Accessibility links

Қазақстан мен Өзбекстанның көшбасшылыққа бақталастыруы ешқайсысына пайда әкелмейді


Солдан оңға: тәжік президенті Эмомали Рахмон, қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев және өзбек президенті Ислам Каримов, ТМД саммитінде. Мәскеу, 8 мамыр 2005 ж.
Солдан оңға: тәжік президенті Эмомали Рахмон, қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев және өзбек президенті Ислам Каримов, ТМД саммитінде. Мәскеу, 8 мамыр 2005 ж.

Батыс сарапшылары Орталық Азияның көшбасшысы тақырыбын тағы да қозғап отыр. Олар аймақтағы бір-бірімен бақталас елдердің әрқайсысы өз алдына жеке дамып кетуі күмәнді мәселе екендігін атап көрсетеді.




ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ҚОС КӨШБАСШЫНЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ


Бизнес нью юроуп сайты: «Ресей Орталық Азия мұнайы мен газы үшін күресте үсті – үстіне ұлғайған қарсыластыққа тап боп отыр» деп аталатын мақала жариялапты, онда тағы да Орталық Азия табиғи байлығына мұрагер болу күресінде әлемдік алпауыт елдердің қайсы жеңеді деген тақырып көтерілген. Мақалада «өзіне көбірек пайда таба алуы үшін, алпауыт мемлекеттердің қайсының Қазақстан Республикасымен не Өзбекстан Республикасымен достығы мықты», «кімнің аймақтағы ықпалы күшті», т.б. тәрізді сауалдар талқыланған.

Бір таң қаларлығы, егер өзара күш біріктірер болса, онда Орталық Азия мемлекеттерінің қандай табыстарға жетіп, қандай мүмкіндіктерге ие болары жөнінде сарапшылардың көбі жұмған аузын ашпайды. Бұл сөз Өзбекстан мен Қазақстан қарым-қатынастарына қатысты да айтылып отыр.

Қазақстанда да, Өзбекстанда да билік айналасындағы элиталар мен түрлі топтар билік, мүлік пен қаржы қорларын иемдену үшін өзара бақталастық тартысына кірісіп кетті. Ал бұл екі ортада, халық болса, осы мемлекеттердің ұлттық тәуелсіздігі қалпына келтірілген 1991 жылдан бері өткен уақыт ішінде, өз еңбегі мен тіршілігі арқасында көп жетістіктерге қол жеткізіп үлгірді. Бұл сөз әсіресе дамуы қарқынды болған Қазақстан экономикасына қатысты.

Мұндай ахуалда, бұдан ары не істеу керек, қалай еткенде бұл екі мемлекет өркендеп, тез дамиды, бұдан ары даму сәтті болу үшін қай жолды таңдау дұрыс деген сауал өз-өзінен туындайды. Әрине, көп нәрсе Өзбекстан мен Қазақстанның өзара қарым-қатынастарын оқсата алуына да байланысты болмақ.

Осы екі елдің Орталық Азиядағы беделі мен салмағы қандай? Қазір Қазақстан, іс жүзінде жетекші ел рөліне ие, деп жазады сайт. Егер жалпы ішкі өнім индикаторының көлемін салыстырып қарағанда Қазақстан аймақтағы елдерден көш бойы озық тұрғаны білінеді. Дүниежүзілік банк ұйымының 2007 жылғы мәліметінде, Қазақстанда жылдық ЖІӨ мөлшері 105 миллиард доллар, Өзбекстандікі 22,3 миллиард доллар болған.

Яғни, халқы саны екі еседей аз болса да, Қазақстан Өзбекстанға қарағанда бес есе артық өнім өндірген. Ол ол ма, Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Түркіменстан, Грузия, Армения және Әзірбайжан елдерінің жиынтық, қосынды ЖІӨ-нің көлемінен асып кеткен. Қазақстан халқының саны бұл аталған шетелдер тұрғындарының жалпы санынан бес еседей аз.

Аталған елдер тобы ішінен, жан басына бөлгендегі жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) көрсеткіші бойынша да алдыңғы орында Қазақстан тұр: ол аталған мемлекеттер арасындағы ең табысты дегендерінен бұл көрсеткіш бойынша мөлшермен екі еседей асып түсіп отыр.

Бұл индикатор Қазақстанда былтырғы жылы 6140 АҚШ долларына жетті (Атлас әдісі бойынша), дейді аталған банк сарапшылары. Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстанның ұпайы Өзбекстаннан 7 еседей артық тұр.

Экономиканың еркінділігі жөнінен де Қазақстан аймақтағы барлық дерлік елден көш алда екен. Мәселен, Дүниежүзілік банк қызметкерлері Қазақстанға былай деп баға береді:

«...экономикалық мүмкіндігі орасан... Мұнай өндіру көлемін арттыру, пайдалы қазбаларға бай болуы, жауапты макроэкономикалық саясаты, өңге де саяси жаңартулар (егер жалғастырса) ел ертеңін жарқын етпек».

Осы орайда, бүгінде шетел ауып кеткен қуғындағы бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің елдің осы жетістіктерге жетуіне қосқан үлесі аталады. Соның басшылығымен жүргізілген Қазақстан экономикасын нарық қатынастарына көшірудің батыл шараларының нәтижесінде ұлттық экономиканың өсуі серпін алған болатын.

ЖАРТЫКЕШ ӘКІМШІЛДІК - ӘМІРШІЛДІК ЖҮЙЕ РЕЦЕПТІ БОЙЫНША ЖАСАЛҒАН ЭКОНОМИКА


Өзбекстанда нарық экономикасына көшу процесі әлі мәреге жетуден алыс, дейді Дүниежүзілік банк сарапшылары. Олар өз зерттеулерінде бұл туралы былай дейді: «...мемлекеттік емес саладағы кәсіпкерлер белсенділігі жанышталып отыр немесе олар жарым-жартылай жасырын жұмыс істейді. Халықтың төрттен бір бөлігі кедей тұрады, яғни мемлекет тұрғындарының 46 пайыздайы күніне 2,15 АҚШ долларындай ғана пайда тапқанына қанағаттануға мәжбүр».

Дүниежүзілік банк өкілдерінің айтуынша, экономикаға еркіндік беруді мұнан әрі кейінге қалдыру, ел ертеңіне үлкен кедергілер туғызатын факторға айналуы мүмкін: «Өзбекстан экономикасының көлеміне қатысын алғандағы тіке шетелдік инвестициялар көлемі, өзге өтпелі экономикалы елдерге қарағанда, ең төмен деңгейде қалып отыр».

Дүниежүзілік банк қызметкерлерінің Өзбекстанның экономикасын байыппен сараптауы объективті сынға толы.

Мысалы, олардың есебінде былай делінген: «...мемлекеттің кең ауқымда экономика үстіне бақылау орнатуы нарықтың жұмыс істеуі мен мемлекеттік емес экономика салаларының дамуына бөгет болуда. Мемлекеттік орындардың түрлі мемлекеттік іспеттес өнеркәсіптік қауымдастықтар, мемлекеттік жоспарлар және әкімшілік шаралар арқылы кәсіпкерлер іс – әрекетіне араласып, тұсау болуы кеңінен кездеседі. Адамдардың мүлік иелену құқы мемлекеттің заң орындары тарабынан жиі бұзылады...».

Баяндамада бұдан әрі былай жазылған: «Ауыл шаруашылығында фермерлерге мемлекеттік тапсырмалар беріледі, сол бойынша олар мемлекеттік орындарының таңдауы негізінде түрлі дақылдар өсіріп, оларды (бидай мен мақтаны) нарықтағыдан арзан бағамен мемлекетке тапсыруға міндетті. Іштегі және сыртқы сауданы еркін жасау тіпті қиын, ал ел ішінде және шетелмен арада тасып әкеп, сауда жасау әрекетіне әкімшілік бөгет қойылып тасталған».

БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ, ТІРЛІК БАР

Қазақстан экономикасы бай минералды ресурстарымен, соның ішінде мұнай мен газдың мол қорымен артықшылыққа ие болып отыр. Қазақстанның табиғи газ қоры да байлықтың бұл түрімен халықаралық деңгейде мақтанатын Өзбекстандағыдан кем емес.

Екі елдің жер қойнауындағы бұдан да өзге табиғи байлықтар туралы көп деректер келтіруге болар еді, бірақ, шартты түрде алғанда, елдің әлемдік экономика жүйесіндегі күш-қуатын объективті бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіш ретінде уран кенішін қарастырайық.

Уран шикізатын өндіру және экспорттау ісі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде тек аймақта ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлем бойынша алдыңғы орында тұр. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысының тұтқындалуына байланысты соңғы болып жатқан оқиғалар ел экономикасының осы саладағы күш-қуатын әлсірететіндей фактор болмайды. Бұл тек қана Астанада билік басында отырған қазіргі элитаның беделі мен жағдайына нұқсан келтіруі мүмкін, бірақ элиталардың келіп-кетіп, ауысып отыратыны мәлім.

Әртүрлі деректер бойынша, Қазақстан уран шикізаты көлемінен әлемде 2-ші және 5-ші орындарда тұрса, Өзбекстан бұл шикізат қоры бойынша алдыңғы ондықтың құрамына енеді.

Бұл көрсеткіштер экономикасының әлеуеті мен жеткен жетістіктері арқасында Қазақстанның іс жүзінде Орталық Азияда экономикалық жетекші рөлді атқарып отырғандығын білдіреді. Аймақта көшбасшы мемлекетке айналған Қазақстан Орталық Азияның экономикасының қарқындап дамып, өнімділігінің тез өсуіне әрі халқының әл-ауқатын аса ірі ауқымда биігірек, жаңа деңгейге көтеруге мұрындық бола алады.

Аймақтағы елдер дамуының бағыты бір нәрсені айқындап берді – «бас-басына би болудан» гөрі, бұл мемлекеттерге өзара күш біріктірген әлдеқайда тиімді. Өзбекстан мен Қазақстанның биліктегі топтарының арасындағы аймақта көсем болуға ұмтылып, осы үшін өзара текетіреске түсу – түбінде ол екеуінің ешбіреуіне пайда бермейді.

Сонымен қатар, бұл елдердің элиталары арасында ғана емес, сол элиталардың өз ішінде де «бақ пен тақ», мансап пен «қазына байлығы» үшін күрес тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал бұл уақытта қоғам өз дамуында жаңа мүмкіндіктер табалдырығын аттады.

Мәселен, егер экономика саласын ғана алып қарап, сараптауға салар болса, мамандар – егер оларда жеткілікті біліктілік пен көрегендік болса – аймақтың, соның ішінде Қазақстанның қазіргіден әлдеқайда қауқарлы, әлдеқайда дәулетті ахуалға жету мүмкіндігіне мемлекетті ие еткен, жаңа деңгейге көтеріле алатынына көз жеткізген болар еді. Ал бұған, бүгінгі күні, ұлттық ресми билікте отырған элита лайықты бағаламай отыр.

Екінші жағынан алғанда, бұл ахуал баяу, алайда тұрақты түрде жаңа элитаның билікке келуінің мезеті таяп келе жатқанын білдіреді. Оның біліктілігі де, отаншылдығы да, руханияты да қазіргі элитанікінен әлдеқайда ілгері тұруы тиіс. Және осындай жаңару алдындағы ахуал Өзбекстанға да, Қазақстанға да тән.

Осы әңгіменің басында айтылған Дүниежүзілік банк және өзге де халықаралық даму ұйымдарының сарапшыларының қорытындылары тұрақты дамуға қол жеткізіп, халықтың әл-ауқатын бұрын болмаған деңгейге көтере алу үшін экономика, саясат, мәдениет тәрізді маңызды қоғамдық қарым-қатынастар салаларындағы адамдар белсенділігіне бостандық берілуінің қажеттігін көрсетіп берді.

Сондай еркіндікке ие болу арқылы Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының күш біріктіріп, өзара ынтымағын баянды етуі – қос мемлекеттің ғана емес, сонымен бірге тұтастай Орталық Азиядағы елдердің ертеңінің жарқын болуының бірден-бір кепілі болып табылмақ.
XS
SM
MD
LG