Accessibility links

Миллион доллар тұратын депутат мандаты


Қырғызстан палрламентіның отырысы. Бішкек, 30 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырғызстан палрламентіның отырысы. Бішкек, 30 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстандағы партиялар ақшаны үгіт-насихат шаралары ғана емес, депутат мандатын тікелей сатып алуға да жұмсайды.

Қырғызстандағы сайлауалды науқанға партиялар 600 миллион сом, яғни тоғыз миллионға жуық доллар жұмсап үлгерген. Бірақ олар ақшаны үгіт-насихат шараларына ғана жұмсап жатпағаны анық. Кейбір кандидаттар сайлаушылардың дауысы үшін күресіп жатқанда, біреулері депутат мандатын сатып ала салады.

«Ақ үйдің» (халық парламент ғимаратын осылай атайды) кезінде шынымен Ақ болғанын ел тәуелсіздігі күні қарсаңында ғана еске алды. Ғимараттың сыртын қос революциядан кейін қалған кір мен ыстан алғаш рет жуып-шайып, ал жаңа Жогорку Кеңештің (парламент) жаңа шақырылымына орай ішін жөндеуге кірісті.

Ғимараттың фойесі мен дәліздерінде тұрған құрылыс сатыларын әлі әкетпеген. Мұндағы әктеу, сырлау жұмыстары талай күнге созылатын сыңайлы. Биыл күзде жөндеуден өтіп жаңарған парламентке 120 жаңа депутат кіреді. Айтпақшы, олардың мандаты бұрынғы сайлауға қатысушыларға қарағанда, иелеріне біраз қымбатқа түсетін түрі бар.

– Жалпы, сайлау да казино ойыны сияқты. Ұтыс тігіп алып, ұтылып қалуға болады. Тіпті көп ақшадан ұтылуың ғажап емес, - дейді саяси белсенді Әділ Тұрдықұлов.

Егер жеке тұлғасына қатысты жағымсыз дау-жанжалдар болмағанда, Әділ Тұрдықұловты ресейлік оппозиционер Алексей Навальныймен салыстыруға болар еді. Қырғызстанның лауазымды шенеуніктерінің арасындағы «откаттар» мен жемқорлық жайлы Тұрдықұлов талай қызық жайттарды біледі. Қоғамдық қайраткер қазір ең өзекті болып отырған мәселе – «партия ұсынатын кандидаттар тізіміне ілігу қанша тұрады?» деген сұраққа жауап іздейді.

– Жұрт бір миллион долларға дейінгі түрлі цифрларды атап жүр. Бұл шалқадан түсіретіндей жаңалық емес, мұны құбылыс ретінде қабылдау керек, - дейді белсенді.

Партия тізімдеріндегі орындардың саудаға салынатынын қазіргі шақырылым депутаттары да ашық айтады.

– Кейбір партиялар маған «кемі 50 мың доллар берсең, тізімге кіргіземіз» деген ұсыныс жасаған. Демек, екінші ондыққа ілігесің деген сөз. Ал кей партиялар екінші ондыққа ілігу үшін 180 мың доллардан көп сұраған, - дейді парламент депутаты Тұрсынбай Бәкір.

Кейін депутаттар жұмсаған ақшасын қалай қайтаратынын болжау қиын емес. Қырғызстан парламенттік республикаға айналғаннан бері министрлер кабинетін парламентте көпшілікті құрайтын коалиция қалыптастырады.

– Партия кассасына қомақты ақша төлейтін адамдар әдетте сайлауалды науқан кезінде әлдебір министрлік немесе тым құрығанда, елшіліктерге қолқа салады. Ақшаны мемлекеттік компаниялардан сұрайды, - дейді Қырғызстан парламенті депутаты Равшан Жиенбеков.

Әйткенмен партия тізіміне тегін ілігетін кандидаттар да бар. Олар – халыққа танымал әрі электорат сенімін ақтаған адамдар. Өйткені сайлаушылардың дауысы үшін күрес бәрібір жүреді. Бірақ, сарапшылардың болжамынша, сайлауда жеңетініне ешқандай саяси күштің кәміл сенімі жоқ.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшілері Жібек Бегалиева және Азат Ынтымақовтың мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG