Accessibility links

Торғай даласында малшылар 16 жыл жарықсыз отыр


Қостанай облысы Амангелді ауылы іргесіндегі электр бағаны. Маусым, 2015 жыл.
Қостанай облысы Амангелді ауылы іргесіндегі электр бағаны. Маусым, 2015 жыл.

Қостанай облысы Амангелді ауданындағы шағын шаруа қожалықтарының иелері 16 жылдан бері электр жарығына зәру. Малшылар тұрмыста керосин шам мен газ пешті қолданады. Ал ұялы телефонды қуаттандыру үшін аудан орталығына барады.

БЕС ШАҚЫРЫМ ЖӘНЕ 3,5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Қазақстанның солтүстігіндегі Торғайдың ен даласының бір қиырын жайлаған «Мирас» шаруа қожалығы иесі Қарқымбай Дагманов мал шаруашылығымен айналысады. Фермер аудан орталығы – Амангелді ауылынан бес километр жерде орналасқан шағын үйіне электр қуатын тартып беруді жергілікті биліктен 1999 жылдан бері сұрап келе жатқанын айтады.

– Көп ұзамай қыс түседі, мұнда біреу қалып, шаруашылықты қарауы тиіс. Күні-түні керосин шамның жарығымен қалай отырады, - деп уайымдайды ол.

Дагмановтың шағын қожалығында жұмыс істейтін бес адамның бірі – жалдамалы жұмысшы, қалғаны – фермердің өзі мен бала-шағасы. Тамақты газ пеште әзірлеп, қараңғы түсе керосин шам жағады. Тоңазытқыш пен теледидар жоқ.

«Мирас» шаруа қожалығы иесі Қарқымбай Дагманов. Қостанай облысы, маусым, 2015 жыл.
«Мирас» шаруа қожалығы иесі Қарқымбай Дагманов. Қостанай облысы, маусым, 2015 жыл.

– Ұялы телефонды қуаттандыру үшін аудан орталығы – Амангелді ауылына барамыз. Ол жақта үйім бар. Осылай екі ортада сабылып жүреміз. Ал мұнда «движок» деген аппарат бар, аса қажет болып қалса, соны қосамыз, телефонды қуаттандырып аламыз. Бірақ Қытайда шыққан «движок» бензинмен жұмыс істейді, оны-мұны көп қоссаң, қымбатқа түседі, - дейді Қарқымбай Дагманов.

Фермер «жергілікті және облыс әкіміне талай жолығып, жағдайымды айттым, бірақ электр жарығын сол күйі тартып бермеді» деп кейіс білдірді.

– Олар «келеміз, қараймыз, сметасын жасаймыз» деп уәде бергенді ғана біледі. Мемлекеттік сараптамадан өтпегені болмаса, сметасын өзіміз жасап қойдық. Біздің округта мына біз және «Ұлан», «Бекбұлақ» сияқты сегіз шаруа қожалығы бар. Арамыз 70 метр, 500 метр әрі бірімізде де жарық жоқ, - дейді Қарқымбай Дагманов.

Оның айтуынша, үш шаруа қожалығының жанында совет заманынан қалған электр бағандары бар. Ал өзге бес шаруашылықтың маңайында Торғайдың түз даласынан басқа ештеңе жоқ.

– Электр жарығын тарту үшін 55 баған, трансформатор керек. Бір трансформатор 600 мың теңге тұрады. Сметасын есептесек, сегіз шаруашылыққа электр жарығын тарту үшін үш жарым миллион теңге керек екен. Бізде ондай ақша жоқ, - дейді Қарқымбай Дагманов.

БАЛТАШ ТҰРСЫМБАЕВТЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

Совет заманында Торғай даласында ауыл шаруашылығын өнеркәсіптік негізде дамытуға арналған тәп-тәуір инфрақұрылым болған. Бірақ Совет одағы күйрегеннен кейін совхоздардың көбі тарап, ферма, бөлімшелері тоқырауға ұшырады. Шалғайдағы мал фермаларына кезінде тартылған электр желілерін жұрт тонап әкетті. Азаттықпен сөйлескен малшылар «енді көп нәрсені қайтадан қалпына келтіру керек» дейді.

Қостанай облысының бұрынғы әкімі әрі бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, ал қазір оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың Азаттыққа айтуынша, бұрын Амангелді ауданы қазір тарап кеткен Торғай облысына қараған. Қазір бұл аудан Қостанай облысы құрамына кіреді.

Саясаткер Балташ Тұрсымбаев.
Саясаткер Балташ Тұрсымбаев.

Балташ Тұрсымбаев бұл аудан баяғы заманнан қой, жылқы және сиыр етін көп өндіретін аудан екенін айтады.

– Тіпті 2-3 үй отырса да, кез келген шаруа қожалығына электр жарығы керек. Мысалы, Еуропа елдерін немесе Канаданы алайықшы. Айналдырған 4-5 үй, бірақ бүкіл жағдай жасалған. Электр жарығы, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі бар, тек канализациясы ғана жергілікті. Ел игілігіне еңбек етіп, ет өндіріп жатқан адамдарды қазір жарықсыз қалдыру – нағыз сорақылық, - дейді Балташ Тұрсымбаев.

Ол «совет заманында электр жарығы бүкіл ауданда болған, оны шағын трансформаторлардың көмегімен тартқанбыз» дейді. Балташ Тұрсымбаевтың айтуынша, қазір Амангелді ауданында мал шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай бар – жайылым да, өзен де жеткілікті, тек адамдарға жағдай жасалмаған.

Балташ Тұрсымбаев бүкіл Қазақстанда мұндай проблеманы шешу үшін үкімет ұсақ шаруа қожалықтарының қаншасында электр жарығы жоғын анықтап, кейін тартып беруі тиіс деп санайды.

«СТРАТЕГИЯЛЫҚ ОБЪЕКТ ЕМЕС»

Жергілікті әкімдік Азаттыққа қазір жоғарыда аталған шаруа қожалықтарына электр жарығын тарту ісімен айналысып жатқанын хабарлады.

– Көп ұзамай оларға жарық қосылады, - дейді Қостанай облысы Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Талғат Кәрібозов.

Біздің ауданда 380 шаруа қожалығы бар, олардың бас-басына электр жарығын тартып бере алмаймыз ғой. Бұл шаруашылықтар – стратегиялық нысан емес.

«Ұсақ мал шаруашылықтарында неліктен әлі күнге электр жарығы жоқ?» деген сауалға «оған аудан орталығынан шалғайда жатуы себеп» деп жауап берді шенеунік.

– Біздің ауданда 380 шаруа қожалығы бар, олардың бас-басына электр жарығын тартып бере алмаймыз ғой. Бұл шаруашылықтар – стратегиялық нысан емес. Электр желісін жүргізуге бюджеттен көп ақша бөлу керек, ал ондай қарастырылмаған. Бұл шаруа – кәсіпкерлердің, қожалық иелерінің өз проблемасы, ешқандай бағдарламаға жатпайды, - дейді Талғат Кәрібозов.

Амангелді ауданы әкімі орынбасарының айтуынша, әлгі қожалықтарға электр қуаты бір ай ішінде тартылуы мүмкін, қазір дайындық жұмыстары басталған. Ол «бұған ақша таптық» дейді.

«Мирас» шаруа қожалығы бұл жайында ештеңе білмейді. Фермер Қарқымбай Дагмановтың сөзінше, оған әзірше ешкім келмеген және ештеңе орнатпаған. Ол күні бүгінге дейін жергілікті биліктен «жуық арада электр жарығын қосамыз» деген қуанышты хабар алмағанын айтады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG