Accessibility links

Шенеунік сөзі шерліні күйзелтті


Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев "Зимняя вишня" сауда орталығындағы өртке қатысты брифингте отыр. Кемерово, 26 наурыз 2018 жыл
Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев "Зимняя вишня" сауда орталығындағы өртке қатысты брифингте отыр. Кемерово, 26 наурыз 2018 жыл

Кемероводағы "Зимняя вишня" сауда орталығында болған қайғылы оқиғаға қатысты ресейлік шенеуніктердің өрескел пікірі көпшілікке тосын естілді: Владимир Путин балалар қазасынан соң демографиялық статистика бұзылды деп реніш білдірсе, Аман Төлеев Кемеровода орталық алаңға жиналған қала тұрғындарын "шатақ іздеушілер" деп жазғырды, Сергей Кириенко қайғылы оқиғадан кейін "бұрыннан мәлім арандату әдіс-амалы қолданылғаны" туралы айтса, тағы да сол Путин әлеуметтік желілерде бәзбіреулер, соның ішінде "шетелде отырғандар" да, жұрт арасында "үрей" мен "сенімсіздік" қалыптастыру үшін іріткі тастады деп мәлімдеді.

Батыс Сібір аймақтарының жаңа саяси тарихын зерттеуші, Новосибирскіде тұратын саясаттанушы Дмитрий Пучкин Кемероводағы өрттен кейінгі биліктің реакциясын таңғажайып қылық емес дейді. Оның пікірінше, мұндай оғаш көрініс бүкіл Ресей үшін де, сонымен бірге 20 жылдың ішінде Ресейдің ең демократияшыл аймағынан "Сібірдегі Шешенстанға" айналған Кузбасс үшін де кемеліне жеткен авторитаризмнің заңды жемісі іспеттес болып отыр.

- Кемерово шенеуніктерінің қайғылы жайтқа қатысты пікірі көпшілікті шошытты десек артық айтқандық болмас. Алдымен Аман Төлеев "шатақ іздеген 200 адам" туралы айтса, кейін вице-губернатор Сергей Цивилев өртте отбасының бес адамынан айрылған ер адамды "қасіретті өзіңді жарнамалауға пайдаланып тұрсың" деп айыптады. Ал наурыздың 28-і күні Кемерево облысының тағы бір вице-губернаторы Владимир Чернов наразы тұрғындардың жаппай шеруге шығуын "биліктің беделін түсіруге бағытталған мұқият жоспарланған акция" деп атады. Бұндай реакцияны немен байланыстырасыз?

- Бұл пікірлердің ешбіріне таң қалмадым. Бұл аймақта мұндай мәлімдемелер жиі жасалады, бірақ "электоралдық сұлтанатқа" айналған Кемерово облысында еш өзгеріс болмайтындығына көпшіліктің көзі әлдеқашан жетіп, бойы үйреніп кеткендіктен ол туралы федералдық деңгейде айтылмайды. Қазір мемлекет көлемінде "жұмсақ авторитарлық режим" орнап алса, Кузбасста – қатаң авторитарлық режим бекіген. Бірақ ондағы авторитаризм бірінші тұлғаның беделіне сүйенеді. Сондықтан ол да, оның қарамағындағылар да соңғы жылдары осындай мәлімдемелер жасағыш боп алды. Мысалы, былтыр Алексей Навальныйды қолдайтындар акциясы немесе "көмірге қарсылық" (кен өндірушілерге жерді сатуға және бақылаусыз өткізіп беруге, сондай-ақ Кузбасс аймағында жаңа кен орнын ашуға қарсы – Азаттық) шерулері кезінде оларға қарсы ойларына келгенін айтты.

Ақпарат алаңында тек ресми жаңалықтар беріледі. Қоғамдық пікір қалыптастыра алатын, билікке тәуелсіз дейтіндей еш тұлға жоқ. Мұндағылар 1999 жылдан бері осындай режимде өмір сүріп жатыр

Олардың бұлай сөйлеуінің тағы бір себебі, Кузбасста тек мемлекеттік БАҚ бар, оппозиция деген мүлдем жоқ. Бұл аймақ саяси тұрғыда Кавказдың кей республикаларына аса ұқсас: бұл жерден азаматтық қоғам нышандарын таппайсыз, тәуелсіз қоғамдық ұйымдар, оппозициялық саяси партиялар жоқтың қасы. Тіпті жүйеге енетін партиялардың өзінен Ресей Федерациясы коммунистік партиясы (КПРФ) мен Ресей либерал-демократиялық партиясы (ЛДПР) ғана бар, оның өзінде соңғы жылдары олардың аты бар да, заты жоқ. Ақпарат алаңында тек ресми жаңалықтар беріледі. Қоғамдық пікір қалыптастыра алатын, билікке тәуелсіз дейтіндей еш тұлға жоқ. Мұндағылар 1999 жылдан бері осындай режимде өмір сүріп жатыр.

- Аман Төлеев пен төңірегіндегілері төтенше оқиғалар кезінде, мысалы, шахтада апат болғанда өздерін үнемі осылай ұстай ма?

- Әрине, үнемі олай емес. Біріншіден, Кузбасс 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында демократиялық өзгерістердің катализаторы болған. Екіншіден, Аман Төлеев аймақ басшыларының ішінен алғаш болып өз бастамасы бойынша 1991 жылғы президенттік сайлауға қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді (6,8% дауыс алған - Азаттық). Жұртты азуына қарата білетін ол халықтың сөзін сөйлейтін адам болып көрінетін. Жергілікті халық арасында беделі мықты еді, сол кезде облыстық кеңес деп аталатын жергілікті заң шығару органының жетекшісі ретінде жұртқа ашық болды. Сол кездегі атқарушы билік оны құртуға тырысты, халық оны батыр тұлға санайтын. Ол кезде Төлеев әлі губернатор емес еді. Губернатор болған соң да бастапқы кезде өте ашық ақпараттық саясат жүргізді. Атап айтқанда, Кузбасс аймағы Ресей үшін тың ақпараттық бастаманы іске асырды: Төлеев билік еткен алғашқы жылдары жергілікті телеарнадан берілген "Халық бюджеті" бағдарламасында облыс әкімшілігі халықтан жиналған ақшаның қайда жұмсалғанын күн сайын түсіндіріп отыратын.

Аман Төлеев пен Ресей президенті Борис Ельцин мерекелік шеру кезінде. Новокузнецк, 1 мамыр, 1991 жыл
Аман Төлеев пен Ресей президенті Борис Ельцин мерекелік шеру кезінде. Новокузнецк, 1 мамыр, 1991 жыл

Ал кейін соң саяси бәсекелестік жоқ аймақтарға тән ауру басталды, Кузбасстағы саяси бәсекелестік құрдымға батқан сайын оппозицияның да үні өшіп, басшының "кеудесіне нан пісті". Жергілікті билік басындағылардың да "биті семіріп", ойларына келгенін жасайтын болды. Басында халықпен сауатты диалог құрайтындар қазір тек монолог оқиды.

Ал төтенше жағдайлар туындап, шахталарда апат болған кездері билік өкілдері кейде бір кездегі ескі дағдыны естеріне түсіріп, пиар-технология тілімен айтқанда, дағдарысты бәсеңдетуге тырысады. Қазір енді ол дағдыларын да ұмытқан. Кей бақылаушылардың пікірінше, Аман Төлеев сайлаудан соң үш жыл бойы "ақсақ үйректің" кейпін киіп отыр. Бұл өзі Ресей үшін ерекше тәжірибе. Саяси ортаның көптеген өкілдері 2015 жылдан бері Төлеевтің биліктен кетуін күтіп отыр және оның кететіні де мәлім, бірақ сол кетуінің өзі тым ұзаққа созылды. Тұтқиылдан келген мына оқиға мұндай жағдайда халықпен қалай сөйлесіп, қандай саясат жүргізу керектігін және басқа іс-әрекеттерді қалай атқаруды жергілікті биліктің жадынан жоғалғанын көрсетіп берді. Тіпті сөйлессем деген ниет танытпады. Төлеевтің орнына кім келетіні, қазір жергілікті басшылық қызметтерде отырғандардың болашағы – бәрі бұлыңғыр. Сондықтан да олар ойларына келгенін жасайды.

- Федералдық телеарналардың қайғылы оқиғаны құлықсыз хабарлап, көбіне Путиннің сайлаудағы жеңісіне баса мән бергені байқалды. Әлеуметтік желі қолданушылары өздері тұратын Кемероводағы жергілікті БАҚ хабарлары да сондай болғанын айтады. Неліктен олай болды? Ресей тарихында болған басқа жағдайлар кезінде, мысалы, цензура анық байқалған Беслан оқиғасы кезінде де дәл мұндай үнсіздік болмаған еді ғой.

- Оның себебі қарапайым деуге болады. Биыл көктемде федералдық деңгейдегі күн тәртібінде сыртқы саясат тақырыбының алға шыққанына төрт жыл толады, ал жергілікті мәселенің бәрі кейінге ысырылып жатыр. Ақпараттық бағдарламалар мен экранды жаулап алған көптеген ток-шоулардан да соны байқаймыз. Президенттік сайлау кезінде біздің халыққа, менің ойымша, бұрын-соңды болмаған тәжірибе жасалды: адамдардың көңіл-күйін бұзуы мүмкін деген тақырыптың бәрі соңынан көрсетілді немесе мүлдем айтылмады. Оның жарқын бір мысалы – мектептерде қару қолдану оқиғалары туралы орталық телеарналар тәуліктің бірінші бөлігінде айтты да, қорытынды жаңалықтарда ауыз ашпады. Өзге көп адам тәрізді мен де мұның бәрі сайлау науқаны аясында болып жатқан шығар деп ойладым, себебі, Путин жеңген соң сыртқы емес, ішкі саясатқа мән береміз деген еді. Бірақ ол сондай көлгір саясат немесе телеарналар өз ойнын жүргізіп жатқан тәрізді.

Кемероводағы қайғылы оқиғада адамдар қаза болғаны туралы алғашқы хабарлардан кейін 8 сағат өткенде орталық телеарнадан көрсетілген Дмитрий Киселев жүргізген "Вести недели" бағдарламасының скриншоты
Кемероводағы қайғылы оқиғада адамдар қаза болғаны туралы алғашқы хабарлардан кейін 8 сағат өткенде орталық телеарнадан көрсетілген Дмитрий Киселев жүргізген "Вести недели" бағдарламасының скриншоты

Айтпақшы, телеарналар да бұрынғы дағдыларынан жаңылған. Мысалы, Беслан оқиғасын еске алдыңыз, ондай қайғылы жайттар өте көп болды ғой, соның бәрін дұрыс жеткізбеді деп тележурналистерді көп сынаған болатын. Әйткенмен олар ресейлік материалдардан үйреніп, тәжірибе жинады, кейін соны халықаралық деңгейде түрлі төтенше жағдайларға қолдануға тырысты, оны әсіресе украиналық материалдарға қатысты жақсы қолданды. Бірақ олар ресейлік материалдар бойынша ақпарат беру дағдысын жоғалтып алған. Тіпті осы қазір федералдық арналары эфирінен [Кемероводағы қайғылы оқиғаны] көптеген мәселелерді ашып айтпай, айналсоқтап қана берді. Бұл оқиғаны көп айтылып, бір аптадан соң ұмыт болатын әшейін бір техногендік апат ретінде көрсетілді. Соңғы ток-шоуларда не нәрсенің бәрі айтылғанымен, нақты жағдайға саяси баға беруге келгенде тіс жармады.

Жұрттың көбі әртүрлі әлеуметтік төлемдердің арқасында күн көреді, оны биліктің сыйы ретінде қабылдайды

Неге бұлай жасап отырғандары түсінікті де, бұл туралы бүкпесіз айту "Пандора қорабын" ашқанмен бірдей болмақ, онда басқа аймақтардағы жағдайды да талқылауға ниет туады, ал ондай аймақтар бізде жетіп-артылады. Кемеровоның ақпараттық күн тәртібіне келсек, тағы да қайталап айтамын, ол жақта жұрт аймақтағы жағдай туралы ашық, толымды әрі жан-жақты мәлімет алуға үйренбеген. Бізге саяси тәжірибе жасалған уақыт ішінде жергілікті халықтың саяси мәдениет деңгейі тобықтан төмен түсіп кеткен. Бір кездері еркіндік сүйгіш, тәуелсіз, күллі Сібір бойынша демократиялық дәстүрі жағынан алғашқы үштікке енген аймақта қазір саяси мәдениеттің тамтығы да қалмаған, бұл жағынан тұрғындары әлі сәби тәрізді деңгейде.

Кузбассқа патернализм тән. Бұл жағынан аймақ Кавказ республикаларымен қатар тұр дауге болады. Төлеев бұл жерде "ресейше шағын социализм" орнатып қойған, жұрттың көбі әртүрлі әлеуметтік төлемдердің арқасында күн көреді, оны биліктің сыйы ретінде қабылдайды. Соның есебінен күн көруге үйренгені соншалық, аймақтағы режим ауысса осы субсидия, жеңілдіктерден айрыламыз деп қорқады.

- Бұл жағдай өзгереді, "Зимняя вишня" сауда орталығындағы өртке биліктің білдірген реакциясынан кейін Кемерово облысында наразылық күшейіп, оппозициялық көңіл-күй орнайды деп санайсыз ба?

- Ол үшін билік әлі көптеген қате жіберуі керек шығар деп ойлаймын. Путин жергілікті билікпен салыстырғанда дағдарыс кезінде қалай әрекет етуі жағынан өзін сауатты маман ретінде көрсетті. Ол оқиға орнына келіп, адамдармен сөйлесті, қажетті сөздерді айтты. Оның жүріс-тұрысы президенттік қызметін алғаш бастаған жылдардағы іс-қимылының көшірмесі іспетті – Шешенстандағы оқиға уақытында, "Курск" сүңгуір қайығы апатқа ұшыраған кездегі іс-әрекетін қайталады. Өзіне ұнаса да, ұнамаса да адамдармен кездесіп, олармен сөйлесті, айтқанын тыңдады.

- Бұл жерде сізбен келісе алмаймын. "Курск" сүңгуір қайығы апатынан кейін Путинді "Ол батып кетті" деп салқын сөйлегені үшін сынаушылар көп болды. Қазір де өрт болған жерге екі күннен кейін барды, алаңдағы адамдардың арасына бармады, дәлізде бір-екеуімен ғана кездесті. Путиннің бұл жердегі іс-әрекеті қатты сынауға тұрарлық.

- Жоқ, мен оның өткен жылдардағы өзінің кей іс-әрекеттерін қайталауға тырысқанын айтып отырмын. Президенттік қызметін жаңа бастаған кездегі адамдармен қарым-қатынас тәжірибесін қазіргі шаққа бейімдеп қайта қолданбақ болды. Әрине, бұл бұрынғыдан өзгерген түрі болатын. Әдетте авторитарлық режимнің тәжірибесі мол жетекшілері кеудесіне нан піскенде тіпті мұндай да қимыл танытпайды. Ал бұл өз тәжірибесінің жұртқа жағымды көрінетін кей элементтерін қолдануға әлі де қабілетті екенін көрсеткендей болды, - дейді Дмитрий Пучкин.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутовтың мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG