Үйден де қымбат аялдама
Астанадан 70 шақырым жердегі Оразақ ауылындағы 200 отбасы үшін қоспәтерлі 100 үй салынды. Былтыр селден зардап шеккендерге өтемақы ретінде салынған әр үйдің аумағы – 80 шаршы метр. Сырты ақ кірпіштен қапталған, ішкі қабырғасы «сэндвич панелден» салынған. Ауыз суы, дәретханасы ішіне кіргізілген. Үш бөлмелі бір үйді салуға 8 миллион теңге жұмсалған. Ал Астанадағы ондаған жылы аялдаманың әрқайсысының көлемі 12-16 шаршы метр. Қабырғалары қосқабатты әйнекпен қапталған. Аялдама іші жылытылады. Ауа желдеткіш пен wi-fi қызметі іске қосылған. Жергілікті басылымдардың жазуынша, ішіне оншақты адам сиятын бұл аялдаманы салуға 10 миллион теңге кеткен.