Accessibility links

Әйел еңбегіне тыйым салатын кәсіптер тізімін жоюды ұсынады


Қазақстан халықаралық құқықтық бастама қорының президенті Айна Шорманбаева.
Қазақстан халықаралық құқықтық бастама қорының президенті Айна Шорманбаева.

Қазақстанда әйел еңбегін пайдалануға тыйым салатын кәсіптер тізіміне 287 мамандық енгізілген. Постсоветтік кей елдерде құқық қорғаушылар «әйелді кемсітетін норманы» қолданыстан алып тастауды ұсынады. Азаттық бұл тақырыпқа құқық қорғаушы Айна Шорманбаевамен сұқбаттасты.

Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова және тағы бірнеше постсоветтік елдің құқық қорғаушылары әйел адамның істеуіне тыйым салатын кәсіптер тізімін қолданыстан алып тастау туралы бастама көтерді. Қазақстанда ондай тізімге 287 мамандық түрі енгізілген. Азаттық сұқбаттасқан Қазақстан халықаралық құқықтық бастама қорының президенті Айна Шорманбаева «әйелдерді қорғау мақсатында жасалды» делінетін кей заң нормалары әйел құқығын шектеп отыр деп санайды.

Әйел еңбегіне тыйым салынған кәсіптер
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:14 0:00

Азаттық: - Қазақстанда әйел еңбегін пайдалануға тыйым салатын жұмыстар тізімі бар ма?

Еңбек кодексінің 16-бабы "әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларын бекітеді".

Айна Шорманбаева: - Мұндай тізім бар дегенде таңырқайтындардың көп екенін байқаймын. Расында, 21-ғасырда мұндай тізім болуының өзі таңғаларлық жайт. Өкінішке қарай, ондай тізімнің бар екені рас. 2015 жылы жаңадан қабылданған Еңбек кодексінің «Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті» деп аталатын 16-бабында уәкілетті мемлекеттік орган өзге міндеттерімен қоса «әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларын бекітеді» деп көрсетілген. Осыған байланысты сол кездегі Қазақстан денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрiнiң 2015 жылғы желтоқсанның 8-і күнгі № 944 бұйрығымен бекітілген тізімге әйел еңбегiн пайдалануға тыйым салынатын 287 жұмыс түрі енгізілген. Биыл жазда еңбек министрі Тамара Дүйсенова бұл тізімді қайта қарап, ондағы тыйым салынған жұмыс түрлерін азайтуға уәде берген болатын. Біз мұндай тізім мүлде керегі жоқ деп санаймыз.

Азаттық: - Бұл норма әйелдерді ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарға пайдаланбау, яғни әйелдерді қорғау мақсатын көздемей ме?

Әңгімелесіп отырған әйелдер. Алматы.
Әңгімелесіп отырған әйелдер. Алматы.

Айна Шорманбаева: - Әрине, сырт қарағанда бұл норма әйелдерге қамқорлық секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, «Әйел еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар тізімі» деген тіркестің өзі шын мәнінде әйел құқығын шектеп, кемсіту болып саналады, яғни белгілі бір жұмыстарды әйел адамның істеуіне тыйым салынып отыр. Бұл, бір жағынан, жұмыс берушілерге де ыңғайлы. Әйел адамның қабілеті мен мүмкіндігі жетіп тұрса да, жұмыс берушіге ол жұмысқа әйелді қабылдаудан бас тартуына мүмкіндік береді.

Азаттық: - Мәселен, қандай мамандықтар бойынша әйел еңбегін пайдалануға тыйым салынған?

Айна Шорманбаева: - Негізінен ауыр өнеркәсіп, химия саласындағы мамандықтар бойынша әйелдерді жұмысқа алуға тыйым салынған. Мысалы, металл өңдейтін, металл балқытатын, автогрейдер жүргізушісі, тас қашаушы, тас қалаушы, автогрейдер машинисі, бұрғылау қондырғысының машинисi, теңізде жүзетін бұрғылау агрегатының бұрғылаушысы, теңіздегі кран машинисі тәрізді және өзге де ондаған мамандық бойынша әйелдердің жұмыс істеуіне болмайды. Министр бұйрығына сәйкес, әйел адам өрт сөндіруші ретінде де жұмысқа алынбайды. Мәселен, сүңгуір (водолаз) жұмысын да әйелдің атқаруына болмайды. Ер адамдар сүңгуір бола алады, ал әйелдердің қолынан келмейді екен. Меніңше, қазір ауыр жұмыстардың сипатын осыдан 30-40 жылғы жағдаймен салыстыруға болмайды. Үкімет көрсеткен тізімдегі еңбек түрлерінің көбі қазір автоматты түрде атқарылады.

Оқи отырыңыз: «Әйелдер» мен «ерлер» ұжымы деп бөлу әлі бар

Азаттық: - Әйел еңбегін пайдалануға тыйым салған тізімге байланысты Қазақстанда жұмысқа тұра алмағанына шағымданған әйелдер бар ма?

Меніңше, мұндай тізімді үкіметтің немесе белгілі бір ведомствоның жасауы дұрыс емес. Ол заңмен бекітілуі тиіс. Адам құқықтары тек қана заңмен реттелуі керек.

Айна Шорманбаева: - Біздің қоғамда бұл мәселе әзір ашық көтерілген жоқ. Совет заманында қалыптасқан «мынау әйелдердің, ал мынау ерлердің жұмысы» дейтін стереотип әлі бұзылған жоқ. Сол себепті әйелдер қолынан келіп тұрса да әлгі тізімдегі жұмыстарға ұмтылудан тартынады. Екіншіден, тыйым салған тізімге қарамастан онда көрсетілген мамандықтар бойынша жұмыс істеп жатқан әйелдер де бар. Мысалы, ондайлар химия өнеркәсібінде кездеседі. Әйелдерге асфальт жаюға және асфальт төсегiш машинаны жүргізуге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан, әлгіндей жұмыстарды істеп жүрген әйелдер бар. Меніңше, мұндай тізімді үкіметтің немесе белгілі бір ведомствоның жасауы дұрыс емес. Ол заңмен бекітілуі тиіс. Адам құқықтары тек қана заңмен реттелуі керек.

Азаттық: - Сұқбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG