Accessibility links

Шенеуніктер "автокөлігі мен жер телімдерін жасырған"


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қырғызстанда 141 мемлекеттік қызметкердің декларациясы Бас прокуратураға жолданды. Олар "мүлкін жасырып, жалған мәлімет берді" деген күдікке ілінген.

"Мемлекеттік қызметте отырып, миллиондаған доллар байлыққа ие болған" деп күдікпен ұсталған премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Дүйшөнбек Зилалиевтің шуы бәсеңдей бастаған сәтте Мемлекеттік салық қызметі тағы бір жаңа мәлімет шығарды.

Салық қызметі шенеуніктердің декларациясын тексеріп, заң бұзу фактілерін байқаған.

Мемлекеттік салық қызметі төрағасының орынбасары Искендер Асылкуловтың айтуынша, 141 мемлекеттік қызметкер табысы жөніндегі декларацияда жалған мәлімет берген.

- Жоғары саяси, әкімшілік және арнайы қызметтерде басшы болып отырған 1101 адам тексерілді. Оның ішінен 141 адамның декларациясын Бас прокуратураға жібердік. Оларға заң тұрғысынан баға берілуі керек. Осыдан кейін ғана шенеуніктер туралы мәліметті ашық айта аламыз, - деді ол.

ДЕКЛАРАЦИЯ ТЕКСЕРУ ЖАЛҒАСАДЫ

Салық қызметіндегілер 141 адамның аты-жөнін жарияламады. Бірақ олардың 19-ы саяси қызметте отырғандар. Қалғандары - муниципалды және өзге қызметтегілер.

Искендер Асылкулов сөзінше, жүздеген шенеунік кірісін жариялаған кезде жер телімі мен автокөліктерін жасырып қалған.

- Декларацияда мүлік жөніндегі мәлімет сәйкеспей қалған жағдай көп кездесті. Атап айтқанда, декларацияда көрсетілмеген жер телімдері шығып жатыр. Оның арасында ауыл шаруашылығы жерлері де бар. Бұдан басқа, көптеген автокөлік жөнінде ақпарат жария болып жатыр. Банк есепшоттары туралы да жасырылған мәлімет бар - деді ол.

Салық қызметі келіп түскен декларацияларды одан әрі тексеріп, тағы да заң бұзушылық байқалса құзырлы органдарға тапсыратынын хабарлады. Бүгінге дейін 60 мың жуық мемлекеттік және муниципалды қызметкер декларация тапсырған.

Қырғызстанда шенеуніктерді кірісі жөнінде декларация толтыруға міндеттейтін заң 2017 жылдың тамыз айында күшіне енген. Ал олардың декларациясын қабылдау, сақтау, тергеу және талдау міндеті Мемлекеттік салық қызметіне жүктелген. Бұрын бұл іспен Мемлекеттік кадр қызметі айналысқан.

Қырғызстан билігі жаңа тәртіп жемқорлықпен күрес шарасына серпін береді деп үміттенеді. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков саясаткерлер заңсыз жолмен тапқан ақшаларын өзгелердің атына аударып, жауапкершіліктен қашатын жүйе әшкереленіп жатқанын бірнеше рет айтқан.

Оның үстіне, өткен аптада бұрынғы вице-премьер Дүйшөнбек Зилалиевтің "заңсыз жолмен байыды" деген күдікпен қамауға алынып, банк есепшоттарынан жүз мыңдаған доллар шыққалы бері бұл мәселеге көпшіліктің де назары ауып тұр.

Жогорку Кенештегі "Қырғызстан социал-демократиялық партиясы" фракциясының депутаты Абдывахап Нурбаев бұл шараны қолдайды. Депутаттың ойынша, заңсыз істерді анықтауда ашықтықты қамтамасыз ету керек.

- Декларацияны міндетті түрде тапсыру ережесі биыл күшіне енді. Кейбіреуі жаңылып қалуы мүмкін. Оны да есепке алу керек. Екіншіден, бұл істі автоматтандыру қажет. Өткенде президент айтқандай адам факторын азайтып, барынша автоматтандырып, бәрі ашық болуы тиіс. Әйтпесе бұл жүйенің өзі де жемқорлыққа ілігіп, жақсы бастама бұзылып кетуі мүмкін, - дейді депутат.

Ал Мемлекеттік салық қызметінің бұрынғы төрағасы, қазіргі депутат Исхак Масалиев декларация тексеру ісі кезінде нақтылап алатын бірнеше тармақ бар екенін айтады.

- Президент айтқандай мемлекеттік қызметкерлер барлық мүліктерін ашық жариялауы тиіс. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Бірақ Зилалиевке қарсы қозғалған қылмыстық іс өте үлкен мәселені көтерді. Күтпеген жағдайға кездестік. Өйткені декларациясы дәл келмеген мемлекеттік қызметкерді іс қозғап, қамау керек пе? Оның заңсыз жолмен ақша тапқаны дәлелденбей жатып айып тағу қаншалықты дұрыс боларын білмеймін. Бәлкім ол алма сатып тапты немесе мирас боп қалған мұра шығар? Бұл үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан осы тұсын анықтап алу керек, - дейді ол.

Президент Сооронбай Жээнбеков мүліктерін жасырғандардан бөлек, бұрын мемлекеттік қызметте отырып заң бұзғандардың да бірыңғай мәлімет базасын жасауды тапсырған. Бұл база биыл маусым айына дейін дайын болуы тиіс еді. Бірақ Жээнбековтің бұл тапсырмасы кешігіп жатқаны бірнеше рет айтылған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КІРІС ЖАРИЯЛАУ САЯСАТЫ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда 2012 жылы "Нұр Отан" партиясының "Өзіңнен баста" акциясы кезінде жоғары лауазымды шенеуніктер кірісі туралы мәліметтерін ашық жариялай бастаған. Бірақ бұл науқан жаппай қолдау таппады. Кейбір саясаткерлер мен қоғам белсенділері, заңгерлер бұл шара нәтижелі болмайтынын, Қазақстанда шенеуніктердің байлығын білу қиын екенін айтқан.

"Жемқорлықпен күрес туралы" қазіргі заңның 11-бабына сай, мемлекеттік қызметте істейтіндер жылына бір мәрте салық органдарына табыс және мүлік декларациясын тапсыруы тиіс. Бірақ оны БАҚ арқылы жариялауды міндеттейтін норма жоқ.

2018 жылы Қазақстанда "Жемқорлықпен күрес туралы" заңға толықтыруларды қабылданды. Өзгеріске сай, 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық азаматы жыл сайын табысы мен кірісі туралы декларация тапсыруы тиіс. Сондай-ақ президенттікке кандидаттар, парламент пен маслихат депутаттары, облыс, қала, аудан, ауыл, ауылдық округ, жергілікті басқару органдарының сайланған мүшелері және олардың жұбайы да табысы туралы декларация тапсыруға міндетті.

Өзгеріске сәйкес, Қазақстанда екі түрлі декларациялау жүйесі қарастырылған. Олар – бір рет көрсетілетін активтер мен міндеттемелер және жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкі туралы жыл сайын тапсыратын декларациясы.

Активтер мен міндеттемелер декларациясында адамның жинаған ақшасы мен дүние-мүлкі, оның ішінде шетелдегі активтері, банктерден өзге тұлғалардан алған қарыздары және өзге тұлғаларға берген қарызы туралы деректер көрсетіледі.

Жыл сайын тапсыратын кіріс және мүлік декларациясында азаматтың бір жылда тапқан табысы, сатып алған, сатқан және оның ішінде тіркеуге қойылуы тиіс дүние-мүлкі көрсетіледі. Бұлар – жылжымайтын мүлік, көлік, құнды қағаздар, компания не фирмалардағы үлесі. Мемлекеттік қызметкер, депутат сияқты тұлғалар жоғарыда аталған мүлікті сатып алуға жұмсаған қаражат көзін де көрсетуі тиіс.

Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, табысын жарияламағандар 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG