Бүгін 30-ға жуық жұмысшы наразылық білдіріп, компания офисінің алдына жиналды. Олар өздерінің Назарбаев әуежайы маңында құрылыс нысанын салып жатқандарын айтады. Жалақысыз қалып, қиналғандардың бірі 54 жастағы қала тұрғыны Мұрат Тайлақбаев оқу жылы басталған кезде осындай жағдайға ұшырап қиналып қалғанын айтады.
- Бәріміздің де бала-шағамыз бар. Балаларды киіндіру керек, мектепке әзірлеу қажет, кредит төлеу керек. Жанымыз қиналған соң осында келіп тұрмыз. Жұмыс жоқ. Ақымызды күнде ертең береміз деп айтады, - дейді ол Азаттыққа.
Құрылысшылар жалақы жайын сөйлесу үшін компанияның кеңесіне кіруге тырысқанымен, оларға күзет кедергі келтірді. Алайда жұмысшылар кеңсе алдында тұрған кезде күзет қызметі әлдекімдердің шақыруымен келген полицияны кеңсе аумағына бірден кіргізіп үлгерді.
Соңынан компания басшылығымен телефон арқылы сөйлесудің сәті түсті. Компания директорының сөзінше, мәселе жуық арада шешілетінге ұқсайды.
- Қорда ақша жоқ. Жалақы бері мүмкіндігі жоқ. Біз өзіміз қарыз алып отырмыз. Жұмысшыларды қолдау үшін оларға 50 мың теңгеден аванс қана бере аламыз, - деген «СТС Генподряд» компаниясының директоры Вячеслав Запорожецтің айтуынша, компания енді әр жұма сайын жұмысшылардың жалақысын бөліп бере бастайды.
Сұрастыра келгенде, кейбір құрылысшылардың аталған компанияға жұмысқа орналасуына қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы көмектескендігі белгілі болды. Бүгін жұмысшылардың айлық алмағанын естіген осы басқарма қызметкерлері де компания кеңсесіне келді. Алайда, олар кіммен, не жайында сөйлескенін тілшілер мен жұмысшыларға айтудан бас тартты.
Компания басшылығының жұмысшылардың бірінен «кешке дейін 50 мың теңгеден ақша береміз» деген сәлемін естіген құрылысшылар кеңсе алдынан тарап кетті.
2014 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп жатқан украиналық «СТС Генподряд» компаниясы басшылығының сөзінше, тамыз айында Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы аумағындағы құрылыс нысанында 47 адам жұмыс істеген.
ВИДЕО: Құрылысшылар наразылығы