Accessibility links

Түркі саммитінің кейінге қалуының саяси себебі бар ма?


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (бергі қатарда) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта).
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (бергі қатарда) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта).

Қырғызстан түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммитін өткізуді кейінге қалдырды. Кейбір сарапшылар саммиттің белгісіз уақытқа шегерілуін қырғыз және түрік президенттерінің саяси көзқарастарымен байланыстырады.

Бішкек 2016 жылдың соңында өтуі тиіс саммитті кейінге не себепті қалдырғанын әзірге түсіндірмеді. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айымкан Күлүкеева биыл Қырғызстан кезек бойынша саммитті төртінші тоқсанда өткізуі тиіс болғанын, бірақ Бішкек оны кейінге қалдырғанын ғана хабарлады. Саммит мерзімі шегерілгенін ұйымның Стамбулдағы хатшылығы растап, бұл ақпаратты Бішкектен алғанын мәлімдеді. Саммит енді қашан және қайда өтетінін Қырғызстан кейінірек хабарламақ.

ҰШАҚ ПЕН ГҮЛЕН ДАУЫ

Қырғыз саясаткері, түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысының бұрынғы орынбасары Адахан Мадумаров саммит уақытының өзгеруін Бішкек пен Анкара қарым-қатынасының нашарлауымен байланыстырады. Оған Түркия Сириямен шекарада ресейлік әскери ұшақты атып түсіргеннен кейінгі дауда Қырғызстанның Ресейді қолдауы себеп болған.

- Сыртқы саясат тығырыққа тіреліп тұр. Қырғызстан бұрыс саясаттың, ел беделін түсіріп, түрлі ойға түрткі салған ойланбай айтылған сөздің кесірінен халықаралық ұйымның сыртында қалды. Кей жетекшілер осындай сөздерден кейін Қырғызстанмен қарым-қатынастарын өзгертті, – дейді Мадумаров.

Фетхулла Гүлен мен Режеп Тайып Ердоғанның араздаспаған кездерінде түскен суреттері.
Фетхулла Гүлен мен Режеп Тайып Ердоғанның араздаспаған кездерінде түскен суреттері.

Бұл мәселеден бөлек, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ-та тұрып жатқан діни қайраткер Фетхулла Гүлен дауына қатысты келісімге келе алмаған еді. Түркия билігі шілде айында Фетхулла Гүленді «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыптап, сол кезде Қырғызстанда «гүленшілердің ықпалы бар» екенін айтып, Бішкектен оған қатысты шаралар қолдануды сұраған. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Анкараның бұл өтінішін орындаудан бас тартқан.

БАСҚА СЕБЕПТЕР

Түрік саясаттанушысы Хакан Гүнеш Атамбаевтың бұл ұстанымын «Қырғызстанға Түркиядан гөрі Ресеймен дұрыс қарым-қатынас орнату маңызды» деп түсіндіреді. Гүнештің айтуынша, Түркия осы уақытқа дейін Орталық Азиядағы елдерге көп көңіл бөлмеген, соның әсерінен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі жұмысы мәдени шаралар шеңберінен шыға алмаған.

- Түркия билігі соңғы 10 жылда Орталық Азия мемлекеттерімен емес, Таяу Шығыс, араб елдерімен қарым-қатынасын дамытуға тырысты. Экономикалық көмек пен студенттер оқу ақысын осы елдерге бөлді. Түркітілдес мемлекеттерге мұндай көмек көрсетпеді. Соның әсерінен түркі тілдес мемлекеттер бірігіп маңызды шешім қабылдауға шамалары келмей, жан-жаққа тарап кетті, – дейді Хакан Гүнеш.

Ал Қырғызстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев саммитті өткізу мерзімінің кейінге қалуында саяси себеп жоқ дейді.

Мәселен, Өзбекстанда президент сайлауы өткелі жатыр. Әзербайжан жақында ғана референдум өткізді. Осындай жағдайлар саммит уақытын кейінге қалдыруға себеп болған шығар.

- Саммиттің кейінге қалғанынан үлкен саясат немесе саяси интрига іздеп қажеті жоқ. Бұған (кейінге қалуына – авт.) Қырғызстандағы ғана емес, басқа елдердегі жағдайлар да әсер етуі мүмкін. Мәселен, Өзбекстанда президент сайлауы өткелі жатыр. Әзербайжан жақында ғана референдум өткізді. Осындай жағдайлар саммит уақытын кейінге қалдыруға себеп болған шығар, – дейді Руслан Қазақбаев.

Қырғызстанда түркітілдес мемлекеттер саммиті биыл күзде осы елде ұйымдастырылған дүниежүзілік көшпенділер ойынымен қатар өтуі тиіс еді. Бірақ ол кезде саммитті жыл соңына қарай өткізуге шешім қабылданған.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев биыл Ыстықкөл жағасында саммит өткізу ұсынысын былтыр Астанада өткен саммитте жасаған еді.

Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесіне Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше. Кеңес 2009 жылы қазанның 3-і күні құрылған. Хатшылығы Стамбул қаласында.

(Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметінде шыққан материалдар негізінде дайындалды)

XS
SM
MD
LG