Accessibility links

Қызықсыз әрі маңызды сайлау


Төретам кентіндегі сайлау уческесі. Қызылорда облысы, 20 наурыз 2016 жыл.
Төретам кентіндегі сайлау уческесі. Қызылорда облысы, 20 наурыз 2016 жыл.

Қазақстанда наурыздың 20-сында парламент мәжілісінің мерзімінен бұрынғы сайлауы өтті. Нәтижесі айқын науқан кезінде халықтың сайлауға ықыласы бәсең болды.

Сайлауды "іш пыстырарлық болды" деп сипаттады, кей журналистер электораттың немқұрайдылығы туралы жазды.

Бірақ бұл жай сайлау емес. Біріншіден, бұл сайлау Қазақстан соңғы 20 жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан тұста өтті. Екіншіден, тәуелсіздік алғалы мемлекетті басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев енді бірер айдан соң 76 жасқа толады. Бұл жолғы науқанның жай ғана дауыс беру процесінен де маңызды оқиға болатын себебі сонда.

Азаттық Қазақстандағы парламент сайлауына үңіліп, оның елдің саяси тарихындағы орнына баға беру мақсатында дауыс беру күні қарсаңында арнайы талқылау ұйымдастырды.

Азаттықтың Түркімен қызметінің директоры Мұхаммад Тахир жүргізген пікірталасқа Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы депутаты, президенттіктен екі мәрте үміткер Уәлихан Қайсаров (бұған қоса ол 20 наурыздағы сайлауға Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - ЖСДП атынан кандидат ретінде қатысты), көп жылдан бері Орталық Азия елдерінен хабар таратып келе жатқан Eurasia Net сайтының журналисі Джоанна Лиллис және Азаттықтың Қазақ қызметінің редакторы Ержан Қарабек қатысты.

Бұл жолғы сайлауда әдеттегідей президент Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы мәжілістегі 98 орынның басым көпшілігін иеленеді деген болжам болған. 2012 жылғы сайлауда билік партиясы 83 орынды, ал 2007 жылғы додада 98 орынды түгел иеленген.

Журналист Джоанна Лиллис.
Журналист Джоанна Лиллис.

Джоанна Лиллис бұл жолғы сайлауда да «Нұр Отанға» бәсеке боларлық қарсылас табылмай тұрғанын айтты.

– Партиялардың көпшілігі президентті жақтайды. Науқан кезінде президент Назарбаевты, оның биліктегі партиясын қатты сынап жатқан ешкім жоқ, – деді Лиллис.

Сайлауға қатысқан өзге бес партияның төртеуі – «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік» және Қазақстан коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП) президенттің саясатын қолдайды. «Ақ жол» мен ҚКХП соңғы парламентте тиісінше сегіз және жеті орынға ие болған.

Ал Уәлихан Қайсаров өзін кандидат ретінде ұсынған ЖСДП-ның парламенттен «15-17 орын алатынына» сенімді. 2007 жылғы сайлауда ЖСДП «Нұр Отаннан» кейінгі екінші орынды иемденіп, 4,5 пайыз дауыс алған, ал 2012 жылғы науқанға қатысудан бас тартқан.

Қайсаровтың пікірінше, биліктегі партия елді экономикалық дағдарыстан алып шығуға қауқарсыз, сондықтан олар бар кінәні басқаға жабады.

Саясаткер Уәлихан Қайсаров.
Саясаткер Уәлихан Қайсаров.

– Меніңше, билік партиясы үшін бар жауапкершілікті оппозицияға ысыра салған ыңғайлы, – дейді ол.

Оның үстіне Қазақстан басты сауда әріптестері – Ресей мен Қытай экономикалық дағдарысқа ұшырап жатқан қазіргі тұста парламентте заңды оппозициялық депутаттарға орын беру арқылы көмек қолын созатын Батыс елдерімен араны жақсарта алады деген де болжам бар.

Ал Ержан Қарабек ЖСДП жеңіске жеткен күннің өзінде бұл алдын ала «келісілген» жеңіс болады деп санайды. Себебі «Қазақстанның жаңа тарихында Назарбаевтың басқаруындағы саяси жүйе оның авторитарлық билігіне қызмет ету мақсатында ғана жұмыс істейді» дейді ол.

Билік ауысатын уақыт таяп қалғандықтан Қазақстан үкіметіндегі кейбір адамдар алдағы жылдары парламентте оппозицияның үні мүлде шықпағанын тілеп жүруі де мүмкін. Ал басқалар заң шығарушы органда оппозиция өкілдері болмаса, «екінші» президентті заңдастыру қиын болар деп уайымдап жүрген болуы да ықтимал.

Джоанна Лиллистің айтуынша, «парламентке оппозиция өкілдері өтетін болса, онда бұл – өзгерістің белгісі». Бірақ ол оппозицияның парламенттен орын алатынына күмәнмен қарайды.

Пікірталасқа қатысушылар Қазақстандағы оппозицияның әлсіреп бара жатқан рөлін де талқыға салды. Бір кездері елде бірнеше ықпалды оппозициялық саяси күш болған. Бірақ 2002 жылы қабылданған саяси партиялар туралы жаңа заң басқа талаптармен қоса саяси ұйымның кемінде 50 мың мүшесі болуы керек деген ереже енгізді, ал бұрын 3 мың мүшесі бар саяси ұйымдар партия ретінде тіркеле алатын. Соның кесірінен Қазақстанда саяси партиялар саны 19-дан 7-ге дейін азайды.

Журналист Ержан Қарабек.
Журналист Ержан Қарабек.

Ержан Қарабек оппозицияның осыдан 10 жыл бұрынғы екі жетекшісі өлтірілген оқиғаға дейін үлкен күш болғанын еске салды. Оның айтуынша, Қазақстандағы оппозициялық саяси партиялар мен тұлғаларды «қуғындау дәстүрінің» көршілес Түркіменстан мен Өзбекстаннан айырмасы жоқ.

Оның үстіне, халықты дауыс беруге тарту да үлкен мәселе. Мұның алдындағы мәжіліс экономикалық дағдарысқа байланысты мерзімінен бұрын тарап кетті. Биліктегілер мұндай қысылтаяңда жаңа мандаты бар депутаттардың жұмысқа кірісуі қажет деген байлам жасады. Сайлауға жұрт аз қатысса, халық жаңа депутаттардың елдің күрделі мәселелерін шеше алатынына сенбейді деген сөз. Сондықтан билік партиясы депутаттар тізіміне "жұлдыздарды" көп қосты.

– Партия тізімінде саясатқа қатысы жоқ тұлғалар көп. Мәселен, жеке басқа табынуды дәріптейтін фильмдерде Назарбаевтың бейнесін сомдаған жас актер Нұрлан Әлімжанов, басқа да әншілер бар, – дейді Ержан Қарабек.

Лиллис те партияның тізіміне қатысты пікір айтты. «Көп сарапшылар Қазақстанның соңғы 20 жылдағы ең ауыр дағдарысты бастан кешіп жатқанын айтып отыр, осындай кезеңде партияның елді экономикалық тығырықтан шығаратындай әлеуеті жоқ адамдарды партия тізіміне көптеп қосуы таңқалдырады» деді ол.

Бірақ ол «Нұр Отанның» тізімінде 127 кандидаттың бар екенін еске салды.

– Бұл адамдар парламентке депутат болып бара қоймас. Демек, сыншылар айтып жүргендей, олар осындай алдау жолымен сайлаушылардың көп дауысын жинамақ, – дейді Лиллис.

Қайсаровтың айтуынша, «Нұр Отанның» партия тізіміне әншілерді қосуы – дауыстарды өздеріне тартудың амалы ғана, себебі «Нұр Отанда» жаңа адамдар мүлде жоқ».

Қазақстан заңына сәйкес, жаңа парламент сайланған соң үкімет жаңадан жасақталады. Мұрагерлік мәселесі тұрғысынан алып қарағанда, президент Назарбаев пен оның айналасындағылардың осы сәтті пайдаланып ықтимал қарсыластарын ысырып тастауға күш салуы әбден мүмкін.

Материал ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG