Accessibility links

"Биліктің өзі ұрынған бағыттан бас тартуы қиын болады"


Советтік ОГПУ архивіндегі қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың құжаттары
Советтік ОГПУ архивіндегі қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың құжаттары

"Мемориал" халықаралық қоғамы басқармасының жаңа төрағасы Ян Рачинский қазіргі қуғын-сүргін туралы ғана айтпай, өткеннің оқиғаларына да назар аудару қажет деп біледі. Ол СССР кезінде қудалауға ұшырағандардың қазіргі ұрпақтары ата-әжелерінің тағдыры жайлы білуге ынталы екенін айтады.

Ян Рачинский "Мемориал" халықаралық қоғамы басқармасының жаңа төрағасы болып сайланды. Қоғам негізін қалаушылардың бірі Арсений Рогинский өткен жылдың соңында қайтыс болғаннан кейін "Мемориал" басшысыз қалған болатын.

"Мемориал" қоғамына 1988 жылдан бері мүше Ян Рачинский қазір СССР кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректердің электронды базасын құруға жетекшілік етеді. Ол дерекқорға Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның барлық аймақтарынан, Украинаның кей облыстарынан үш миллионнан астам адамның есімі енгізілген. Рачинскийдің сөзінше, саяси репрессия құрбандарының нақты саны әлі күнге дейін анық емес. 1990-1995 жылдары Рачинский Таулы Қарабақ, Приднестровье, Шешенстанда құқық қорғау миссияларына қатысқан.

Ян Рачинский
Ян Рачинский

Ян Рачинскийдің сөзінше, қазіргі қуғын-сүргін туралы ғана айтпай, өткеннің оқиғаларына да назар аудару қажет. Өйткені ВЧК-ның (Бүкілресейлік төтенше комиссия – ред.) құрылғанына 100 жыл толуын атап өту – "асқан қандыбалақ қатыгездігімен тарихта қалған жазалаушы қызметті әлі күнге дейін патриоттық орган деп атайтынын" және өткеннің сабақтары "мүлде зерделенбегенін" көрсеткен.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Ян Рачинский "Мемориал" басқармасы төрағасы ретінде болашақ жоспарлары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

– "Мемориал" төрағасын сайлау онша жиі өтетін процедура емес, - дейді Рачинский. – Былтырға дейін Арсений Борисович Рогинскийді сайлап келдік. Бізде оның кандидатурасына қатысты ешқашан ешқандай шүбә болып көрген емес, өйткені ол жаратылысы ерекше адам болатын, амал нешік, ол кісінің орны толмайды. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін, осы кезге дейін атқарып келген функциялардың тым болмаса бір бөлігін орындауға шамасы жететін біреуді табуымыз керек болды. Талқылаулардан соң әріптестерім менің кандидатурамды бекітуді жөн көрді. Бұл қызметті дәл Рогинский сияқты атқару өте қиын болады, ондай адам табылуы екіталай. Бірақ жұмысты жалғастыру керек.

ВИДЕО: "Үлкен террор" және Қазақстан

"Үлкен террор" және Қазақстан
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

– "Мемориал" ары қарай қалай жұмыс істейді деп ойлайсыз

– Арсений Борисовичтің өзі кәдіксіз лидер адам болғанымен, "Мемориал" көшбасшы ұйым емес, бірақ бізде дербестік те, бөлімшелеріміз де, жобаларымыз да, адамдарымыз да көп. Олар не істеу керектігін жақсы біледі. Бұл шаруа итермелеуді, басшылық жасап, жетектеуді қажет етпейді. Әзірше Арсений Борисович басын қайырып кеткен көп шаруаның қыр-сырымен танысуға тырысып жатырмын, ал алдағы әлдебір жоспарларды әріптестеріммен бірге құратын боламыз. Арсений Борисович жаңа идеялардың генераторы болатын, бұл ол кісінің маңызды қасиеттерінің бірі еді. Енді ондай идеяларды бірлесіп ойластыратын боламыз. Әзірше ұйымда ешқандай үлкен өзгерістер болмайды.

– Ұйым жұмысының саяси контекстін ескерсек, бәлкім, әлдебір жаңа жобалар, мысалы, саяси тұтқындар проблемасына көбірек күш салу жайлы идеяларыңыз бар шығар?

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатылғанымен, бұл тақырып осымен жабылды деген түсінік қалыптаса ма деген үлкен қауіп бар

– Бұл проблемалармен – қазіргі Ресейдегі, негізі Ресей ғана емес, постсоветтік кеңістіктегі саяси тұтқындар проблемасымен және қоғамдық акцияға шыққан адамдарды ұстап әкету проблемаларымен "ОВД-Инфо" жобасы аясында әріптестерім көп айналысады. Бұл – басқармамыздың мүшесі Григорий Охотин басқаратын жоба. Меніңше, тарихи сабақтарға да назар аудару аса маңызды. Өйткені былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатылғанымен, бұл тақырып осымен жабылды деген түсінік қалыптаса ма деген үлкен қауіп бар.

Оқи отырыңыз: "Халық жауларымен" күреске қалай жұмылдырды

ВЧК-ның 100 жылдық мерейтойында бұл органның атына айтылған мақтаулар билік сатыларында тарихи сабақ мүлде зерделенбегенін, тарихтағы ең қандықол арнайы қызметті патриоттық орган ретінде дәріптеу жалғасып жатқанын көрсетті. Өкінішке қарай, бұл жерде әлдебір нақты рецептер ұсыну қиын...

Ату жазасын орындап тұрған НКВД қызметкерлері
Ату жазасын орындап тұрған НКВД қызметкерлері

Қилы басылымдар шығарсақ деген жоспарларымыз бар. Репрессия құрбандарының тізімін құру жұмысын жалғастыра береміз. Арсений Борисовичтің аяқтап үлгермеген еңбегін баспадан шығаруға дайындап жатырмыз.

Қазір арғы ата-әжелерінің тағдыры жайлы білу үшін бізге келетін адамдар көбейді. Мұндай ықылас өсе береді деп ойлаймын

Бұл Үлкен террор жылдары 447-бұйрық (совет үкіметіне қарсы элементтерді қудалау туралы НКВД-ның 1937 жылғы атышулы бұйрығы – ред.) бойынша жаппай жүргізілген ең үлкен операциялардың біріне қатысты статистикалық жинақ. Сол кездегі оқиғаларды жұрттың есіне салып тұруға тырысатын боламыз. Негізі, бұл тақырыпқа деген ықылас артып келеді. Қазір арғы ата-әжелерінің тағдыры жайлы білу үшін бізге келетін адамдар көбейді. Мұндай ықылас өсе береді деп ойлаймын.

– Менің түсінуімше, сіз саяси террор құрбандарына қатысты деректердің электронды базасын құру жобасын әлі басқарып отырсыз. Бұл шаруамен ары қарай да айналыса бересіз бе?

– Әлбетте! Шын мәнінде, біздегі төраға – қоғамдық негізде атқарылатын жұмыс. Бізде тек басшылық қызметпен ғана айналысатын қызметкер жоқ. Сондықтан бұл шаруамен айналыса беремін. Өкінішке қарай, Ресейдегі архивтерге кіруді шектеу бұл шаруаны қатты қиындатып отыр.Сондықтан қазір бұл жұмысты жалғастыру қиынға түсіп тұр. Өкініштісі сол, қазір біз архивтерді толық ашып, репрессия құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін федералдық бағдарлама құруды емес, бұған кері тенденция болып жатқанын байқап отырмыз.

Оқи отырыңыз: "Атамды атқандардың бәрін анықтадым"

Тіпті осыдан 100 жыл бұрынғы, яғни 1919-1920 жылдардағы істерге қатысты ақпарат сұраған адамдардың өздерінен туыстық жақындығын дәлелдеуді талап етіп, мәлімет беруден бас тарту фактілері жиіледі. Амал нешік, бұл проблема тереңдеп барады.

– Алдағы уақытта, әсіресе жуырда өткен Ресей президенті сайлауынан кейін "Мемориал" қоғамына қарсы қысым күшейеді деп санайсыз ба? "Шетел агенттері", Оюб Титиев ("Мемориал" құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі) пен Юрий Дмитриевке (Карелия бөлімшесінің басшысы) қатысты жағдай қалай өрбуі мүмкін? Қысым тіпті күшеюі мүмкін бе?

Оқшаулануға бет бұру және жаудың бейнесін қалыптастыру қауіпті тенденцияға айналды

– Өкінішке қарай, қысымды күшейту саясаты баяғыда басталған, бірақ ойдан шығарылған әрі сандырақ айыптар болғандықтан, Юрий Дмитриевтің ісі бойынша оны ақтайтын үкім шығады деп үміттенемін. Ал Шешенстан республикасындағы кез-келген іс тәрізді Оюб Титиевтің ісіне қатысты мұндай үміт әлдеқайда аз. Жағдай қалай өрбиді дегенге келсек, кінәні өз қателіктерінен емес, кім көрінгеннен іздеу стереотиптерін жеңу тым қиынға түсе ме деп қорқамын. Оқшаулануға бет бұру және жаудың бейнесін қалыптастыру қауіпті тенденцияға айналды. Қытай халқында "Жолбарысқа бір мінсең, түсуің қиын" деген мақал бар. Қысқасы, қазір біздің биліктің өзі ұрынған мына бағыттан бас тартуы қиын болады. Билік әуелі советтің қорқынышты үгіт-насихатын жаңғыртып алды, ал енді оған өздері имандай ұйып қалған сияқты, - деп түйіндейді Ян Рачинский.

"Мемориал" тарихи-ағарту және құқық қорғау ұйымы 1989 жылы қаңтарда құрылған. 2016 жылы қазанда Ресей билігі "Мемориал" халықаралық қоғамын "шетел агенттері" деп танылған коммерциялық емес ұйымдар тізіміне енгізген.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Наталья Жанполадова алған сұхбат орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG