Accessibility links

Нұртуған Бөтен мен Ертуғанды қалай татуластырды?


Сергей Елкин салған карикатура.
Сергей Елкин салған карикатура.

Ертуған мен Нұртуған туыс еді, бірақ ол Нұртуғанды аса менсініңкіремей, «біртүрлі жүрегі жұмсақ па, ана бір Бөтеннің жанында жарамсақтанады да жүреді» деп жақтырмайтын, кейде оның қылпылдаған сақтығын мазақтап, «кісі мұрнын қаната алмайтын гуманист» деп кеңкілдейтін.

Бірақ Бөтен есіне түсіп кеткенде шықшыты бұлтылдап, тістене қалатынын қоя алмады. Кейде сол озбыр неме өзінен де күшті көрініп, алапасы артып бара жатқандай мазасы қашады. Әй, бірақ іштей разы еді. Ер деп соны айт. Көршісінің - тіпті сол көршісі туысы еді ғой – жерін тартып алды, жөліктерін жіберіп, ойран шығарды. «Елі-жұртын ту-талақай етем!» деп қалшылдағанда маңайындағылар кесірткеше мелшиіп, сілтіндей тынады екен. Тіпті бір долданғанында жайына кетіп бара жатқан бір топ дәрігердің ұшағын күл-парша қылды. Ертуған осыны ойласа іші күйеді. Оның жанынан қалмайтын біртуғаны есіне түсіп кетсе, тіпті қалжырап, үстеліндегі кесе-қасықты ысырып жіберіп, еңкейе қалшиып қалатынды шығарды.

Сөйтіп жүргенде мұның дәл іргесінен өзінен асып түскен Башар деген баһадүр пайда болмасы бар ма! Шешек! Мұнан да зор шығып барады, әншейін! Бейбіт жұртқа зарин деген у шашып, әйел-бала демей қырып салды, тіпті кеспірінен кісі шошитын сақалды терроршылардың өзін бір-бірімен соғыстырып қойыпты. Міне, ердің ері, батырдың сойы! Тынысы тарылып, зығырданы тасып барады! «Бөтен онымен ежеттес, сыйлас болайық деп, төс қағыстырыпты, көмекші етіп жендеттерін жіберіпті» дегенді естігенде төбесінен аздап түтін шыққандай да болған.

Алексей Кустовский салған карикатура.
Алексей Кустовский салған карикатура.

Ертуған Бөтендікінен де үлкен етіп салған сарайында «21-ықылым басталғалы қарсы келген жұртты қан-қақсатқан, нағыз ерен-алпамыс екеу едік (Бөтен мен өзі), енді үшеу болдық па, ана екеуі бірікті-ее-е-ее» деп, терезенің алдында ернін тістелеп тұр еді өзінің Таксим алаңына жиылған жұртты қалай қойша қайырғанын, бірнеше адамның қысымына шыдамай жан тапсырғаны есіне түсіп, ана екеуіне төтеп беретін дәті мен тегеуріні бар екені көңілін жұбатқандай болды. Осы кезде көз алдына солаң етіп, қоқиған туысы елестей кеткені. Жалма-жан уәзірін шақырып:

- Әй, мына екеуі бірігіп жатқанын білесің, ана Нұртуған қасымда тұруға жарай ма, жүрегі жарылып кетпей ме? – деді.

Уәзірі бұл ойлағаннан сенімді әрі салмақты сөйледі.

- Майданда бірге тұрып қалуға жарамаса да, ортада сөз тасуға жүрегі шыдайды, оның да біршабары бар, тақсыр. Баяғыда Ескібұлақ деген жерде өз жұртына оқ жаудырып...

Терезеге тесіліп тұрған Ертуған жалт бұрылды. Жүзінде көмескі үміт бар.

- Оны мен қалай естімегем...

- Сіз, тақсыр, жұрт Таксимге жиылып... алақаныңызды...

Ертуған саусақтарын ашып-жұмып, қолын алға созыңқыраған күйі столына беттеді. Патшасының қылпын білетін уәзір оның күрт шешімге келгенін сезді. «Бөтен кеп іргемде билей бастады, табаны күйіп түсетіндей жасаңдар» деп уәзірге бір жапырақ қағаз ұстатты.

Сергей Ёлкин салған карикатура.
Сергей Ёлкин салған карикатура.

Ереңінде-ақ дүние азан-қазан болды. Іргесінде озандаған Бөтеннің ұшағын Ертуған атып түсіріпті дегенді Нұртуған да естіді. Қолы дірілдеп, шай ішіп отырған кесесін түсіріп алған. Ылғиғы әдеті - іші қалтырап барып, тез бекиді.

Бөтен кіжінді, Ертуған сызданды. Ақыры Бөтен Ертуғанның іргесінен шапқыншыларының жартысын алып кетті. Бөтеннің айтағымен жат жерде өлген ұлдарының сүйегін құшақтап кәрі аналар боздады. Шекаралар жабылып, екі жақтағы бейбіт бұқара бір-бірімен қатынаспай қалды.

Ертуған көршілерінің өмірін ала-тайдай бүлдіріп, жер тартып алу деген кісәпір ойын шығарып бүкіл әлемді үрпитін тастаған Бөтеннің аптығын басқанына масаттанғаны сонша, «жер астынан жік шықса да тоқтататын - мен» деп сыбырлап отыратын болды.

Алайда кезек Нұртуғанға келген. Ертуған үшін емес, өзі үшін - кейінгі алған «тұңғыш һәм мәңгілік әм мызғымас майталман» деген атағын нендей алапат дауыл тұрса да қорғап қалуы керек еді. Бөтен не Ертуғанға «жаусың ба, елсің бе?» деген сұрақты төтесінен қойдыруға болмайды. Осы сұрақтан ешкімге ұстатпай қашып келе жатқанына ширек ғасыр болған. Сөйтіп ол екі жоянның тастай қабағын жібітетін сөз, жымиюға да икемі келмей қалған беттерін жыбырлататын тәсіл іздеу үшін құла-медиенге үй тіктіріп, жапанға жалғыз оңашаланып жатқанына 7-8 айдың жүзі болған еді. Таң құланиектене тұрып, ашқарын ойланады. Көмекшілері ызыңы шықпау үшін шыбын-шіркей атаулыны қамап, көнбегенін қырып жіберген еді. Нұртуған ақыры тапты-ей!

Ертеңінде бүкіл жұрт Нұртуғанның Ертуған мен Бөтенді татуластырғанын, Ертуғанның өлген ұшқыштың отбасына көңіл айтып хат жазғанын, бір хатпен-ақ әлем тітіреп отырған Бөтенмен достасқанына қуанғаннан Нұртуғанды сарайына қонаққа шақырып жібергенін азан-қазан хабарлап жатты.

Мұны естіген үш тараптың жұрты да қайран, әлемдегі мұқым адам баласы да айран-асыр. Оларды қызықтырып бара жатқан бір ғана сауал: «Кісі ақылы қонбаған ана екеуіне Нұртуған не айтты екен?». Сіз қалай ойлайсыз оқырман?

Ал Нұртуған «авторитеттер» сапында тұрған өзінің бітімгер бейнесін елестетіп рахатқа бөленіп отыр.

XS
SM
MD
LG