Қазақстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, екпе республиканың барлық аймақтарында, 15-19 жастағы жасөспірімдерге - шамамен 1 миллион 200 мың адамға салынады.
Қызылшаға қарсы екпе науқаны биыл қаңтар-ақпан айларында жүргізіліп, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстіктік Қазақстан облыстарында екпе алған 400-ге жуық жасөспірім дәрігер көмегіне жүгініп, 260-тан астамы ауруханаға жатқызылған болатын. Наурыз айында денсаулық сақтау министрлігі екпе науқанын уақытша тоқтатқан еді. Эпидемиологтар вакцина салуды қайта бастауды жасөспірімдер арасында қызылшаға шалдығу биыл «10 есе артуымен» түсіндіріп отыр.
«ҚАТЕРГЕ БАРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ»
Алматы тұрғыны Арнұрдың қызылшаға қарсы екпенің сапасына күдігі бар. Ол өз балаларына екпе салдыруға ол үзілді-кесілді қарсы.
- Білуімше, екпе құрамы таза емес. Сынап бөліктері бар дейді, кей вакцинаға шошқа майы қосылған дегенді естідім. Мәселен, педиатрға барып, балама салатын кейбір екпелердің құрамын сұрап едім, «жоғары жақ біледі, әйтеуір таза ғой» деп жауап берді. Сондықтан, мен оларға сенбеймін. Қаншама бала жан сақтау бөлімшелеріне түсіп, сал болып қалғандары да бар. Сондықтан мен мұндай қатерге барғым келмейді, - дейді Арнұр.
Ол «дәрігерлер немесе тиісті мекемелер вакцинаның құрамы, жасалу әдісі және сапасы жайлы жан-жақты ақпарат берсе, райынан қайтуы мүмкін екенін» айтты.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде екпеден соң 86 бала ауруханаға түсті
«ҚАЖЕТТІЛІК»
Ал дәрігерлер биыл қызылшаға шалдыққандардың күрт көбейгенін, сондықтан екпе салу - қажеттілік, ал оның сапасының халықаралық стандарттарға сай екенін айтады.
Қазақстанда өткен жылы қызылшаға 321 адам шалдықса, биылғы жылдың сегіз айындағы көрсеткіш 2 мыңнан асқан, яғни науқас саны 10 есе көбейген. Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының бақылау бөлімі бастығы Айнагүл Қуатбаева қызылшаға қарсы қосымша екпе салу шарасы «осы себепті қолға алынғанын» айтады.
- 2005 жылы елде 2 миллионнан аса адамға қызылша мен қызамыққа қарсы екпе салынды. Соның арқасында 2013 жылға дейін қызылшаға шалдыққандар болмады. Биыл қызылша жасөспірімдер арасында өте белсенді. Сондықтан, осы науқан аясында 1 миллион 200 мың адамның кемінде 80 пайызын алдын ала екпемен қамту жоспарланып отыр,- дейді ол.
Биыл қызылша жасөспірімдер арасында өте белсенді. Сондықтан, осы науқан аясында 1 миллион 200 мың адамның кемінде 80 пайызын алдын ала екпемен қамту жоспарланып отыр.
Қыркүйектің 17-сі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан ұлттық экономика министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитеті өкілі «Қазір вакцина салатын 4 мыңнан астам пунк дайын екенін» хабарлады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілі Жаннат Сатыбалдиева «Вакцина сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) стандарттарына сай келетінін, 22 түрлі көрсеткіш бойынша тексерілгенін» айтты. Мамандар «жұртқа екпеден бас тартудың салдары мен екпеден кейін болатын асқынулар жайлы түсіндірілетінін, вакцина салдыру ерікті түрде жүргізілетінін» білдірді.
Видео: Қызылша екпесінен кейін ауырған жаңаөзендік жастың жыры
Қазақстанның «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңында азаматтардың «профилактикалық екпелерді алуға» және «медициналық көмек азаматтардың келісімінсіз көрсетілетін жағдайлардан басқа уақытта одан бас тартуға» құқылы екені жазылған. Педиатрия саласында 20 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан маман Айман Тоқпанова Арнұр сияқты екпеден бас тартып жатқан азаматтар қатары көбейіп келе жатқанын растады. Оның сөзінше, «бұл жайтқа интернеттегі ақпараттар себеп болған».
Жыл басында қызылшаға қарсы екпеден оқушылардың жаппай ауруханаға түсу оқиғалары туралы ақпараттар кең тараған еді. Мәселен, Маңғыстау облысында қызылшаға қарсы екпе салу науқаны ақпанның 16-сы күні басталып, төртінші күні, яғни ақпанның 19-ы тоқтатылған болатын. Осы аралықта 90-ға жуық бала ауруханаға түсіп, кейбірі тіпті талып қалып жансақтау бөліміне жатып шықты. Дәрігерлер екпе сапасы стандартқа сай екенін айтып, жаппай ауруханаға түсу оқиғасын «ағзаның қалыпты реакциясы» деп бағалаған.