Accessibility links

Атамбаевтың тиіспеушілік статусы - қыл үстінде


Алмазбек Атамбаев, Қырғызстанның бұрынғы президенті
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстанның бұрынғы президенті

Қырғызстан депутаттары бұрынғы президенттерді тиіспеушілік құқығынан айыратын заң жобасын алдын ала мақұлдады. Заң біржола мақұлданса, Алмазбек Атамбаевтың жауапқа тартылуы мүмкін.

Қарашаның 27-сінде Қырғызстан парламентінің заң істері комитеті бұрынғы президенттерді тиіспеушілік құқығынан айыру туралы заң жобасын бекітіп, талқылауға жөнелтті.

Бұл шешім Социал-демократиялық партияны басқаратын Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен оның орнын басқан қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің арасы ушығып кеткенде қабылданды.

Комитеттің шешімі жарияланардан бірнеше сағат бұрын оппозициялық партиялар мен топтар Бішкекте журналистердің алдында мәлімдеме жасап, "2010 жылғы сәуір революциясының мақсат-мұратын сатып кеткені үшін және жеке-дара билеп-төстегісі келгені үшін" Атамбаевтың жауапқа тартылуын қалайтындарын айтты. Сәуір революциясы кезінде бұрынғы президент Курманбек Бакиев өзінің алдындағы Асқар Ақаевтың кебін киіп, биліктен күшпен тайдырылған еді.

Оппозициялық партиялар мен ұйымдардың өкілдері өткен апта болған құрылтай кезінде 2011-2017 жылдары Қырғызстанды басқарған Алмазбек Атамбаев сотқа тартылуы тиіс деп ұйғарғандарын жариялады. Олар бас прокурордан Атамбаевты тексеруді талап етеді.

Ыстықкөл облысының бұрынғы басшысы Еміл Қаптағаевтың сөзінше, Жээнбеков "жемқор басқару жүйесіне тап болған".

Қазан айында Қырғызстанның жоғарғы соты елдің бұрынғы президенттеріне заң арқылы берілген тиіспеушілік құқығын конституцияға қайшы деп тапқан.

Постсоветтік Қырғызстанда қазір тек екі бұрынғы президент тиіспеушілік құқығын иеленіп отыр. Олар - Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев. Ақаев пен Бакиев Қырғызстаннан шетке қашқанда бұл құқықтан айырылған. Екеуі де "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен сырттай ұзақ түрме жазаларына кесілген.

Соңғы айларда кейбір қырғызстандық саясаткер мен депутат Атамбаевтың президент кезінде қабылдаған шешімдерін тексеруге шақырған. Биыл оның бірнеше жақтасы жемқорлық бабы бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған.

2017 жылғы қазан айында Атамбаев қол астында премьер-министр болған Жээнбековтің кандидатурасын барынша қолдап, Қазақстан билігін "қарсылас кандидатты ашық жақтады, Қырғызстанның ішкі ісіне қол сұқты" деп айыптаған.

Бірақ соңғы бірнеше ай ішінде екі саясаткер бір-бірін "біліксіздік танытты" деп айыптап, сөзге келіп қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG