Әлемде вакциналау деңгейі бойынша Қытай, АҚШ, Еуроодақ елдерінен озып кеткен бір мемлекет бар. Оның астанасында халықтың 97 пайызы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. Бұл деректі айтқанда Моңғолияны елестету қиын болар. Бірақ ол елде шынымен де вакциналау қарқыны жоғары. Онда халықтың 64 пайызы екпе салдырған. Бұл көрсеткіш бойынша Моңғолия қазір алғашқы отыз елдің қатарында.
Мұндай көрсеткіш Орталық Азияның бірде-бір елінде жоқ. Ал вакцина шығармайтын, оны сатып алуға қыруар қаржысы жоқ Моңғолия бұған қалай жетті?
МОҢҒОЛИЯ ДИПЛОМАТИЯСЫ
Он жыл бұрын Моңғолияда демократия реформасы жүргізіліп, елде сыртқы саясат жөніндегі мемлекеттік стратегия қабылданған. Құжатта Моңғолияның өзге елдің бәрімен жақсы қарым-қатынаста болуы керегі, әсіресе Ресей мен Қытай секілді бай көршілерімен жөні түзу байланыста болу қажеті жазылған.
"Біз екі ұлы державамен шектесеміз. Бұл өзгермейді. Идеологияға, өзгешеліктерге, геосаяси жағдайға қарамастан, осылай өмір сүріп, олармен жақсы қарым-қатынас орнатуымыз керек" дейді ұлттық қауіпсіздікті зерттеу институтының қызметкері Доржжүгдэрийн Мөнх-Очир.
Бұл саясат пандемия кезінде жемісін берді. Моңғолияда коронавирустың бірінші толқыны биыл көктемде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия жариялағаннан бір жыл өткенде басталды. Бұған дейін мұнда Covid жұқтырғандар анықталмаған.
Билік бірден қатаң шектеулер енгізді. Індет салдарынан экономика құлдырап, үкімет басшысы отставкаға кетті. Жаңа премьер-министр локдаун енгізбей, халықты вакциналауға уәде берді. Дәл осы кезде Ресей мен Қытайдың пайдасы тиді.
Бұл кезге дейін Мәскеу мен Пекин қолда бар вакциналарды ықпалын күшейтуге пайдаланып, "вакцина дипломатиясы" деген ұғым пайда болған.
Бірақ Моңғолияға келгенде, Мәскеу де, Пекин де оны дос мемлекет санап, оған вакцинаны еш кедергісіз берді. Қытайдың Sinopharm компаниясы ақпанның өзінде жөнелтіп тастаған. Ал Ресей "Спутник V" екпесін мамыр айында жіберді.
Моңғолия дипломатиясы мұнымен шектелмейді. Елде "үшінші көрші" тұжырымы да бар.
"Біз жағдайға тура қарап, Ресей және Қытай елдерімен қарым-қатынасымызға басымдық бердік. Бірақ осы екі елмен шектеліп қалмауымыз керек. Бізге басқа да дамыған, демократиялық елдермен байланысты нығайту қажет" деді дипломат Жаргалсайханы Энхсайхан.
"Үшінші көрші" – бұл Моңғолиямен шектеспейтін, бірақ онымен байланыс орнатқан кез келген ел. Қырғи-қабақ соғыстан соң, АҚШ өзін "үшінші көрші" деп атаған. Коронавирус індеті басталғанда АҚШ Моңғолияға 4 миллион доллар бөлді. Моңғол шенеуніктерінің сөзінше, Вашингтон Моңғолияға COVAX бағдарламасымен вакцина жіберуге де атсалысқан. Бұл бағдарлама аясында Ұланбатыр екпенің 1,5 миллион дозасын алды. Ол халықтың үштен біріне жететін еді.
"Стратегияда ["үшінші көрші" болуға жарамды] елдер мен ұйымдардың тізімін бекіттік. Бірінші орында АҚШ тұрғаны белгілі. Одан кейін экономикасы мен мәдениеті жақын Жапония, Үндістан тұр. Сосын Азия елдері, Түркия, Еуроодақ және өзге де елдер бар" дейді Энхсайхан.
Үндістан Моңғолияны "рухани әріптес" деп атап, оған өзі өндірген AstraZeneca екпесінің бір партиясын сыйлады.
Осылайша, Моңғолия дипломатиясының арқасында вакцина қорын толтырып алды. Ендігі мәселе халықты вакцина салдыруға көндіру еді.
ВАКЦИНА КЕЛДІ, ХАЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ КӨНДІРДІ?
Орталық Азия елдеріне қарағанда, Моңғолияда халықтың үштен екісі вакцина алуға онсыз да дайын болған. Бұл да вакциналау көрсеткішінің жоғары болуына әсер етті. Ал қандай да бір вакцина халық арасында сұранысқа ие болмаса, билік оны салдырған адамға ақы төледі. Ал ауылдарда екпе салдырудан бас тартқандарға азық-түлік талонын бермей қойған.
Қазір Моңғолияда Covid жұқтырғандар саны артып жатыр. Мұның бір себебі, вирус бұл елге бір жылға кеш келген. Яғни Моңғолия әлемнің көптеген елі былтыр басынан өткерген жағдайға енді ғана тап болып отыр. Бірақ былтыр ол елдерде коронавирус вакцинасы болған жоқ, ал қазір Моңғолияда ол бар. Мысалы, ел астанасы Ұланбатырда жұрттың 97 пайызы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. Билік қосымша екпе салуға рұқсат беріп, вакциналау науқанына жасөспірімдерді де қосты. Қазір Моңғолия бүкіл халықты вакциналауды көздеп отыр. Оған екпе қоры толығымен жетеді.
ПІКІРЛЕР