Accessibility links

Бакиевті биліктен қуған екінші қырғыз төңкерісіне жыл толды


Шерушілер Құрманбек Бакиевтің суретін өртеп жатыр. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.
Шерушілер Құрманбек Бакиевтің суретін өртеп жатыр. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

2010 жылғы сәуір оқиғаларының соңында Бакиевтің отбасылық-кландық билігі құлап, демократиялық қадамдарға жол ашылды.


7 сәуірде Қырғызстанда президент Құрманбек Бакиевті биліктен кетірген төңкеріске бір жыл толады. Бұл – қырғыз елінде соңғы бес жылда болған екінші төңкеріс. Осы оқиғадан соң елдің басты заңына өзгерістер енгізіліп, парламенттік басқару жүйесі құрылды. Бірақ бұл жолда 87 адамның қаны төгілді.

ОТУНБАЕВА БАСТАҒАН ОППОЗИЦИЯ

Осыдан бір жыл бұрын, сәуірдің 5-інде Қырғызстан оппозициясы елде жаппай наразылық шараларын өткізуді жоспарлап отырғандарын айтқан. Бұрынғы сыртқы істер министрі, оппозиция жетекшісі болған Роза Отунбаева «Біріккен халық қозғалысы» коалициясы сәуірдің 7-сінен бастап, елдегі жемқорлыққа қарсы және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының қудалануына байланысты шерулер өткізетіндіктерін жариялаған.

Оппозиция «Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің отбасы негізгі үкіметтік қызметтерді иеленіп отыр, оппозиция мен сөз бостандығына шабуылдар жалғасып жатыр» деп мәлімдеген. Ол кезде халық арасында
Президент әкімшілігі маңындағы полиция мен шерушілер қақтығысы. Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл.
электр қуатының қымбаттағанына қатысты наразылық та күшейіп тұрған.

Қырғызстанда 2010 жылғы толқу Талас қаласында басталды. Оған оппозиция жетекшілерінің шетінен қамауға алынуы түрткі болды. Жиналған халық облыстық әкімшілік ғимаратынан кейін Ішкі істер басқармасын басып алып, өрт қойды.

«ОППОЗИЦИЯ ЛИДЕРЛЕРІ БОСАТЫЛСЫН!»

Қарасы он мыңға жеткен шерушілер «Атамекен» партиясы төрағасының орынбасары Болот Шерниязовтың босатылуын талап етті. Халықты тыныштандыру үшін аймаққа барған ішкі істер министрі мен облыстық ішкі істер басшысын шерушілер аямай сабап тастады.

Қырғызстанның бас прокуроры Нұрлан Тұрсынқұлов осы кезде Бішкекте парламентте сөйлеген сөзінде: «Қазіргі уақытта тергеу тобының тыңғылықты жүргізген мәліметтеріне қарағанда, Талас қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер – халықтық толқулар емес, «құрылтай» деген нәрсені өткізу арқылы билікті күшпен басып алу үшін алдын-ала жоспарланған, жақсы ұйымдастырылған шаралар болды», – деді.

Қырғызстанның бірқатар аймағында халық толқулары күшейіп кетті. Ақсыда жергілікті үкімет үйін басып алғандар өз әкімдерін жариялап жіберді.
Сол кездегі қырғыз премьер-министрі Данияр Үсенов. Бішкек, 6 сәуір 2010 жыл.
Тоқмоқта жиналған бес мыңдай адам жергілікті билікке талап қойып, оппозиция жетекшілерін қамаудан босатуға шақырды.

Сол кездегі премьер-министр Данияр Үсенов шеруге шыққандарды «деструктивті элементтер» деп атады.

Оппозиция жетекшілерінің көпшілігі қамауда болғандықтан билік бұл шерушілерді «оппозициялық» деп атай алмады. «Ақсұңқар» партиясының жетекшісі Темір Сариев қамауда отырған оппозиция өкілдерін босату амалдары жүріп жатқанын айтты.

БІШКЕКТЕГІ АТЫС 87 АДАМНЫҢ ӨМІРІН ҚИДЫ

2010 жылы 7 сәуірде Бішкектегі Ақ үйдің алдында 20 мыңнан аса адам жиналды. Форум ғимараты жанында басталған наразылық акциясын үкімет күштері газбен атқылап, басып тастамақ болғанымен, жиналған жұрт оларға дес бермеді. Көтерілісшілер мен үкімет әскерінің қақтығысы атысқа ұласты.

Оппозициялық партия басшысы Темір Сариев «билік бейбіт халыққа қарсы атысты тоқтату керек, әйтпесе ел азаматтық соғыс алдында тұр» деп мәлімдеді.

Бакиев билігі көтерілісшілерге қарсы оқ атқан соң Бішкекке басқа қалалардан жастар ағылып келе бастады. Қырғызстанның бірқатар аймағында халық көтерілді. Жағдай шиеленісе түсті. Елдің әр аймағындағы халық «Бакиев кетсін!» деген талап қоя бастады.

Сәуірдің 7-сінде биліктен бас тартқысы келмеген Бакиев күштері шеруге шыққан 87 адамды мерт етті.

Шерушілер сәуірдің 8-і күні таңертең Ақ үйді басып алды. Президент Бакиев елдің оңтүстігіне қашуға мәжбүр болды.

Қырғызстанның саяси оппозициясы үкіметті өз бақылауына алып, парламентті таратты. Оппозиция жетекшісі Роза Отунбаева жаңадан құрылған уақытша үкіметті басқарып, алдағы 6 айда жаңа конституция
Солдан оңға қарай: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қырғызстанның сол кездегі президенті Құрманбек Бакиев. Минск, 27 қараша 2009 жыл.
бойынша референдум өткенге дейін уақытша әкімшілікті үйлестіретін болды.

ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстан Жалалабадқа барып тығылған Бакиевті 15 сәуірде елінен жасырын алып шықты. Қазақстан президенті Назарбаев «Қырғызстанды азаматтық соғыстан құтқарып қалдық» деп мәлімдеді. 5 жыл бұрын биліктен құлатылған президент Асқар Ақаевтың жолын құшқан Бакиев көп ұзамай Қазақстаннан кетіп, Минскіні паналады.

БАКИЕВТЕН КЕЙІНГІ БІР ЖЫЛ

Осыдан 12 ай бұрын билікті төңкеріспен құлатқан, Роза Отунбаева жетекшілік еткен уақытша үкімет Қырғызстан конституциясына өзгерістер енгізіп, референдум арқылы елде парламенттік жүйе қалыптастырды.

Бірақ Бакиев режимі биліктен кеткенімен, елде тұрақсыздық қаупі сейілмеді. Елде маусым айында этникалық қақтығыс болды. Мыңдаған адам босып кеткен қырғыз-өзбек қақтығысында 426 адам қаза тапты.

2010 жылы жаңа парламентке өткен түрлі партия өкілдері сәуір оқиғаларын
Өзбек әйелі қақтығыс кезінде көз жұмған ұлының құжатын ұстап тұр. Жалалабад, 21 маусым 2010 жыл.
қалай атау керек деген тұрғыда әлі күнге дейін бір мәмілеге тоқтай алмай келеді. Бірі «Ұлы сәуір оқиғалары» десе, тағы бірі «Көтеріліс», енді бірі «Төңкеріс» деп атау керек дегенді ұсынды.

Қырғызстан «мемлекеттік мереке ретінде 2005 жылы 24 наурызды Ақаев билігін кетірген төңкерісті атап өтеміз бе, әлде 2010 жылғы Ақаевтың ізін басқан Бакиев режимін құлатқан күнді атап өтеміз бе?» деген мәселені шеше алмай келеді.

Халыққа қарсы оқ атылған, тоқсанға тарта адамды құрбан еткен оқиғаға бір жыл толса да, көп нәрсе әлі нақтыланған жоқ. «Бейбіт шерушілерге қарсы оқ ату» айыбы бойынша қозғалған қылмыстық істерге қатысы бар жоғары шенді 28 адамға қатысты (Бакиев пен оның жақындарынсыз) өтіп жатқан сот процестері де аяқталған жоқ.

Кейбір саясаткерлер Қырғызстанда бір жыл бұрын болған төңкеріс тағы қайталануы мүмкін дегенді алға тартады. «Ар-намыс» партиясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Феликс Кулов қазіргі билікке қатысты «жемқорлық жанжалдары биліктің ауысуына соқтыруы мүмкін» дейді. Оның айтуынша, қазіргі басқарушы парламенттік коалицияның дәрменсіздігіне қарсы шерулер өтуі ықтимал.

Қырғызстанда 24 наурыз революция күні ретінде белгіленгенімен, қазіргі қырғыз билігі 7 сәуір күні оқу орындарында арнайы конференциялар өткізіп, бір жыл бұрынғы толқуларда қаза тапқан 87 қырғызстандықтың туыстарына жаңа салынған үйдің пәтер кілттерін тапсырмақшы.

7 сәуірде Ақ үй алдында оққа ұшқандардың туған-туыстары Бішкек маңындағы «Ата-Бейит» ескерткішіне барып, бір жыл бұрын құрбан болғандарды еске алады.
XS
SM
MD
LG