Accessibility links

Белсенді ҰБТ нәтижесін күнбе-күн жариялауды ұсынады


ҰБТ тапсыруға келген түлектер. Алматы, 20 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
ҰБТ тапсыруға келген түлектер. Алматы, 20 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда биыл 14-мәрте өткен ҰБТ-дан кейін қорытынды тізімнен дау туып, білім және ғылым министрлігі түлектерге бөлінген ЖОО гранттарының екінші мәрте жаңа тізімін жасауға мәжбүр болды. Азаттыққа сұқбат берген «Ұрпақ тағдыры – білім» қоғамдық қорының төрағасы Ерсайын Ерғожа «бұл министрліктің біліксіздігін көрсетеді» дейді.

Азаттық: - Ерсайын мырза, Қазақстанда биыл 14-мәрте өтіп жатқан ҰБТ-ның ұйымдастырылу барысы неге даудан арылмай келеді?

ҰБТ дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:16 0:00

Ерсайын Ерғожа: - 14 емес, 25-мәрте өтіп отыр тест. Олай дейтінім, 2004 жылы – «Ұлттық бірыңғай тест» басталды, ал жалпы түлектердің тесті 1993 жылдан бері өтіп келеді. Мұның басты мақсаты – түлектер бір күннің ішінде төрт пәннен сынақ тапсырып, қалаған мамандығына түскен-түспегенін біліп алу үшін құрылған болатын. Бірақ сол мақсат бүгінге дейін орындалмай келе жатыр. Ал енді бұл жолы екінші рет тізім жасау – білім министрлігінде отырған жауапты мамандардың ешқандай білімінің жоқ екенін көрсетіп отыр. Мұндай Қазақстан тарихында 25 жыл ішінде болған емес. Егер ата-аналар кеше білім министрлігіне барып, наразылық білдірмесе, бір жарым мың бала балды жинап отырып, оқуға түсе алмай қалған болар еді. Сондықтан балаларының құқықтарын қорғап қалған ата-анаға рақмет айтуымыз керек. Бұдан кейін де министрдің көпшілік алдына шығып, түсініктеме беріп, қателікті мойындамай отырғанының өзі оларда ешқандай намыстың болмағанын көрсетеді. Осы күнге дейін даудан арылмай келе жатқаны да, білім саласының басында сол саланың маманы отырмағандықтан.

Грант тізіміне наразы адамдар білім және ғылым министрлігі ғимаратынан шығып келеді. Астана, 12 тамыз 2017 жыл.
Грант тізіміне наразы адамдар білім және ғылым министрлігі ғимаратынан шығып келеді. Астана, 12 тамыз 2017 жыл.

Азаттық: - Бұл мәселенің шешу жолы сіздіңше қандай болу керек?

Ерсайын Ерғожа: - Бұл туралы айтып жатқанымызға аз болған жоқ. Шешудің жолы оңай. Біріншіден, бала ҰБТ тапсырған күні-ақ оқуға түскен-түспегенін көрсететін программа жасауға толық мүмкіндік бар. Мысалға миллиондаған адам дауыс беретін сайлаудың қорытындысын шетелде бір-ақ күнде шығарады ғой. Ал біздегі 120 мың түлектің, кей жылдары 150 мың түлектің тест қорытындысын 154 тест орталығы шығара алмайды дегенге кім сенеді? Шығаруға болады, бірақ ол ешкімге керек емес. Себебі маусымның 15-і оқушылар тест тапсырып, тамыздың 11-іне дейін күткен екі айға жуық уақытта министрлік өз білгенін істеп алады. Екіншіден, тест сұрақтары алдын ала газеттерде жариялануы тиіс. Ол ешқандай да құпия емес. Тест сұрақтарының барлығы мектеп бағдарламасынан алынуы тиіс. Балалар мен оқушылар сол сұрақтармен таныс болуы керек. Егер қате сұрақтар, я мектеп бағдарламасында кездеспеген сұрақтар болса, оны алдын ала түзеуге мүмкіндік болар еді.

Азаттық: - Әу баста түлектердің білім сапасын арттырып, білім саласындағы коррупцияға тоқтау болады деген ҰБТ қойған мақсаттарына жете алды ма?

Ерсайын Ерғожа: - Бұрын сыбайлас жемқорлық университет пен институттар деңгейінде болып келсе, ҰБТ оны министрлік деңгейіне көтерді. Бұрын министрлік тілектерін айтып, университеттерге өз адамдарын қоятұғын. Ал енді қазір барлық билік білім министрлігінде. Білім министрлігі бес жемқор мекеменің қатарында болса, қазір екінші, үшінші орында тұрса, таң қалмаймын. Ал ондай салада қандай білім болады? Егер жылына шамамен 200 мыңға жуық бала бітіреді десек, осы күнге дейін біз 5 миллион баланы сапалы білімсіз қалдырдық. Егер қазір бірен-саран жақсы оқушы шығып жатса, ол ата-ана мен мектептегі жекелеген мұғалімдердің еңбегі. Оған министрліктің еш қатысы жоқ.

Азаттық: - Кейбір статистикалық мәлімет бойынша соңғы жылдары әрбір үшінші түлек ҰБТ-леуге қатыспайды екен. Оның себебі неде, қалай ойлайсыз?

Ерсайын Ерғожа: - Себеп біреу-ақ, өйткені кез келген мектептің жұмысы осы тестілеудің қорытындысы бойынша бағаланады. Ал бұл – барып тұрған қиянат, қастандық. Соның нәтижесінде мектептің директорлары 9-сыныпты бітірген балаларды мүмкіндігінше тестіге жібермеуге тырысады. Оқушылардың шамамен 33 пайызы тестке жіберілмейді. Сөйтіп баланың құқықтары шектеледі.

Қазақстан мектептерінің бірінде сабақ айтып жатқан оқушы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан мектептерінің бірінде сабақ айтып жатқан оқушы. (Көрнекі сурет)

Азаттық: - Түлектердің ЖОО-ға түсу кезіндегі сынақта қандай өзгерістер қажет, ҰБТ-ге қандай балама ұсынуға болады?

Ерсайын Ерғожа: - Сынақ керек, бірақ бір жаманы – білім министрлігінде тұрақты бір ереже жоқ. Мәселен, түлек университетке түскенде 4-5 жыл оқып шығады. Сол аралықта кішігірім өзгерістер енгізу қажет-ақ, дегенмен күрделі өзгеріс жасаған дұрыс емес. Ал бізде жыл сайын өзгеріс еніп жатады, факультетті жауып тастайды, университетті қысқартады, басшылықты ауыстырады. Сөйтеді де шу шығады. Сондықтан жүйелі, тұрақты ереже болу керек. Әр келген басшы әйтеуір өзгеріс енгізгісі келеді, дұрыс па, дұрыс емес пе, қалыптысқан жүйеге үйлесе ме, жоқ па - онда ешкімнің шаруасы жоқ.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG