Келесі жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Чехия, Исландия, Нидерланд, Түркия және Латвиямен бірге «A» тобына түскен Қазақстан құрамасы бес ойыннан бір-ақ ұпай жинап соңғы орында тұр. Кейінгі он шақты жыл ішінде голландиялық және германиялық бапкерлер жаттықтырған құрамаға былтыр ресейлік маман Юрий Красножан бас бапкер болып тағайындалған.
Соңғы 12 іріктеу ойыны мен жолдастық кездесуінде ұлттық құрама екі рет жеңіп (тек жолдастық кездесулер), бес рет тең ойнап, бес рет ұтылған. Бірақ кейбір жергілікті спорт сарапшылары Красножанның тұсында команданың деңгейі өсті деп санайды.
- Юрий Красножан жаттықтырғалы Қазақстан құрамасы латыштармен тең түсті, Голландиядан, Исландиядан ұтылды, Түркиядан сырт алаңда ұтылды. Өзім ұлттық құрамамен бірге жүріп, ойындарын көрдім. Берн Шторк, Ярослав Беранек жаттықтырған кездегідей емес, қазір Қазақстан командасында мінез де, прогресс те бар, - дейді спорт шолушысы һәм футбол комментаторы Есей Жеңісұлы.
Қазақстан бұған дейін Түркиямен футбол турнирлерінде бес мәрте кездескен. Бұл ойындардың есептеріне қарағанда Қазақстан құрамасының көрсеткіштері аздап жақсарып келе жатқаны байқалады. Мысалы, 2004-2005 жылдары Түркия 4-0 және 6-0 сияқты ірі есеппен ұтса, 2010-2011 жылғы ойындарда Қазақстан әуелі өз алаңында 0-3 есебімен ұтылғанымен, сырт алаңда соңғы минутта ғана қақпасына доп жіберіп алып 1-2 есебімен әрең жеңілді. Былтыр Стамбулда өткен соңғы матчта Қазақстан 1-3 болып ұтылды.
Алайда сарапшылар арасында Әлем және Еуропа чемпионаттарының қола жүлдесін иеленіп үлгерген тәжірибелі түріктер қазақстандықтарды бұл жолы да қапы қалдырады-ау деген пікір басым.
- Түркия турнирді сәтсіз бастағанымен, соңғы ойындары жақсы өтті. Бұрын 16 команда қатысса, Францияда өтетін Еуропа біріншілігіне 24 команда қатысқалы отыр. Сондықтан Түркия қалған бес ойында ұпай жоғалтпауға тырысады, - дейді спорт журналисі Рауан Оқас.
Есей Жеңісұлының пікірінше, керісінше, дәл қазір Қазақстан құрамасы үшін үстем түсетін жағдай туып тұр.
- Түркия құрамасында қазір буын алмасу процесі жүріп жатыр. Ойыншыларының көбі Түркия лигасындағы төртінші-бесінші командалардан құралған. Жекелей алғанда өте мықты ойыншылары бар, бірақ оларға Қазақстанның командалық ойын стратегиясын қарсы қоюына болады, - дейді ол.
Дегенмен сарапшы Түркияның «Еуропа футболына кірігу процесінен өтіп кеткен команда» екенін, Қазақстан құрамасындағы шабуыл шебінің нашарлығын және кейбір негізгі шабуылшыларының жарақат алғанын ескеру керек деп ойлайды.
«Түркия құрамасының футболдағы алтын кезеңі артта қалды» деп санайтын спорт сарапшысы Ержан Көшкімбаев маусымның 12-сі күні Алматыдағы «Орталық стадионда» өтетін матчта түріктердің барын салатынына сенімді.
- Олар (Түркия құрамасы – ред.) Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығу үшін ендігі ойындарын түгел ұтуы керек. Дегенмен тең нәтижеге жетуге мүмкіндік бар. Қазақстан жеңсе – сенсация, - дейді сарапшы.
Қазақстандағы бірқатар футбол сарапшылары мен жанкүйерлері мұндай сенсацияның боларына күмәнді. Өз алаңында өткізген ресми матчта соңғы рет Қазақстан 2013 жылғы қыркүйекте Фарер аралдарын жеңген. Мұндай ұзақ үзілістің бір себебін Ержан Көшкімбаев атады.
- Өкінішке қарай соңғы 10 жылдан бері ұлттық құраманың дамығанын көрмедім. «Балалар мен жасөспірімдер мектебін дамытамыз» деген сөзден нәтиже жоқ. Бразилияға кеткен жастарымыздан (Қазақстан футбол федерациясы бразиялиялық клубтардың академиясына оқуға жіберген жасөспірімдер – ред.) ешнәрсе шыққан жоқ. Мәселен, көршілес Өзбекстанның Ресей премьер-лигасында бірнеше ойыншысы бар. Еуропада жүргендері де жетеді. Былтыр Өзбекстан әлем чемпионатының финалына шығуға бір ғана қадам қалды. Ал Қазақстан футболшыларына шет елдерге шығу үшін шеберлік те керек, әрі футболшыларды танытатын менеджерлік жүйе де қажет, - дейді ол.
Әйткенмен алматылық мыңдаған жанкүйер бұл жолғы Қазақстан-Түркия матчының алдында ерекше көңіл-күй кешіп жүр. Матчқа дейін бірнеше күн қалғанда-ақ көшелерде ту жамылған фанаттар ұшыраса бастады. Бұл көңіл-күйді бейсенбі күні баспасөз-мәслихатын өткізген Юрий Красножан да атап өтті. Онымен кездесуге келген қарасы қалың журналистер мен жанкүйерлерге қарап тұрып бас бапкер:
- Ұлттық құраманың ойыны алдында осындай ажиотаж туғанын бірінші рет көріп тұрмын. Алматыға мереке қайтып оралды, - деді.
Бас бапкер өз футболшылары Түркия футболшыларынан индивидуалдық тұрғыда кем түспейді деп санайды. Красножанның пікірінше, «ойынды сауатты ұйымдастыра алса және жанкүйерлер қолдауына сүйенсе», Қазақстанның жеңуі де мүмкін.
Қазақстан – Түркия матчы Алматыдағы «Орталық стадионда» жұма күні түнгі сағат 22.00-де басталады.
Материалды дайындауға Асылхан Мамашұлы қатысты.