Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ауыспалы мүшесі болып сайланып, қаңтар айында кеңеске төраға міндетін атқарып жатыр. Ақпарат құралдары көбіне Назарбаевтың Трамппен кездесуіне мән беріп, басқа жайттар назардан тыс қалды. Азаттық радиосының тілшісі Назарбаевтың сапарына орай Вашингтонға барған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Кролмен сұхбаттасты.
Азаттық: Президент Назарбаевтың президент Трамппен кездескенін білеміз. Қазақстан басшысының АҚШ сапарында тағы кімдермен тілдескенін айтып бере аласыз ба?
Джордж Крол: Президент Назарбаев Нью-Йоркке жол жүрердің алдында (18 қаңтар-ред) вице-президент Нэнси Пенспен кездесті. Жоспарынан өзіңіз байқаған болсаңыз, Қазақстан қаңтарда бойы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне басшылық жасайтынын білеміз. Сондықтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына төрағалық етуге кетіп ұшып кетті. Ал Вашингтонда ең басты оқиға президент Трамппен кездесуі болды. Сол кездесуден соң ол энергетика министрі Рик Перримен әңгімелесті. Одан соң президент АҚШ Сауда палатасының дөңгелек үстелінде сөз сөйледі. Сол отырыста Қазақстанда жұмыс істеп жатқан және жұмыс істеуге ниеттеніп жүрген көп компанияның басшылары болды. Назарбаев "Блэр Хаус" резиденциясында компания басшыларымен жеке кездесу өткізуі де мүмкін.
Азаттық: Бұл сапарында Назарбаев АҚШ-тың ресми тұлғаларымен алғаш рет кездеуі мүмкін. Ал сіз Қазақстандасыз, президентті жиі көріп тұрасыз. Сіздің ойыңызша, Қазақстан президентінің АҚШ-пен қарым-қатынасқа көзқарасы қандай?
Джордж Крол: Президент АҚШ-пен байланысты өте позитивті сипаттайды. Солтүстіктегі және шығыстағы ірі көршілерімен және шалғайда жатқан АҚШ-пен стратегиялық әріптестік орнатуды көздейтін көпвекторлы сыртқы саясат тұрғысынан қарастырады. Назарбаев кездесулерде АҚШ-тың Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін қолдауы өте маңызды деп жиі айтады. Ол 90-жылдардың басынан бері екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Сол кезде Chevron, Exxon және Mobil сияқты АҚШ-тың ірі компаниялары Теңіз кенішін игеру үшін алғашқы келісім-шарттарға қол қойған. Одан кейін Қазақстанның мұнайды сату арқылы экономикасын трансформациялауға мүмкіндік берген Қашаған жобасы, құбыр құрылысы жобаларын қолға алды.
Сондықтан ол Америкамен арадағы экономикалық және саяси байланыстарды жоғары бағалайды және АҚШ-тың Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел екенін еске алып отырады. 25 жыл ішінде қарым-қатынас дами түсті. Президент Назарбаев үлкен Джордж Буштан бастап АҚШ президенттерінің барлығымен кездесіп келеді. Назарбаев пен Трамп бұған дейін де телефонмен сөйлесіп, былтыр Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында аз-маз тілдескен. Ал бұл сапар АҚШ-тың жаңа басшылығымен, жаңа әкімшілікпен жақын байланыс орнатудың тағы бір мүмкіндігі болды.
Азаттық: АҚШ-Қазақстан қарым-қатынасының артықшылықтары қандай?
Джордж Крол: Осы сапарға дайындық кезінде нақтыланған әрі АҚШ пен Қазақстанның бірлескен мәлімдемесінде айтылған басымдылық - 21 ғасырдағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту. Бұл үшін біз президенттен бастап, министрліктерге дейін ең жоғары басшылық деңгейінде байланыс орнатып, аймақтық мәселелерді шешуге және оларды талқылауға күш салуымыз керек. Мәселелердің арасында біздің президенттің (Трамп-ред) Оңтүстік Азиядағы стратегиясының негізгі бөлігі Ауғанстан тақырыбы да бар. Себебі қазір әлем өзгеріп жатыр және біз экстремизммен бетпе-бет келіп отырмыз. Одан соң Солтүстік Кореяның ядролық қару мәселесі бар. Қазір АҚШ та, Қазақстан да Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болғандықтан, біршама мәселелер бойынша қарым-қатынас жаңаша трансформацияланды әрі біздің үкіметтердің арасындағы өзара байланыс та жаңа деңгейге көтерілді.
Сонымен бірге біз дәстүрлі секторлардан басқа мәселелер бойынша да аралас-құраластықты арттыруымыз керек. Бұрын біз көмірсутегі саласын айтып келсек, енді басқа салаларды қамту қажет. Қазақстанның мақсаты - шикізат өндіруші елден өнім мен қызмет түрлерін өндіруші елге айналу, экономиканы трансформациялап, әртараптандыру. Осы ретте АҚШ-пен де қарым-қатынасты әртараптандырғысы келеді. Сол арқылы Америка бизнесі мен инвестициясын энергетикадан басқа салаларға да тартуды қалайды. Осы кездесуде екі елдің үкіметтері де осыған баса мән берді. АҚШ-тың "Шетелде жеке инвестиция салу корпорациясы" (OPIC) деп аталатын үкіметтік мекемесі мен Қазақстан арасында келісім-шартқа қол қойылды. OPIC тек инвестицияны сақтандырып қана қоймай, Қазақстанда бизнес ашып, оны дамытқысы келетін америкалықтарға да инвестиция бөле алады. Сол арқылы Қазақстандағы бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Қазір Америкаға турист ретінде келгісі келетіндерге 10 жылға дейін виза береміз. Қазақстан өзіне келетін америкалықтарды визасыз кіргізу режимін енгізді. Бұған қоса көлік қатынасын дамыту жайы бар. Қазақстан АҚШ-қа тікелей әуе қатынасын ашуға қызығушылық танытып отырғанын білемін. Бұл жайтты әлі талқылау керек. Ашылып жатса, байланыс одан әрі нығаяры анық.
Одан кейін ағылшын тілін оқыту жайы бар. Ағылшын тілі – Американың төл өнімі емес. Бірақ АҚШ ағылшын тілінде сөйлейтін ең ірі мемлекет. Ал Қазақстан оқушылардың барлығына қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретуге талпынып жатыр. Осыған орай біз Қазақстанның Білім министрлігімен бірлесіп, біздің елшілік арқылы көп ресурс бөліп жатырмыз. Соңғы он жыл бойы мен Орталық Азия өңірінде жұмыс істеп келемін. Алдымен Мемлекеттік хатшының Орталық Азия бойынша көмекшісі, одан соң Өзбекстанда елші болдым. Кейін Қазақстанға келдім. Екі ел арасында ядролық қаруды таратпау, экспортты бақылау, шекара қорғанысын күшейту, заң үстемдігін арттыру, заңсыз есірткі тасымалымен күресте бірігіп жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса, Ирак пен Сирияда, осы өңірде белсенділік танытып жатқан содырларға және терроризмге қарсы күресте күш біріктіру мәселелері жақсы жолға қойылған.
Одан кейінгі мәселе – Ауғанстан. Америка әкімшілігі Ауғанстанға қатысты ұстанымын нығайтып жатыр. Қазір АҚШ ауған үкіметіне көмектесіп, "Талибанмен" арадағы жағдайды келіссөздер арқылы реттеуге мүдделі. Сонда ғана Ауғанстанда ұзақтан бері тоқтаусыз жүріп жатқан қантөгіс пен соғысты тоқтатып, экономикалық дамуға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге көңіл бөлуге болады. Қазақстан Орталық Азияның басқа елдері сияқты осы саладағы басты әріптес бола алады. Сондықтан Қазақстан мен Америка әкімшілігі өзара қарым-қатынаста осы мәселеге баса назар аударады.
Азаттық: Президент Назарбаев АҚШ пен Ресей арасының нашарлағаны туралы да айтты. Назарбаевтың сапары қарсаңында ол екі елдің арасында араағайын болуға ұсыныс білдіреді деген болжамдар болды. Түркия Ресей ұшағын атып құлатқанда екі ел арасын жақсартуға Назарбаев ат салысқан еді. Қазақстан президенті Вашингтон мен Мәскеу арасында араағайын болу ниетін айтты ма?
Джордж Крол: Әлемдегі шиеленістерді шешу мәселесі қарастырылды, сөз болды. Бұдан кейінгі мәселелердің жай-жапсарын айта алмаймын. Себебі ол туралы пікірталас пен оның детальдарын қазір жария етіп айтатын деңгейде емес. Тек білетінім, президент Назарбаев АҚШ пен Қазақстанның көршілерінің арасында тиімді қарым-қатынас болғанын қалайды. Назарбаевтың қалауына, көзқарасына құрметпен қараймыз.
Азаттық: Молдовалық бизнесменнің төңірегіндегі сот процесіне байланысты BNY Mellon Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттағаны белгілі. Назарбаевтың АҚШ-қа сапары кезінде бұл тақырып талқыланды ма? Қазақстан бұл мәселені екіжақты пікірталастың тақырыбы ретінде қарастырды ма?
Джордж Крол: Жоқ, себебі менің білуімше, [Қазақстан активтерін] New York Mellon банкінің Лондондағы бөлімшесі бұғаттаған. Меніңше, бұғаттау туралы шешімді британ соты шығарған. Осы іс бойынша Нидерландыда да осыған ұқсас жағдай болғанын оқыдым. Сондықтан бұл Америка Құрама Штаттарының үкіметі араласатын шаруа емес.
Видео: Назарбаев пен Трамптың кездесуі
Азаттық: Виктор Храпунов сияқты сыртта жүргендер мен диссиденттерді Қазақстан үкіметінің сотқа беру мәселесіне келсек. Мұны сұрап тұрған себебім, "Қазақгейт" соты кезінде Қазақстан тарабы "мұны екіжақты мәселе ретінде қарастырамыз" деген. Бірақ, АҚШ үкіметі "бұл Әділет департаментінің шаруасы" деген мазмұнда жауап берген. Назарбаев АҚШ-та бұл мәселені талқылады ма? Әлде бұл Әділет департаментінің ісі ме?
Джордж Крол: Бұл жайтқа байланысты біздің көзқарасымыз белгілі. Оны сөз ететіндей себептер болған жоқ.
Азаттық: Президент Назарбаев президент Трампты Қазақстанға шақырды. Биліктегі Америка президенті ешқашан Қазақстанға келген жоқ. Президент Трамп Қазақстанға келуі мүмкін бе?
Джордж Крол: Ондай мүмкіндік әр кез болады. Бұл АҚШ президентінің шешіміне байланысты. Оның шақырту алғанын білемін. Енді ол мұны салмақтап ойланатын шығар. Егер шешім қабылданып жатса Ақ үйдің бұл туралы мәлімдеме жасайтыны анық. Бірақ әзірге қазіргі президент Қазақстанға бару туралы шешім қабылдаған жоқ. Болашақта мұндай сапар бола ма, болмай ма оны біз тап басып айта алмаймыз. Бола қалған жағдайда бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін тарихи оқиға болар еді.
Азаттық: Елші мырза, қамтылмай қалған мәселелер бойынша тағы алып-қосарыңыз бар ма?
Джордж Крол: Екі елдің басшылары да кездесу кезінде өзара түсіністік болғанын, кең ауқымды тақырыптарды жеңіл талқылағандарын айтты. Меніңше, екі президент бір-біріне құрметпен қарайды және екі жақ та бетпе-бет келіп отырған әлемдегі сын-қатерлерге баса мән береді. Президенттер бір-бірін түсіну үшін, көзқарастарын ұғыну үшін бас қосып, біраз уақытын бірге өткізді. АҚШ вице-президенті Пенс Нұрсұлтан Назарбаевпен бұрын-соңды кездеспеген. Олар бірге ас ішіп, ұзақ пікір алмасқаннан кейін бір-бірінің сөзіне құлақ қойып, бір-бірін түсіне бастады. Дипломатияда және қарым-қатынаста бетпе-бет кездесіп, түрлі мәселелерді ортаға салып, көзқарастарын білу өте маңызды. Осы сұхбаттың басында атап өткендей, президент Назарбаев үлкен Джордж Буштан бергі АҚШ президенттерінің барлығымен кездескен. Демек, оның АҚШ-пен қарым-қатынаста 26 жылдық үлкен тәжірибесі бар. Аймақтағы жағдайды жақсы білетін адамның көзқарасына құлақ түру Америка үшін де өте маңызды. Сапардың ең басты жетістігі де – осы. Олар өте көп мәселені талқылағандықтан, барлығын алға жылжытып, қарым-қатынастың мазмұнын одан әрі байыта түсу үшін алда бізді өте көп жұмыс күтіп тұр. Сондықтан екі елдің үкіметі, келісімдерді жүзеге асыратын қызметкерлердің барлығы осы сапардан соң көп жұмыс істеуі тиіс.
Сұхбатты ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды.