Бір топ шетелдік ғалым Отырар оазисінде геологиялық зерттеу жүргізіп, өзен бойында орналасқан өркениеттердің түбегейлі жойылып кетуіне моңғол шапқыншылығынан гөрі климат көбірек әсер еткен дейді. Мамандар аймақтағы ескі су каналдарын зерттеп, олардың қараусыз қалуы шапқыншылық жылдарымен емес, құрғақшылық кезеңімен сәйкес келеді деген қорытындыға келген. Азаттық зерттеу авторларының бірі – Англиядағы Линкольн университетінің профессоры Марк Маклинмен сөйлесіп, зерттеудің егжей-тегжейін сұрады.
2020 жылдың соңында "Орталық Азияның өзен бойындағы ұмыт болған өркениеттерін гидроморфты қайта бағалау" дейтін 7 беттік ғылыми мақала жарық көрді. Зерттеуді қандай да бір мақаланы жарияламас бұрын тәуелсіз мамандардың тексеруінен өткізетін салмақты журнал жариялады.
"Біздің зерттеуіміз Орталық Азиядағы өзен өркениеттерінің құлдырауы Моңғол шапқыншылығы кезіндегі соғыс пен ирригациялық инфрақұрылымдардың қиратылуы салдарынан болды деген бұрыннан келе жатқан көзқарасқа күмән келтіреді" дейді авторлар.
Жазуына қарағанда, ғалымдар аймақтағы өзен ағысының қалай құбылғанын, ирригация каналдарының қашан қараусыз қалғанын радиометрика құралдарымен өлшеп, өзгерістердің нақты мерзімін анықтаған. Осы ақпаратты климат өзгеруінің ғаламдық деректерімен салыстырған.
Ғалымдардың айтуынша, құрғақ не жартылай құрғақ аймақтың өмірінде ирригация каналдары маңызды рөл атқарған. Сол себепті ондағы өркениеттердің өміршеңдігі осы каналдардың жұмыс істеуімен байланысты болған.
Шетелдік зерттеушілер қараусыз қалған ирригация каналдарынан жеті траншея қазып, астындағы шөгінділердің 20 үлгісін Англиядағы Оксфорд университетінің зертханасына жіберген. Сөйтіп оптикалық стимуляцияланған люминесценция әдісі арқылы алынған үлгілердің уақытын анықтаған.
Аймақтағы ирригация каналдарының қараусыз қалуы жау шапқыншылығынан гөрі климат жайсыз, су тапшы болған кезеңге дәл келеді дейді авторлар.
Зерттеуді Нидерландының Амстердам Еркін университеті, Бельгияның Левен католик университеті, Ұлыбританияның Линкольн, Оксфорд университеттері, Лондонның университеттік колледжі, Жаңа Зеландияның Мэсси университеті, Австралияның Ла Троб университеті және Қазақстандағы География және су қауіпсіздігі институты бірлесіп жүргізген.
Линкольн университетінің өзен жүйелері және ғаламдық өзгеріс жөніндегі еңбек сіңірген профессоры Марк Маклин осы оқу орнындағы Су және Ғаламшар саулығы орталығын басқарады.
Азаттық: Отырар оазисін зерттеуге қалай келдіңіз?
Марк Маклин: Қазақстанда 10 жылдай жұмыс істедім. Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университетпен және География [және су қауіпсіздігі] институтымен әріптеспін. Менен Тянь-Шань тауы Талғар етегіндегі ежелгі тасқын су егіншілігі (floodwater farming/паводковое земледелие – құрғақ және жартылай құрғақ жерлердегі ежелгі егіншілік тәсілі – ред.) мен ирригация жүйелеріне көз тастауды сұрады. Сол жерде бірнеше жыл жүрдік, қорытындысы жарық көрді. Содан 2014-2015 жылдары Ұлыбритания үкіметінің "Ньютон – әл-Фараби" дейтін бастамасы болды.
Сөйтіп біз зерттеуімізді кеңейткіміз келді. Содан бірнеше жыл бұрын Отырарда болғанмын. Археологтармен сөйлескенімде 8-ғасырдағы Араб басқыншылығы мен 13-ғасырдағы Моңғол басқыншылығының әсері жөнінде бұрыннан келе жатқан пікірталас барын байқадым.
Ол жерде археология жұмыстары жүргізілген, бірақ ешкім канал жүйелерінің мерзімін анықтамаған. Ал ол өте маңызды. Өйткені су болмаса, егін сала алмайсың. Егін болмаса, кетуің керек.
Лондонның университеттік колледжі археология жөніндегі әріптестеріміздің бірі болатын. Солармен және Қазақстандағы археология орталықтарымен бірге Отырарға барып, ескі каналдардың бір жағасынан екіншісіне дейін траншеялар қаздық. Каналдардың қашан қараусыз қалғанын анықтау үшін шөгінділердің мерзімін анықтайтын бірнеше тәсіл қолдандық.
Сонымен қатар Отырар оазисіне су жеткізетін Бадам, Арыс өзендерінде егжей-тегжейлі жұмыс істедік. Сөйтіп өзендер тарихындағы су тасқыны мен құрғақшылық болған кезеңдерге үңіліп, су ағысының қай кезде жоғары, қай кезде төмен болғанын білдік. Бұл ақпаратты Арал теңізіндегі климат деректерімен қиыстырдық.
Біз сондай-ақ каналдардың қашан қараусыз қалғанын анықтай алдық. Сөйтіп каналдардың қараусыз қалған мерзімі басқыншылықтар емес, ұзақмерзімді құрғақшылық мерзімімен сәйкес келетінін аңғардық. Бұл таңғаларлық жаңалық болды.
Бұл моңғолдардың Орталық Азияға қалай әсер еткенін көрсетеді. Әрине, Бағдат сияқты жерлерге апат ала келген. Ал Отырарға келсек, сірә біз күйреудің ауқымын, қанша кісі қаза болғанын біле қоймаспыз. Дегенмен қала мен канал инфрақұрылымы жұрт ойлағандай жойылып кетердей қирамаған көрінеді.
Өзен бойындағы өркениеттердің гүлденуі мен құлдырауын зерттегенде ирригация жүйелерінің маңызы өте зор. Ирригация су ағысы мен климатқа байланысты. Біздің байқағанымыз – 12 және 13-ғасырларда, әсіресе 14-ғасырда Орталық Азияда елеулі құрғақшылық кезеңдері болған. Олардың ықпалы басқыншылық пен соғыстыкінен асып түспесе кем түспейді. Бұл климаттық детерминизм емес. Мұны тарихқа зерделенген көзқарас деген дұрыс шығар. Бұл көбіне экологиялық реализмге ұқсайды. Өйткені климаттың өзгеруі, климаттық кризис, су тасқыны, құрғақшылық қоғам өміріне ықпал етпей қоймайды. Шамасы индустриялануға дейінгі қоғамда бұл ықпал қаттырақ болса керек.
[Зерттеу] Орталық Азия тарихын кеңейтіп отыр. Әрине не болғанын ешқашан анық біле алмаймыз. Бірақ өзендер мен шөгінділер алдамайды. Біз бар болғаны деректі түсіндіріп қана отырмыз.
Біз басында каналдардың қараусыз қалуы Моңғол және Араб шапқыншылығымен сәйкес келер деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмай шықты.
Азаттық: Осы қорытындыға қалай келгеніңіз есіңізде ме?
Марк Маклин: Зерттеудегі 4-сурет компьютеріңізде болса, соның негізінде түсіндірейін. F – Солтүстік Атлант осцилляциясы индексі. Ол Орталық Азияға Батыстан соғатын жел мен дауылдың қалай әсер еткенін білдіреді. Атлант мұхитынан, Жерорта теңізі мен Каспий теңізінен соққан батыс желі осы аймаққа ылғалдық әкелген (зерттеуде индекс теріс болса, ылғалдық жоғары болған делінеді – ред.).
Қара түсті бояуға қарасаңыз, 600-900 жылдары және 1400 жылдан кейін Орталық Азияда батыстан жел жиі соғып, ылғал болғанын көресіз. Орта тұсында ақ түсті оң индекс көрсетілген. Яғни бәрі керісінше болған. Осыдан кейін диаграммаға каналдардың қараусыз қалған (диаграммада қара түсті домалақ пен ақ түсті шаршы формасында берілген, H индексі) уақыты мен Араб және Моңғол шапқыншылықтарын енгіздім. Қара нүктелер мен шаршылардың басқыншылық мерзімімен сәйкес келмейтінін көресіз. Статистика тұрғысынан, олар бір-бірінен бөлек. Одан кейін ылғалдық индексіне зер салдым. Сөйтіп каналдардың 11-ғасырда, тіпті 12-ғасырдың басында қараусыз қалуы ірі құрғақшылық кезеңдерімен сәйкес келетінін көрдім. Каналдардың қараусыз қалуы Арал теңізінің тұздануымен (B индексі) және Орталық Азиядағы ылғалдық индексінің төмендеуімен (D индексі) де тұспа-тұс келіп тұр. Сол жақ шетке ойыссаңыз, Арал теңізіндегі су деңгейінің (А индексі) төмен болғанын көресіз.
Осының бәрін біріктіргенде, Моңғол және Араб басқыншылықтарының каналдардың қараусыз қалуымен сәйкес келмейтінін көрдім. Мұны аңғаруға бірнеше күн кетті.
Азаттық: Яғни климат қолайлы болса, Моңғол шапқыншылығы жойқын болса да, өзен бойындағы елдімекендер қалпына келер еді. Орталық Азия қалаларының Араб басқыншылығынан кейін қалпына келе алуы жайлы климаттың арқасы. Сіздің айтып отырғаныңыз осы ғой?
Марк Маклин: Дәл солай. Мен тарихшы не археолог емеспін. Мен бар болғаны климат өзгеруінің өзен жүйелеріне ықпалын зерттейтін өзен ғалымымын. Араб басқыншылығына үңілсек, инфрақұрылымның дереу қалпына келгенін көреміз. Ал Моңғол шапқыншылығына дейінгі және одан кейінгі жүз жылда құрғақшылық болған.
Азаттық: Сіздер зерттеген ирригация жүйелері қандай еді? Күрделі ме, қарапайым ба?
Марк Маклин: Астына бетон төселмеді демесеңіз, олар расымен күрделі болған және 200 шаршы шақырымды қамтыған. Оларды аса үлкен сақтықпен салған.
Біз ирригация жүйелерінің қараусыз қалып, құлдырауын әңгімелеп отырмыз. Егер мәселені төңкеріп қарайтын болсақ, біз ирригация жүйесіне негізделген ауыл шаруашылығын көреміз. Отырар секілді жерлерде бұл жүйелер 2 мың, тіпті 2,5 мың жыл қызмет еткен. Назарымызды каналдардың қашан тоқтағанына емес, жергілікті халықтың жерін қалайша сәтті суарғанына бұруымыз керек. Оларды бұл үшін мадақтауға да болады. Шамамен Ресей империясы келгенде, кейінірек Совет одағы кезінде коммерциялық ауыл шаруалығына ойысу байқалды. Бірақ олар әлдеқайда тұрақсыз болды. Оның қасында қазіргі заманға дейінгі қоғамның ирригация жүйелерін мыңдаған жыл сәтті пайдалануы таңғаларлық.
Азаттық: Егер біз Отырардағы өзен елдімекендері күрделі каналдар сала алған десек, басқыншылық болмаса бұл қоғамдар құрғақшылыққа бейімделіп үлгерер ме еді деп айта аламыз ба?
Марк Маклин: Бұл өте маңызды сұрақ. Соғыстар құрғақшылық пен су тасқыны секілді климат проблемаларымен тұспа-тұс келгенде қоғамның қалпына келуі ұзаққа созылатыны белгілі. Интеллигенция өкілдері, инженерлер, ғалымдар өлтірілген не қамалған болуы да мүмкін. Әрине, мұның бәрі менің қиялым ғана. Өйткенін біз анығын біле алмаймыз.
Бірақ ирригацияға негізделген бұл қоғамдар мыңдаған жыл өмір сүрді. Бұл қала-мемлекеттер көшпелі халықтармен үйлесімді тіршілік етті.
Отырар Әмір Темір үшін бас қалалардың бірі болған. Демек, ол қалпына келген. Бірақ қалпына келу ұзаққа созылған. Біздің картамызға қарасаңыз, кейінірек ылғалдық күшейген. Бұл қоғамның гүлденуіне жол ашты. Яғни су тасқыны мен құрғақшылық уақыт өте өзгеріп тұрған.
Біздің зерттеу кең ауқымды күйреудің болғанын жоққа шығармайды. Біз тек тарихқа жаңа өлшем қосып отырмыз. Орталық Азияда, Месопотамияда расымен күйреу болған. Мәселен, Бағдаттың жағдайында (моңғолдардың 1258 жылы Бағдатты торуылдауы – ред.) инфрақұрылымның, су жүйелерінің қасақана бүлінгенін көрсететін айғақтар бар. Бұл соғыс стратегиясының бір бөлігі болған. Бірақ Отырарға келсек, канал жүйелері әдейі жойылғанға ұқсамайды. Қазір оның дәлелін көріп тұрғанымыз жоқ.
Азаттық: Осы күнге дейін тарихшылар өткенді зерделеуде патшалар мен соғыстарға сүйенді. Бірақ сіздер келтірген дәйектерге қарағанда, кейде климат факторы да рөл атқарған. Тіпті климат өзгеріп, ресурс тарылуының өзі соғысқа түрткі болуы мүмкін. Бірақ қандай да бір өркениет соғыс салдарынан жойылған деп саналып келіп, ақыр соңында жойылуға климат әсер еткені дәлелденген өзге мысалдар бар ма?
Марк Маклин: Шамамен кейінгі 10 жылда экологиялық тарих деген бір бағыт дамып келеді. Тарихшылар мен және менің әріптестерім әзірлейтін климат, ауа райы, су тасқыны деректерін есепке алып, тарихты қайта қарап жатыр. Әлем тарихы тұрғысынан ұлы тұлғалардың ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ұзақмерзімді ықпал тұрғысынан қарар болсақ, басқа да факторлардың бары анық. Біздің жағдайымызда өзеннен алынған деректер мен климат деректері климаттың өзгеруі мен құрғақшылық маңызды рөл атқарғанын көрсетіп отыр. Егер қандай да бір жерде қараусыз қалған каналдар болса, біздің осы гипотезамызды сынап көруге болады.
Әрине, тұтас бір өркениеттің жойылуына жалғыз тұлға, жалғыз соғыс әсер еткен жағдайлар да табылар. Біз оған 20-ғасырда да куә болдық. Бірақ себеп-салдарлық байланыс тұрғысынан едуәір күрделі, көпқырлы жағдайлардың да табылатыны анық.
Біз жай ғана сәйкестік туралы айтып отырмыз. Құдайға шүкір, 1219 жылы сіз де, мен де Отырарда болған жоқпыз. Біз іс жүзінде не болғанын білмейміз. Біз осы Отырардағы зерттеуімізді кеңейтіп, өзге өзендерді де зерттегіміз келеді. Өйткені олар сауда, көлік қатынасы, елдімекен құру үшін маңызды болды. Су болмаса, экономикаға негіз жоқ. Халықты асырай алмайсыз, мал ұстай алмайсыз.
Азаттық: Қазақстанның өзге елдерден бастау алатын өзендерге тәуелді ел екенін білесіз. Елдегі өзендердің қазіргі ахуалы туралы не айтасыз?
Марк Маклин: Сірә, тарих ешқашан қайталанбас, бірақ одан сабақ алуға болады. Қазақстандағы зерттеу кезінде өзендердің қазіргі жағдайын да зерделедік. Су ағысының азайып бара жатқаны анық. Мұздықтар тарылып, қардың еруі азайып жатыр. Мұның бәрі климаттың өзгеруіне байланысты. Оның үстіне қазір суға деген сұраныс бұрынғыдан едәуір жоғары. Су қоймалары салынып, өзен ағысы бақылауға алынды.
Қазақстан су мәселесіне аса үлкен сақтықпен, парасаттылықпен қарауы тиіс. Өйткені өзендеріңіздің біршамасы трансшекаралық. Көршілермен тіл табысып, судың бөлінуін қамтамасыз ету керек. Мен секілді шағын аралда тұратын адам үшін айтуға оңай болар. Дегенмен саясаткерлер, экология мамандары, тіпті археологтар мен тарихшылар, жергілікті қауымдар бірлесе жұмыс істеп, барлығы үшін әділетті болатын шешімге келуі керек.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.
ПІКІРЛЕР