Accessibility links

Қырғыз сықақшылары биліктің қысымына ұшырады


Қырғыз сықақшылары
Қырғыз сықақшылары

Қырғыздың танымал әзіл-сықақ әртісі Талант Анарбаев ақпанның басынан бері аймақтарда концертін ұйымдастыра алмай жүр.

Сықақшылардың Қырғызстанда 2010 жылы болған Сәуір төңкерісі қаһармандарын әжуалаған көріністері көңіліне жақпаған парламент депутаты жақында әртістерге бақылауды күшейту туралы мәселе көтерген.

Қырғыздың белгілі сықақшысы Талант Анарбаев ақпанның басынан бері Қырғызстан аймақтарында концерт ұйымдастыра алмай жүр. Өзінің айтуынша, кейбір мәдениет үйлерінің басшылары әртістердің мекемелерінде өнер көрсеткенін қаламай, түрлі кедергілер жасап жатыр. Ал мәдениет үйлерінің директорлары мен жергілікті шенеуніктер бұл айыптауды жоққа шығарады.

Осы аралықта мәдениет министрлігі түсініспеушілік туындаған жағдайда қажет болады деп, кез келген мәдени іс-шараны міндетті түрде видеотаспаға түсіру туралы ереже енгізді.

«ҚАТАҢ ЖАЗА КЕРЕК»

Кейбір сарапшылар «әртістер 2010 жылы сәуірдің 7-сі күні болған, президент Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған төңкерістің қаһармандарын әзілге айналдырғаны үшін қысымға ұшырап жатыр» деп санайды. Жақында қырғыз парламенті – Жогорку Кенеш депутаты Мейірбек Мискенбаев «сықақшылардың концерттерін қадағалау қажеттігін» айтып, мәселе көтерген.

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі

Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі

2010 жылы сәуірдің 6-сы күні Қырғызстанның Талас қаласында басталған наразылық ел аумағындағы жаппай толқуға, толқу соңы төңкеріске ұласып, 2005 жылғы «Қызғалдақ» революциясы арқылы билікке келген президент Құрманбек Бакиев сәуірдің 7-сі күні елден қашып кетті. Сәуірдің 7-сі күні ел астанасы Бішкекте көтеріліске шыққан халықты баспақ болған полиция оқ жаудырып, 100-ге жуық адам қаза тауып (ресми дерек бойынша 87 адам), мыңнан астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінген.

Жаңа жылдық мереке кезінде Тынар Курбаналиев бастаған әртістер тобы Бішкек пен Ош қалаларында қойған концерттер кезінде сатирик Рахман Разыковтың сөзіне жазылған Сәуір төңкерісі қаһармандарының жүріс-тұрысын әзілдеген интермедияны орындаған.

Ақпан айының басында депутат Мискенбаев парламентте:

- Бұл әзілкештерге марқұмдардың [2010 жылғы сәуір оқиғалары кезінде қаза тапқандарды айтады – ред.] туғандары қатты наразы болып жатыр... Тиісті билік органдары үндемеген сайын олар ойларына келгенін айтатын болды. Бұл адамдар оңтүстік пен солтүстік мәселесін көтеріп, елді екіге бөліп жатыр. Олар – елдің әртісі емес, ақшаға сатылып, азғындағандар. Олар біздің жарқын өміріміз үшін жанын аямай, қан төккен батырлардың арқасына пышақ ұрды. Бұларды қатаң жазалау керек. Әйтпесе, демократия атын жамылып, білгенін істеп жүр, – деген.

Биліктегілерді әжуалайтын көріністерді жиі қоятын Анарбаев Азаттыққа берген сұхбатында депутаттың пікірімен келіспейтінін айтқан.

- Мен президенттен бастап депутаттарға дейін барлығын юмор арқылы сынап келемін... Мұндай нәрселер ешқайда айтылмай, жата берсе, бір күні жарылыс болады. Бұл нәрселерді ел күлкімен ұқса, біраз жеңілдеп қалады. Сондықтан елдің мәселелерін, қоғамдағы келеңсіз нәрселерді күлкі арқылы жеткізіп тұрамыз. Біз қару көтеріп, көтеріліске шыққан жоқпыз. Бұрыс нәрселерді юмормен беріп жатырмыз. Біздің аузымызды ешкім жаба алмайды, сынай береміз, айта береміз, – деген.

«АБАЙЛАҢДАР, ЖОҒАРЫДАН ТАПСЫРМА ТҮСТІ»

Әлеуметтік желі арқылы жасаған мәлімдемесінде Талант Анарбаев Сәуір оқиғаларын әзілге қосқаны үшін қысымға ұшырап жатқанын айтты.

«9 ақпанда Ноқатта концерт қоймақ болғанбыз. Бұрын залды жалға алғанымыз үшін табыстың 15 пайызын беретінбіз. Бұл жолы 600 орынға алдын ала ақша төлейсіңдер деп ауыл әкімдігі қойғызбай қойды. Бұл шенеуніктің ағасы Ақ үйде, президент аппаратында істейді екен.

Талант Анарбаев.
Талант Анарбаев.

Гүлчеде қойған концертімізді Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК), құқық қорғау органдарының қызметкерлері камераға түсіріп, «абайлаңдар, бізге жоғарыдан тапсырма түсті» деп ескертті. Ақпанның 11-і, 12-сі күндері Ошта концерт бермек болғанбыз. Драма театры директоры орынбасары МҰҚК-ден қоңырау түсті деп билет сатқызбай қойды» деп жазады Анарбаев.

Ош драма театры директоры орынбасары Шералы Бекташов концерттің өтуіне ешкім кедергі жасаған жоқ деп бұл айыптың бәрін жоққа шығарды.

- Бізге МҰҚК емес, мәдениет министрлігі ғана нұсқау бере алады. Анарбаевтың концертін өткізуге кедергі жасаңдар деп ешкім бұйрық берген жоқ. Олар өздері бас тартты, себебі бірінші күнге бар-жоғы жеті билет, ал екінші күнге екі билет қана сатылды. Концертті өткізу-өткізбеу – олардың өз шаруасы. Мұндай шараларды өткізуге кедергі жасау бізге не үшін керек? Керісінше, бізге концерттерге кісінің көп келгені жақсы, себебі табыс көбірек түседі» деді театр өкілі.

ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР

Қырғызстан мәдениет министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Құндыз Қашқынбаеваның айтуынша, министрліктің театрларға қандай шаралар өткізу керек екені жөнінде нұқсау беруге қақысы жоқ. Дегенмен, ол мәдени шаралар мен қойылымдарды қоюдың ережелерін бекітетін құжаттың әзірленіп жатқанын айтқан.

- Министрлік бұйрығында ел азаматтарының ар-намысына тиіспейтін, ұлтаралық қарым-қатынасқа кесірін тигізбейтін көркем туындыларды ғана қоюға рұқсат етілетіні айқындалады. Шара өткізер алдында әртістер осы құжатты оқып, ережелермен танысқанын мақұлдайтын қағазға қол қоюы керек. Бұл ережелер бұзылған жағдайда шара қолданылады, – деді Қашқынбаева.

Оның айтуынша, бұдан былай әрбір мәдениет мекемесінде барлық шараларды видеоға түсіретін камералар орнатылады. Министрліктің жаңа бұйрығында жазылған бұл талап заңның сақталуын қадағалау үшін қажет. Оның үстіне, министрлік осы арқылы фонограммамен ән айтатындардың проблемасын да шешуден үмітті.

Қырғызстан парламенті. (Көрнекі сурет)
Қырғызстан парламенті. (Көрнекі сурет)

Ақын Нұрлан Қалыбеков «бұл – шығармашылыққа бақылау орнату әрекеті» деп, шенеуніктердің жаңа ережелерін сынйды.

- Классикалық әдебиетте патшалар мен сықақшылар туралы түсінік бар. Халықтың көңілін көтеріп отыру үшін билеушілер сарай маңында әзілкештер ұстаған. Біздің интеллигенция осыны түсінбейтін болғаны ма? Біздің билік соншалық таяз ойлай ма? Депутаттардың арасынан көзі ашық ешкімнің шықпағаны ма? Өз басым қатты таңырқап тұрмын. Мұны юмористерді қолдау мақсатында ғана айтып тұрған жоқпын, бұл арқылы біз өзімізді бүкіл әлемнің алдында масқаралаймыз. Маңайындағылардың не істеп жүргенін президент Атамбаев біле ме екен? Оның юмористер мәселесін шешкеннен басқа жұмысы жоқ па екен? – дейді ол.

Қалыбековтың айтуынша, әзіл-сықақшылардың юморы астарлы әрі терең болуы керек, себебі сатира адамдар арасындағы байланысты жою үшін емес, адам мен қоғамның кемшіліктерін түзету үшін қажет. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті әртістердің сыни пікіріне қатысты ешқандай түсінік бермеді.

Зайырбек Ажыматовтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG