Қазанның 12-сі күні "РИА Новости Крым" ақпарат агенттігі Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен ішкі істер министрлігінің өкілдері Қырымдағы "Хизб-ут Тахрир" ұйымының мүшелеріне қарсы арнайы операция жүргізгенін хабарлады.
"Сәрсенбі күні (түбектегі) елді мекендерде тінту жүріп, Ресейде (террористік ұйым ретінде) тыйым салынған "Хизб-ут Тахрир" басшылары ұсталды. Тінту жұмыстарының бес жерде өткені нақты ақпарат" деп хабарлады ресейлік агенттік.
Қырым саясаттанушысы Элеонора Дюльбер ФСБ-ның нақты кімге келіп, қандай ауылдағы қай үйде тінту жүргізгенін Facebook парақшасында атап жазды.
"Тінту жұмыстары жүріп жатқан қырым татарларының тізімі: Рүстем Исмаилов, 32 жаста, Каменка (ауылы) ; Абдуллаев Узаир, 42 жаста, Строгоновка (ауылы); Абдуллаев Тимур, 41 жаста, Строгоновка (ауылы); Жемадинов Еміл; Салединов Айдер" дейді Дюльбер.
ВИДЕО: Полиция әрекеті туралы Рүстем Исмаиловтың әйелінің айтқаны
Строгоновка ауылы тұрғындары Азаттықтың "Крым.Реалии" қызметіне үйлеріне тінту жүріп, өздерін ФСБ алып кеткен Айдер Салединовтің биыл Меккеге қажылыққа, Еміл Жемадиновтің қажылыққа былтыр барғанын айтты. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, қамалған Узаир Абдуллаевтың - төрт, Тимур Абдуллаевтың бес баласы бар.
Ұсталғандардың бәріне "терроризмді ұйымдастыру мен оған қатысу" (Ресей қылмыстық кодексінің 205.5-бабы, 1- және 2-бөлімі) айыбы тағылған. "Тимур Абдуллаевқа 205.5-баптың 1-бөлімі, Узаир Абдуллаев, Рүстем Исмаилов, Айдер Салединов пен Еміл Жемадиновке 205.5-баптың 2-бөлімі бойынша айып тағылды. Оларды ФСБ басқармасына алып кетті. Сол жерден сотқа апарып, қамауға алу шешімін шығаратын шығар. Сотқа дейін олар уақытша изоляторда отырады. Жергілікті полицияның ондай түрмесі бар" деді адвокат Еміл Курбединов.
Адвокат қырым татарларын осылайша қамауға алу - "[Қырым түбегіндегі] мұсылмандарды, оның ішінде қырым татарларын қорқыту әрекеті" деп түсінеді. Курбединов қамалғандардың үйлерінен діни әдеби кітаптар табылғанын, ешқандай қару-жарақ болмағанын айтты.
Facebook әлеуметтік желісінде Шевкет Наматуллаев есімді қолданушы "Тінтуге ұшыраған азаматтар жақында Меккеден қажылықтан оралғанын", "тінту жүріп жатқан кезде "шешесі едім" деп келген әйелді полиция үйіне кіргізбей, оның талып қалғанын" жазды.
Ал адвокат Еміл Курбединов "Қырым татарларына жүргізілген тінту"Хизб-ут Тахрир" ұйымына қатысты болады" деп болжайды.
Курбединов Fаcеbook-те де "Мұсылман дінін ұстанатын Қырым татарларының үйлеріне тінту жүргеніне қарап, оларға "Хизб-ут Тахрирға" қатысты айып тағылатын шығар" деп жазды.
Ал екінші адвокат Эдем Семедляев қазанның 12-сі күні ФСБ-нің "заңсыз жүргізген тінтуі" кезінде қорғауындағы адаммен жүздесе алмағанын хабарлады.
"Клиентім Еміл Жемадиновке таңғы сағат 6:50-де келдім. Мені тінту жұмысын қадағалауға тергеуші кіргізбей қойды. Оның бұл әрекетіне шағым түсіреміз. Тінтудің заңсыз өткенін сот мойындауы тиіс" деді адвокат.
Украина сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Марьяна Беца Twitter парақшасында "Қырым татарларының қудалануын оккупанттың мақсатты саясаты" деп бағалап, Ресей аннексиялап алған Қырымда адам құқығын бұзбауға шақырды.
Қырым аннексиясынан кейін түбектегі тәуелсіз журналистер мен белсенді Қырым татарларын, Межлис (Қырым татарларының ұлттық құрылтайы - ред.) мүшелерін тінту, қудалау көбейіп кеткен. Украина сыртқы істер министрлігі аннексияланған Қырымдағы Украина азаматтарының қуғынға ұшырауына алаңдап, халықаралық қауымдастыққа үндеу жасады. Үндеуде халықаралық ұйымдар саяси және басқа да құқықтық жолдар арқылы Ресейге қысым жасап, Ресейдің түбектегі адам құқығы мен сөз бостандығын шектеуін тоқтатуға себепші болуға шақырған.