Accessibility links

Қуғын-сүргін құжаттарына көптің қолы жетпей жүр


КГБ архиві. Көрнекі сурет
КГБ архиві. Көрнекі сурет

Биыл Алашорда үкіметінің қүрылғанына 100 жыл, 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияға 80 жыл толды. Азаттық тілшісі Алматыдағы бірнеше архивті аралап, "қуғын-сүргінге қатысты құпия құжаттар ашылды ма?" деген сұраққа жауап іздеген.

Нұрлан Жүнісханұлы атасы Малгаждар Құлмұханбетұлының 1936 жылы "үйіне Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовті қонақ қылғаны үшін" қуғынға ұшырап, түрлі жала жабылып Сібірге айдалғанын айтады. 1956 жылы ақталып елге оралса да, түрмеде жұққан дерттен екі жылдан соң қайтыс болады. Нұрланның сөзінше, атасы ұсталғанда тәркіленген кітаптар мен қолжазбаларды қауіпсіздік органдары қайтармаған. Тіпті, ақталғаннан кейін де тергеу ісін көрсетпеген.

- Ол КГБ-ның ісі ғой. Жазықсыз жазаланған, "халық жаулары" болып кеткен кісілердің құжаттары біз тәуелсіздік алғалы ғана ашылып келе жатыр. Сол ашылды дегеннің өзінде сол істердің 10-ақ проценті КГБ-да сақталып қалған архивтерде. Қалғанын ешқандай бермеген. Бұл кісіге де (атасына - ред.) бермеген. Тіпті ақталғаннан кейін компенсация [төлемеген], ақталғандардан кешірім де сұралмаған, - дейді ол.

Қуғынға ұшыраған ата-бабасы туралы ақпарат іздеушілердің көбі Алматыдағы президент архивіне барады. Бұрынғы коммунистік партия тарихы институтының құпия құжаттары 1996 жылдан бастап қоғамдық пайдалануға берілген.

Қазақстан президенті архивінің қызметкері Гауһар Бекішева:

- Коммунистік партияның орталық комитетінің құжаттары бұрын құпия болып келген. Кейін 2004-2008 жылдары ведмствоаралық комиссия құрылып, құпиясыздандыру мақсатында осы 1937-1991 жылғы 120 мыңнан аса құжаттың барлығын құпиясыздандырды. Қазір ол істердің бәрі ашық қолданыста, - дейді.

Құпия құжаттар толық ашылды ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:30 0:00

1994 жылы президент жарлығымен президент архиві болып құрылған бұрынғы партия тарихы институтында 100 жыл уақыт аралығын қамтитын 790 мыңға жуық құжат бар. Солардың арасында Азаттық тілшісі 1925 жылы 29 мамыр күні КирКрайКом мүшелеріне жазған Сталиннің хатын да байқады. Бұл хатта Сталин Мұстафа Шоқай туралы өзінің пікірлерін айта келе жалпы партияда жоқ адамдардың идеологиялық және саяси күреске араласуына қатты қарсы екенін білдіреді. Бұл құжат құпия емес. Кез-келген зерттеуші қолына ұстауға және болашақ еңбектерінде ашық пайдалануға мүмкіндігі бар.

Ал қорында бір жарым миллоннан астам ісі бар Орталық мемлекеттік архивтің ішкі жарғысы өзгеше. Мұнда Алашорда қайраткерлері, репрессия жылдары қуғынға ұшыраған азаматтар туралы түрлі дерек бар. Архив қызметкерінің айтуынша, олардың көбі ашық. Бірақ, қордағы кейбір құпия делінген құжаттарға құзырлы органдар иелік етеді.

Орталық мемлекеттік мұрағаты директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева кейбір аса құпия құжаттар Қазақ ССР Жоғарғы сотының заңды мұрагері Қазақстан республикасының Жоғарғы сотына тиесілі екенін айтады.

Азаттық радиосы 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргінге байланысты құпия құжаттарға сұрау салып, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке хат жолдаған. Комитет "мұрағаттық істер 2014 жылы ішкі істер органдарына берілгенін" айтып, жауап жазды. Бұл құжаттарды қабылдап алған Алматыдағы Ішкі істер департаментінің арнайы мемлекеттік архиві қорда репрессия жылдарына байланысты 29 мың құжат барын растады. Бірақ, атылған және қуғындалған адамдарды тергеу ісі әлі күнге құпия екен.

Алматы қаласы ІІД архивінің бас маманы Айгүл Шаяхметова:

- 1993 жылы 14 сәуірде шыққан заңымыз бар. 16-бап бойынша біз тергеу құжаттарын көрсете алмаймыз халыққа. Өйткені заңымыз бар. Сол себепті ол құжаттар ашылған жоқ, - дейді.

Тарихшы Бейбіт Қойшыбай
Тарихшы Бейбіт Қойшыбай

1989 жылы құрылған «Әділет» тарихи ағарту қоғамының мүшесі, тарихшы Бейбіт Қойшыбай бұл заңды өзгертетін уақыт жетті дейді. Ол құпия құжаттардың ашылмауы тәуелсіз Қазақстан жастарының тарихи санасын шынайы қалыптастыруға кедергі болып отырғанын айтады.

- Жалпы қарапайым нәрсені ескеру керек қой. СССР - басқа мемлекет. Кез-келген мемлекеттің құпиясы жарты ғасырдан аспайды. 20-30 жылда ашылады. Бізде 70-80 жыл боп кетті. Әлі жабық. Олай да, бұлай да шындыққа келмейді. Сондықтан бұл мәселеге қайта қарап, түсініп қарап ашу керек, - дейді тарихшы.

Алматы қаласының ІІД арнайы мемлекеттік архивінің құпия құжаттары сақталған бөлмесінде 1937-38 жылдары қуғынға ұшырап атылып кеткен тұлғаларға қатысты немесе олардың әйелдеріне байланысты тергеу материалдары да бар. Азаттық тілшісі нөмірі 4613 деп аталатын тергеу ісі атақты жазушы Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлинаға қатысты екенін көрді. Алғашқа беттерінде ол кісі туралы аздаған ақпарат бар. Оқыған жері, туған жері, жұмыс істеген қызмет орны. Одан кейінгі парақтар құпия құжат ретінде қапталған, ашуға заң рұқсат бермейді.

Архив маманының сөзінше қорда Алашорда үкіметі мүшелерінен бастап белгілі тарихи тұлғалардың, олардың әйелдеріне қатысты тергеу істерінің көбі сақталған. Кейбірі бір том болса, кейбірі бірнеше томға ұласқан. Құжаттардың арасында атылған адамдарды сыртынан көрсетіп, соңынан арыз жазғандардың да аты-жөндері бар.

- 2014 жылы күз айында бізге бір арыз түсті. Кейін арызданушының өзі де келді бізге. Мен өз жұмысымды атқарып, құжаттарды беріп, суреттерді көрсеттім. Сол кезде жаңағы жас бала "Маған протоколды көрсетіңіз" дейді. "Заңға байланысты көрсетуге болмайды" десем, "Маған заңға байланысты емес, қарапайым түрде көрсетіңіз" дейді. "Болмайды" десем, ол маған: "Бүкіл Аягөзді атып тастайын ба?" дейді. "Атамды сатқан адамдардың бәрін маған көрсетіңіз" дейді. Сол себептен тыныштық, бейбітшілік болсын деп ол құжаттарды көрсетуге болмайды бізге, - дейді Айгүл Шаяхметова.

Архив маманының бұл уәжімен тарихшы Бейбіт Қойшыбай келіспейді. Оның сөзінше, Украина мен Ресей қуғын-сүргінге қатысты құпия құжаттардың көбін ашқан және бүгінгі ұрпақтары одан дұшпан болып, бір-бірімен жауласып кетпеген.

- Бүгінгі ұрпақ жауласады деп сескену қате. Ол енді бүгінгі саналы ұрпақ ол кезде қалай болғанын түсінеді. Оны ашпағандықтан да сол кездегі кейбір нашар әдістерді біздің бүгінгі кейбір жазалаушыларымыз қолданып жүр ғой. Әлі күнге естиміз түрмеде қалай қинайтынын. Неге олай? Оның бәрі болмауы керек қой біздің жаңа, тәуелсіз мемлекетте. Себебі шамасы өткен жолдан дұрыс сабақ алмағандықтан. Неге сабақ алмаймыз? Өйткені өткен жолдағы істелген істерді толық білмейміз, толық айыптаған жоқпыз. Нашар қылықтарын айыптаған жоқпыз, көрсеткен жоқпыз. Сондықтан да бұлар қайталанып жатыр, - дейді тарихшы.

Тарихшылардың дерегінше, 1937-38 жылдардағы саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған.

XS
SM
MD
LG