Accessibility links

Қазақстан президенті әлемдік валютаға апарар жол аймақтық валюта жүйесін құрудан басталады дейді


Президент Н. Назарбаев Астана экономикалық форумының ашылуында сөйлеп тұр. Астана, 11 наурыз, 2009 жыл.
Президент Н. Назарбаев Астана экономикалық форумының ашылуында сөйлеп тұр. Астана, 11 наурыз, 2009 жыл.

Астанада екінші экономикалық форум жұмысы басталды. Қазақстан президенті Н.Назарбаев күйзелістен шығар кілт- әлемдік жаңа валютаға ұмтылу десе, Нобель сыйлығының иегері Роберт Манделл АҚШ доллары құнсыздануы тиіс дейді. Ал Ислам елдерінің мамандары әуелі әлеуметтік теңсіздікті жою қажет деп біледі.

Астанада өтіп жатқан экономикалық форумның басты міндеті сәуір айында Лондонда өтетін G-20 қатысушы елдердің басшылары үшін кеңес -ұсыныстар әзірлеу. Соның бастысы - Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып жүрген әлемдік валюта енгізу. Ол бұл бастамасын экономикалық форумда да көтерді.

Президенттің айтуынша, ғаламдық күйзелістің түп-төркіні қазіргі қолданыстағы әлемдік валютаның жетілмегендігінен. Ол әлемнің заманауи өзгеруінен мүлде кейін қалып барады дейді. Әрі қазіргі әлемдік қаржы жүйесі ашық емес деп сынға алған мемлекет басшысы "әлемдік валютаның нарқы бәсекеге сай емес, оны қолданушылар амалсыздан "өзгенің ойын тәртібіне" көніп келеді" деді.

Сол себептен де президент Назарбаев өзге үйлесімді жүйенің дамуына жаңа әлемдік валюта көмектеседі деп сеніммен айта аламын дейді. Ол үшін ең алдымен БҰҰ мақұлдайтын, әлемнің басым елдері қол қоятын «Әлемдік валюта жөніндегі» заң қажет деп атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл жүйе адамзат тарихындағы алғашқы заңды әлемдік валютаға қол жеткізер еді.

Қазақстан басшысы әлемдік валютаға қалай жетудің жолдарын да көрсетті. Ол үшін ескі, ақаулы әлемдік валютадан біртіндеп арылатын аймақтық есеп айырысу валютасын енгізу керек дейді. Мәселен, ол ұлттық валютадан бас тартпай әрі аймақтық валюта енгізген ЕуроОдақ елдеріндегі еуроны мысалға алды.

Бүгінде аймақтық валюта Парсы шығанағы, Латын Америкасы елдерінде жұмыс істейді деген президент дәл осындай ақшаны Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында да құруды ұсынды. Есеп айырысу ақшасын президент бұл жолы «евраз, евразия немесе алтын» деп атауды ұсынды. Осы ұсыныстарының барлығын жетекші жиырма елдің бас қосуында алға тарту үшін жұмыс тобын құратындығын да жария етті.

Экономикалық форумға қатысқан Нобель сыйлығының иегері Роберт Манделл Қазақстан прездентінің әлемдік жаңа валютаны енгізу керек деген ұсынысын құптайтындығын айтты. Алайда, ол әрбір ел өзінің ұлттық валютасынан айрылмау керек дейді.

«Бүкіл әлемде тек қана бірыңғай әлемдік валюта болады деу шынайылыққа да сәйкес келмейді. Барлық ұлт өз валютасынан бас тартып, әлемдік ақшаға көшіп кету керек деген саяси тұрғыдан да мүмкін емес» деген профессор Манделл: "мүмкін халықаралық деңгейде бірыңғай валюта жасалып, бірақ әрбір ел өз ақшасынан бас тартпайтындай болатын шығар" деді.

Профессор Роберт Манделл ғаламдық дағдарысқа қатысты егер АҚШ-та инфляция қазіргідей 1% емес, 3% -тің үстінде болса, оның үстіне доллардың құнсыздануына жол берілсе, экономика жыл ортасында-ақ орнына келе бастайды дейді. Ол қазіргі дағдарыс жағдайында қосымша құн салығын қысқарту керек деп есептейді.

Жалпы форумда сөз алған жетекші экономистердің дені салық мәселесін сөз етті. Олар халықтың әлеуетін көтеру үшін ең алдымен салықты төмендету керек деп санайды.

Осындай ұстанымды Ислам елдері де қолдады. Ислам даму банкінің президенті Ахмад Мохаммед Али Аль-Мадани АҚШ банктерінің жүйесін сынға алды.

«АҚШ инфрақұрылымдық жобаларға емес, нәтижесі белгісіз жобаларға несие бере берді. Әсіресе жылжымайтын мүлікке»,- деген Аль-Мадани қаржы дағдарысынан ислам банктерінің зардап шеге қоймағанын жеткізді. Оның айтуынша, ислам банкінің басты ұстанымы- нәтиже беретін, әлеуметке пайдасы болатын бизнесті қана қаржыландыру.

Форумда сөз алған тағы бір Нобель сыйлығының лауреаты Эдмунд Фелпс ғаламдық дағдарыс Америка экономикасының әлсіз тұсын ашып берді дейді.

«Бизнес дамудың жолын бөгеді. Банктер шын мәнінде бизнес секторды қаржыландырудан қалды. Бизнеске еш қатысы жоқ салаларды ғана қаржыландыра берді», - дейді Э. Фелпс.

Ал қазақстандық ғалымдар болса, президенттің аймақтық валюта енгізу пікірін қолдап отыр. Экономика ғылымының докторы, профессор Ғани Қалиев қазіргі Дүниежүзілік сауда ұйымы, өзге де халықаралық ұйымдар тек АҚШ-тың және Еуропаның бай елдерінің мүддесін ғана қорғап отыр дейді.

«Жер жүзіндегі ақшаның он пайызы ғана материалдық жағынан қорғалған. Ал қалғандары тек қағаз ақша күйінде. Ол ақшаны бір секундта дүниежүзінің бір шетінен екінші шетіне аударып жіберуге болады», -дейді Ғани Қалиев.
XS
SM
MD
LG