Accessibility links

Жастарды қолдайтын заң жобасы ұсыныс түрінде жазылған


Алматы жастары. 20 қараша 2013 жыл. Сурет авторф - Тимур Ессекин.
Алматы жастары. 20 қараша 2013 жыл. Сурет авторф - Тимур Ессекин.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы мен еңбек кодексіне енгізілетін түзетулерде жас мамандарды жұмыспен қамтуға кепілдік қарастырылған. Бірақ бұл кепілдіктердің көбі ұсыныс түрінде жазылған.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасына және басқа бірнеше құжаттарға енгізілетін түзетулерге сәйкес, Қазақстандағы жұмыс берушілерге жуырда жоғары оқу орнын бітірген жас мамандармен екі жылға келісім-шарт жасасуды заң жүзінде ұсыну жоспарланған.

Баптардың бірі дәл осылай аталады: «Жұмысқа жаңа орналасқан жас маманмен екі жылдан кем емес мерзімге еңбек шарты жасалуы мүмкін».

ЖАС МАМАН ДЕГЕН КІМ?

Осы аптада парламент мәжілісінде заң жобасын таныстырған Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаевтың айтуынша, бұл норманың тікелей күші жоқ.

- Бірақ жұмысқа жаңа орналасқан жас маманның заң жүзінде мұндай құқығы бар. Бұл тармақ - жұмысқа жаңадан орналасқан жас маманның құқығын жұмыс берушінің құқығын шектемей қорғауды реттейтін механизмдердің бірі, - дейді Такир Балықбаев.

Білім және ғылым министрлігі жұмыс беруші мен жұмысқа жаңа орналасқан жас маманның арасында өзара келісім негізінде екі жылдан кем емес белгілі мерзімге келісім-шарт бекітілсе, бұл жас мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға және оларды жұмыспен қамтуға кепілдік береді деп есептейді.

Жұмысшы жастармен кездесуге келген колледж студенттері. Теміртау, 6 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жұмысшы жастармен кездесуге келген колледж студенттері. Теміртау, 6 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«Жас маман» ұғымы заң жобасына алғаш енгізіліп отыр. Бұл – 29 жасқа толмаған, университет немесе коллеждегі оқуын бітірген, үш жылдан аспайтын жұмыс стажы бар қыз-жігіттер.

Жобада ұсынылған тағы бір жаңалық - 18 жасқа толмаған жастарға жұмысқа қабылдау кезінде сынақ мерзімі тағайындалмайды.

Жоба авторлары жастар саясатын ресурстық орталықтар, аула клубтары, жастар ұйымдары, жастар ісі жөніндегі комитеттер мен түрлі форумдар арқылы жүргізуді күшейтуге де көңіл бөлген. Жобаға сәйкес, әкімдіктер жанынан жастар ісі жөніндегі комитеттер мен ресурс орталықтарын ашу жоспарланған. Қазір мұндай комитеттер кейбір аймақтарда ғана бар. Олар кеңес беру, ұйымдастыру, білім беру және тағы басқа қызметтер көрсетпек.

ЖОБА АВТОРЛАРЫНА ҰСЫНЫС-КЕҢЕСТЕР

Заң жобасымен танысқан парламент депутаттары Қазақстанда жастар ұйымдары мен форумдары бар, бірақ жастардың жұмыс табу, баспана алу сияқты проблемаларын шешу механизмдері жоқ деген пікір айтты. Депутаттардың айтуынша, заң жобасында мұндай баптар мүлде жоқ.

Парламент депутаты Гүлнәр Сейітмағанбетованың пікірінше, Қазақстандағы жастар саясатымен айналысатын мамандар жастар форумын өткізіп, оған қатысушыларды жинаумен ғана айналысады.

- Біз жастармен дұрыс жұмыс істемейміз. Жұмыссыз жүрген жастар қанша, қаншасы сектаға кетті, теріс жолға түскендері қанша - білмейміз, - дейді депутат.

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты белсендісі Евгений Глотовтың айтуынша, жастарды мемлекеттік қолдау жөніндегі ескі заңда нақтылық жоқ. Ол «жаңа заңда жастарды жұмыспен қамту, жастарға арналған инфрақұрылымды дамыту сияқты нақты істер қарастырылса» дейді.

"Жас Отан" жиындарының бірі. Астана, 16 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"Жас Отан" жиындарының бірі. Астана, 16 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
- Шұбырған іс-шаралардың тізімі немесе бағыт-бағдар сілтемесі, әлдебір бұлдыр ұғымдар емес, нақты тармақтар қажет. Мысалы, әр облыс жастарға арналған спорт кешендерін салу сияқты, денсаулық, білім саласы бойынша шаралар қажет. Жергілікті атқару органдарында жастардың белгілі бір пайызы жұмыс істеуі тиіс деген нақты талаптар енгізілсе жақсы, - дейді Евгений Глотов.

Оның айтуынша, қазіргі негізгі проблема - білімді жастарды жұмыспен қамтудың қиындығы. ЖОО түлектері, тіпті «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шетелде білім алған жастардың өздері жұмыс таба алмай жүр. Көбін «стажың жоқ» деп жұмысқа алғысы келмейді. Жастар белсендісінің айтуынша, бұл проблеманы мемлекеттік немесе жеке меншік ұйым-мекемелерде ақылы стажировакалар арқылы, яғни аз да болсын жалақы төлеп шешуге болады. Бірақ әуелі бұл норманы заң жобасына енгізу керек.

Заң жобасы парламентте әлі талқыланбақ.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG