Минералды су, алкогольсіз өнімдер мен сусындар және сыра өндірушілер өкілдері қаржы министрлігінің парламент мәжілісіне жолдаған заң жобасына қарсы шықты.
«1 ЛИТР СУДЫ 15-20 ТЕҢГЕГЕ ҚЫМБАТТАУЫМЫЗ МҮМКІН»
Кәсіпкерлер «Қазақстан Республикасының салық салу және кедендік әкімшілік мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» заң жобасындағы пайдалы қазбаларды өндірушілерге салық салуды есептеудің тәртібін қайта қарастыру ұсынысына наразы.
– Ұсынып отырған заң жобасында жерасты суының 1 тоннасы үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 1982) көлеміндегі салық мөлшерлемесі бар. Бұл компаниямыз төлейтін салық көлемін тағы 400 миллион теңгеге көтерейін деп тұр, – дейді алкогольсіз өнімдер мен сусындар, минералды су шығаратын компаниялардың бірінің өкілі Елена Ральникова.
Ол жерасты суын өндірушілерге салынатын салық көлемі артса, «1 литр судың құнын 15-20 теңгеге қымбаттатуға мәжбүр» екендерін айтады.
– Өнімді шығару азайған соң қызметкерлеріміздің 40-50 пайызын қысқартуға, ал қалған қызметкерлердің жалақысын азайтуға мәжбүр боламыз, – дейді Елена Ральникова.
Тазартылған су шығаратын компаниялардың енді бірінің жетекшісі Константин Юдахин «пайдалы қазбаларды пайдаланушыларға салынатын салықтық жүктеменің өсуіне қарсы емес» екенін, бірақ әлденеше жүз есе өсірумен келіспейтінін айтады.
– Біз – Қазақстандағы 19 литрлік су шығарушы жетекші компаниялардың біріміз. Енді өнім бағасы екі есеге өсіп, кей аймақтар үшін тіпті қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан біз бизнесіміздің бір бөлігін таратып жіберуге мәжбүр боламыз. Нарықта бәсекеге қабілетті бола алмайтынымызды түсіндік, – деді Константин Юдахин.
«1 ЛИТР СУҒА 2-3 ТИЫН САЛЫҚ ТӨЛЕУ – ЗАҢНАМАҒА ҚАЙШЫ»
Азаттық бұл мәселеге қатысты заң жобасын ұсынған мекемеге – қаржы министрлігіне хабарласқан еді. Министрліктің мемлекеттік кірістер комитетінен келген жауапқа қарағанда, минералды су өндірушілер бұған дейін жерден шыққан судың 1 литріне 2-3 тиын көлемінде салық төлеп келген, «бұл – салық заңнамасына қайшы».
1 литрге бола 3 теңге төлеу кейбір компания өкілдері айтқандай өнімнің бағасын 80 пайызға қымбаттатуы мүмкін емес.
«Бірақ 1 литр судың тіпті көтерме бағасының өзі 30 теңгеден арзан емес... Салық қызметі органдары жер қойнауын пайдаланушылар орташа сату бағасының 10 пайызын, яғни 1 литр су үшін 3 теңге төлеуі керек деп есептейді. Дер кезінде төлеп тұрса, бұл көп ақша емес. Оған қоса 1 литрге бола 3 теңге төлеу кейбір компания өкілдері айтқандай өнімнің бағасын 80 пайызға қымбаттатуы мүмкін емес» дейді қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.
Алкогольсіз ішімдіктер және сусындар қауымдастығының мәліметінше, Қазақстанда бұл салада жұмыс істейтін 420 компания бар. Оның 90 пайызға жуығы – шағын кәсіпорындар.