Accessibility links

Атамбаев Еуропа Одағын «алалады» деп сөкті


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) және Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 27 наурыз 2015 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) және Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 27 наурыз 2015 жыл.

НАТО бас хатшысы Еуропа Одағын Украина, Молдова мен Грузияға көбірек көмектесуге шақырды. Ал Еуропада жүрген Қырғызстан президенті «біздің елге жәрдемдеспейді» деп Еуроодақты сөккен.

Кеше Брюссельде өткен Еуропарламент отырысында Солтүстік Атлантикалық әскери альянс (НАТО) басшысы Йенс Столтенберг НАТО мен Еуропа Одағы екеуі бірлесіп Украина, Молдова және Грузияны көбірек қолдауы тиіс деп мәлімдеді. Столтенбергтің сөзінше, мұндай қолдау «үш елдің Ресей қысымына төтеп беруіне» көмектеседі.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, сол күні Брюссельде өткен «Демократиялық Қырғызстан» фотокөрмесінде президент Алмазбек Атамбаев «Еуроодақ өзге елдердегі демократиялық құндылықтарды қолдауда алалайды» деп кейіген.

Оның наразы болу себебі: кезінде Еуропа елдері басшылары 15 миллион еуро көлемінде көмек сұраған Қырғызстанның өтінішін орындамаған. «Ал Украинаға миллиардтаған көмек көрсетіліп отыр. Еуроодақ Қырғызстанның биліктен қуылған президенті Құрманбек Бакиев, оның туыстары мен жақын серіктері елден әкеткен ақшаны қайтаруға да көмектеспеді» деп қынжылыс білдірген Алмазбек Атамбаев. Қырғызстан президентінің пікірінше, Еуроодақ қырғыз халқының демократиялық билік орнатуға талпынысын қолдамай отыр.

Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақтан екінші) Грузия, Украина және Молдова премьер-министрлерімен. 28 мамыр 2014 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақтан екінші) Грузия, Украина және Молдова премьер-министрлерімен. 28 мамыр 2014 жыл.

Қырғызстандық саясаткер Еділ Байсаловтың Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, Еуропада Қырғызстанды ресейшіл позиция ұстанатын ел деп қабылдайтын көзқарас бар.

Оның пікірінше, Еуропа елдерінен инвестиция тарту мүмкіндігі аз болуының себебі - Қырғызстанда инвестиция құюға қолайлы жағдай жасалмаған. Сенім болмағандықтан «Жерүй» алтын кенішін сатып алуға батыс компаниялары қызығушылық танытпайды дейді ол. Еділ Байсаловтың айтуынша, аукционға қатысуға «Қырғызалтын» компаниясы мен Ресейдің екі кәсіпорны ғана өтініш берген.

Саясаткер Байсалов елдегі демократиялық күштер сынаған «шетел агенттері» туралы заңды қабылдаған Қырғызстанға Еуропа Одағы әлдебір ақшалай грант бөледі дегенге сенбейді.

Еділ Байсалов – Ресей, Қазақстан, Беларус және Армения кіретін Еуразия экономикалық одағына Қырғызстанның қосылуына қарсы болғандардың бірі. Кремль басқаратын одаққа Қырғызстан жоспар бойынша биыл мамыр айында мүшелікке өтуі тиіс.

Ал Украина, Грузия және Молдова Еуропа Одағымен ассоциация құру туралы келісімге қол қоюды ұйғарған.

XS
SM
MD
LG