енгізбеген кәсіподақтар жабылады» дейді.

Бірақ белсенділердің ең үлкен қаупі - еңбек дауы кезіндегі кәсіподақ жетекшілерінің әрекеттері жағдайды ушықтыру ретінде танылып, сотталып кету мүмкіндігі. Белсенділердің айтуынша, нақты қандай әрекеттер «ереуілді жалғастыруға арандату» болып саналатыны заң жобасында көрсетілмеген.

Сергей Белкинның айтуынша, заң жобасында кәсіподақтың жауапкершілігі мен оны жазалау түрлері барынша айқын көрсетілген, ал жұмыс берушілерге «мүлдем тиіспеген». Белсендінің пікірінше, еңбек дауын көбінесе дәл осы жұмыс берушілердің әрекеті немесе әрекетсіздігі ушықтырады.

Ол: «Егер кәсіподақтарға таңдау еркі берілмей, жоғарыға бағынышты етіп қойса, еңбек қатынастары ушығады. Өйткені жұрт мүддемізді қорғайды деп үміттенген кәсіподаққа сенбейтін болады. Міне, сол кезде жағдай шынымен де ушығып, наразы жұртты саяси ұйымдардың біреуі бастап әкетуі мүмкін» дейді.

Тәуелсіз кәсіподақ белсенділерінің заң жобасына өзгерістер енгізуге тырысқанынан ештеңе шықпаған. Олар «бізге заң жобасымен жұмыс істеуге ол парламент мәжілісінің жұмыс тобында қарала бастағанда ғана рұқсат берілді» дейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG