Accessibility links

Картограф келіншек жеті жылдан бері жұмыс іздеп жүр


Алматы тұрғыны Майя Ахметова. 18 қыркүйек 2016 жыл.
Алматы тұрғыны Майя Ахметова. 18 қыркүйек 2016 жыл.

Алматы қаласының тұрғыны Майя Ахметова жеті жылдан бері геодезист-картограф мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Оның пікірінше, бұл жағдайға әйелдерді кемсітушілік себеп.

37 жастағы алматылық тұрғын Майя Ахметова Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетін бітіріп, «геодезия және картография» мамандығын алған. Оқуын бітірген соң тұрмысқа шығып, Санжар, Маржан және Сержан есімді үш баланы дүниеге әкелген ана қазір оларды жалғыз асырап отыр. Үлкен ұлы 7-сыныпта, қызы 5-сыныпта, ал кішісі 3-сыныпта оқиды.

Кейін жиі сұрана береді деп ойлайтын шығар, жұмыс берушілердің көбі «балаларыңыз бар екен» деп қашқақтайды. Кейбіреуіне жасым ұнамайды, бәрі жұмысқа жастарды алғысы келеді.

- Жеті жылдан бері мамандығым бойынша жөні түзу жұмысқа тұра алмай жүрмін. Талай мекемеге резюмемді жолдап көрдім. Кейін жиі сұрана береді деп ойлайтын шығар, жұмыс берушілердің көбі «балаларыңыз бар екен» деп қашқақтайды. Кейбіреуіне жасым ұнамайды, бәрі жұмысқа жастарды алғысы келеді, - дейді Майя Ахметова .

Майя Ахметова әйелдердің көбі жұмысқа таныстары арқылы орналасады дейді. Ал ол резюмесін электрондық пошта арқылы жолдайды, бірақ оған ешкім жауап жазбайды.

- Жұмыс беруші хатыңды оқыды ма, жоқ па - білмей дал боласың. Сұхбатқа барсаң, «өзіміз хабарламасыз» деп шығарып салады да, сол күйі жоғалады, - дейді қынжылады ол.

Майя қаладағы жұмыспен қамту агенттіктерінің бәрін аралап шыққанын айтады. Апта сайын «Ищу работу», «Вакансия» газеттерін сатып алады, бірақ әзірше нәтиже жоқ.

Жұмыссыз әйел «үй қызметшісі, күтуші сияқты жұмыстар кездеседі, бірақ қожайын белгілейтін жұмыс уақыты қолайсыз, кей жерде кешкі сағат 10-ға дейін жұмыс істеп, ал кей жерде демалыс күндері де шығуың керек» дейді. Жоғары білімі бар әйел көше сыпырып немесе сұлулық салондарында маникюр жасағысы келмейді.

«ТУЫСТАРЫМ ҚАРАЙЛАСАДЫ»

Шарасыздыққа тап болған әйелге туыстары көмектеседі - шешесі етпен қамтамасыз етіп, қайнатқан тосабы мен тұздаған көкөнісін береді, бауыры ақша беріп тұрады, ал әпкесі балаларға киім-кешек сатып әпереді.

Азаттықпен әңгімелескен келіншек мамандығына сұраныс аз екенін түсінеді, ол "әйелдерді жас кезінде ғана жұмысқа тезірек алады" дейді. Үш баланың анасы бюрократиялық жүйемен күресуден шаршаған. Оның айтуынша, жұмыс берушілер жұмысқа көбінесе ер адамдарды қабылдайды.

- Менің мамандығыммен жұмысқа тұру қиын екенін байқадым. Мен сияқты жұмыссыз жүрген құрбыларым, көрші, таныстарым көп. Қазір барлық жерде жұмыс орындары қысқарып жатыр, әрі көбінесе әйелдерді қысқартады, - дейді Майя Ахметова.

Алматы базары. 16 қазақ 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы базары. 16 қазақ 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жұмыссыз әйел әке-шешесінен қалған пәтерде тұрады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін шешесі екі бөлмелі пәтерін қызына беріп, өзі ұлының қолына кеткен. Майя коммуналдық қызмет ақысын айлап төлей алмайтынын айтады.

- Қазақстанда әйелдерді ылғи кемсітеді, гендерлік теңдік жоқ. Зауыт, фабрикалар жабылып, жұрттың бәрі саудаға кетіп жатыр, ал ол жерде бәсекелестік қиын. Өз бизнесімді ашып көрейін деп ойладым да, қорықтым. Банктен несие алып, саудаға шыққан таныстарымның көбі қазір қарызын қайтара алмай жүр, - дейді ол.

Майя Ахметова кәсіби біліктілігін жоғалтып, «қарайып» бара жатқанын мойындайды.

- Жұмыссыз ұзақ жүріп қалсаң, компьютерде жұмыс істеуді ұмытып, тіпті ойыңды сауатты жеткізе алмай қалады екенсің, адамда әлдебір жасқаншақтық пайда болады екен. Егер бұлай бола берсе, еден жуып, базарда көкөніс сатуға шығуға тура келеді. Оның үстіне жасарып келе жатқан жоқсың, жылдан жылға денсаулық та сыр бере бастайды ғой, - дейді ол.

Жұмыссыз әйел «балаларымды асырауға шамам келер, бірақ бала-шағамды асырайтын сүйікті мамандығым бойынша жұмыс табудан үмітім үзілді» дейді.

Алматыда геодезиялық жұмыстармен айналысатын 80-ге жуық мекеме бар. Геодезист-картограф маман инженерлік нысандарды жобалауға арналған ауқымды жоспарларды құрастырады, геодезистер жердің топографиялық кескінін түсіреді.

Rabota.Nur.kz порталының дерегінше, Қазақстанда көлік жүргізушісі, кассир, бухгалтер, заңгер және офис-менеджерлер ғана емес, геодезистер мен картографтарға да сұраныс көп. Жұмыссыз әйелдер «Жол картасы» аясында ашылып жатқан қысқа мерзімді әрі тегін курстарда аспаз немесе шаштараз сияқты жаңа мамандықты оқып алуына болады. Алматы қаласындағы 12 кәсіптік лицейде осындай курстар бар, курсқа жолдаманы аудандық жұмыспен қамту және еңбек биржасы орындары береді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG