Accessibility links

"Әрине, ол – қылмыскер, бірақ..." Алматылық "атқышты" жақтаушылардың уәжі не?


Баспана мәселесі бар алматылықтардың бес адамның өліміне күдікті Игорь Дужновты қолдап өткізген акциясы. Алматы, 21 қыркүйек, 2021 жыл.
Баспана мәселесі бар алматылықтардың бес адамның өліміне күдікті Игорь Дужновты қолдап өткізген акциясы. Алматы, 21 қыркүйек, 2021 жыл.

Полиция дерегінше, Алматыда кредитін төлемеген борышкер үйінен мәжбүрлеп шығаруға барған бес адамды атып тастады. Қарызын өтей алмай, үйінен айырылған кей азаматтар күдіктінің әрекетіне түсіністікпен қарайды. Баспана мәселесін көтеріп жүрген белсенділер бұл оқиғаға мемлекетті кінәлайды.

"ҚАНМЕН КЕЛГЕН БАСПАНА"

21 қыркүйек күні түске қарай 48 жастағы Ділнар Инсенова Алматы орталығындағы "Центркредит" банкінің кеңсесіне келді. Ғимарат алдында онымен бірге қолына "Қанмен келген баспана" деген жазуы бар плакат ұстап, оннан аса адам тұр.

Жиналғандар банктің кредит шарттарына, ипотекалық өсімпұл мен борышын төлей алмағандарды жалғыз баспанасынан шығару шарасына қарсылық білдірмек.

Ділнар қолына микрофон алып:

– Халайық, шетіңнен атып тастамай тұрғанда, бірігіңдер! Бес адамның өлімі [Игорь] Дужновтың ғана емес, тойымсыз судьялар мен олигархтардың да мойнында! Бәрін халыққа қарсы істейді. Бұл машинаға қарсы тұрайық! – деп айқайлады.

Ипотекалық қарызы бар бір топ адам "Банк центр кредит" пен әділет департаменті, қалалық сот алдында пикет өткізді. Алматы, 21 қыркүйек 2021
Ипотекалық қарызы бар бір топ адам "Банк центр кредит" пен әділет департаменті, қалалық сот алдында пикет өткізді. Алматы, 21 қыркүйек 2021

Наразылық бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғадан соң өтіп отыр. 20 қыркүйекте Алматыдағы "Ақбұлақ" ықшамауданында борышкерді үйден мәжбүрлеп шығаруға келген бес адамға – сот орындаушысына, екі полицейге, мүліктің жаңа қожайыны мен оның досына оқ атылды. Бесеуі де оқиға орнында көз жұмды. Полиция дерегінше, оқ атқан азамат — сол үйде тұратын 54 жастағы Игорь Дужнов. 23 қыркүйектегі сот отырысы кезінде ол "ісіне өкінетінін" айтты.

"Центркредит" банкінің хабарлауынша, күдікті он жыл бұрын жылжымайтын мүліктерін кепілге қойып, жүз миллион теңгеден аса кредит алған. Қарызын қайтармаған соң банк отбасының әуелі жер телімін тәркілеп, кейін үйін тартып алады. Банк үйді аукционға қойып, 2018 жылы сатып жіберген. Содан бері сот орындаушылары оны үйден бірнеше рет мәжбүрлеп шығаруға тырысқан.

Күдікті қазір қамауда отыр. Оның үстінен билік өкіліне күш қолдану және екі не одан көп адам өлтіру баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

– Әрине, ол – қылмыскер. Ешкім оның басқаларды өлтіруге хақы болды деп тұрған жоқ. Бірақ оның неге мұндай қадамға барғанын түсінеміз. Он жылдан аса уақыттан бері ипотекасын төлей алмай, қиындыққа ұшырағандар мәселесімен айналысып келемін. Елде сот жүйесінен бастап банк саласына дейін былыққа батқан. Мұның бәрі адамды осындай қадамға итермелейді, – дейді Ділнар.

"ҮЙІН ҚОРҒАДЫ", "МӘЖБҮР БОЛДЫ"...

Бұл оқиғадан соң күдіктіні жақтағандар аз болмады. Кейбір желі қолданушысы мұны "сот әділетсіздігіне қарсылық пен ерлік үлгісіне" балап жатты.

"Бұл оқиғадан халықтың қандай жағдайға жеткенін көруге болады"; "Қарапайым адамдар тығырыққа тірелді"; "Ол өз үйін қорғады", "Үй иесі солай етуге мәжбүр болды" – желіде осы мазмұндағы пікір көп жазылды.

Әлеуметтанушы, Eurasian Center for People Managеment агенттігінің сарапшысы Айман Жүсіпова мұндай реакцияны халық тұрмысы нашарлап, наразы көңіл-күйдің артуымен түсіндіреді.

"Кредиттің кесірінен атыс болып, адамдар қаза болуы - билік үшін қауіпті сигнал"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда халықтың 5 пайызға жуығы кедей. Бұл сан жыл сайын аздап құбылғанымен, кедейлік статистикасы жылдар бойы өзгермей тұр. Көп сарапшы тұрмысы нашар адамдарды дұрыс есептемейді деп, үкімет дерегіне сенбейді. Қазақстанда халықтың төрттен бірі кедейлікте күн кешіп жүр деген болжам бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, кейінгі бес жыл бойы халықтың айлығы орта есеппен 8 пайызға құнсызданып келеді. Ал орташа және төменгі жалақы мөлшері әлемдегі ең аз табыс деңгейінде тұр. Биыл 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге артатынын айтты. Бірақ экономистер бұл инфляцияны одан әрі арттыра ма деп қауіптенеді. Онсыз да биыл халықты қымбатшылық қатты қысқан. Тамызда инфляция 8,7 пайызды құрап, 2016 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Азық-түлік, ресми дерек бойынша, былтырмен салыстырғанда 11,4 пайызға қымбаттаған.

– Халықтың табысы өсіп жатқан жоқ. Кредит алғандар үлесі артып келеді. Оған қоса банктердің пайыздық үстемесін төлеуге халықтың шамасы жетпейді. Шынайы қымбатшылық билік айтатын инфляция деңгейінен әлдеқайда үлкен. Мұның бәрі әлеуметтік шиеленістің ұлғаюына әкеліп соғады. Наразы көңіл-күй күшейе береді. Бұл әлеуметтік желідегі агрессиядан байқалады. Қоғамның шыдамы қашан таусыларын, оған не түркті болуы мүмкін екенін ешкім білмейді, – дейді Жүсіпова.

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова
Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова

Бірақ ол Алматыдағы бес адамның өліміне күдіктіні ақтайтындар "айтарлықтай көп емес" деп санайды.

– Мұны қандай да бір құбылыс етіп, әсірелегім келмейді. "Қоғам радикалданып, адам өлтіруді ақтай бастады" демес едім. Біздің қоғам негізінен наразылықтың дәстүрлі сипатын қолдайды. Радикал протесті жақтамайды, – дейді әлеуметтанушы.

МӘЖІЛІСТЕГІ ҰСЫНЫС

Алматыдағы оқиғаның жаңғырығы парламентке де жетті. 22 қыркүйекте мәжілістегі "Ақ жол" партиясының депутаттары қарызға батқан азаматтарға жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік беретін жеке тұлғаның банкротқа ұшырауы туралы заң қабылдауға үндеді.

Депутат Андрей Линник мәжіліс отырысы кезінде Алматыдағы атысты еске алды. Оның сөзінше, бұл оқиға ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі кесірінен халық "кредитке батып отырғаны", соттың мұндай мәселелерде "әділетсіз шешім қабылдайтыны", сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің "астыртын сөз байласуы" сияқты мәселелерді әшкерелеп берген.

Линник күдіктінің әуелгі қарызы 121 миллион теңге болса да, банк борышкерден құны 184 миллион теңге болатын жылжымайтын мүлкін екі есе арзан бағалап тәркілегенін; меншіктің құны кредитті жаппай, қарыз алушының үйін де алуға шешім қабылдағанын айтты.

– Ақыры банк бірнеше жылдан соң дегеніне жетіп, борышкерді ғана емес, оның кәмелет жасына толмаған балаларын да жалғыз баспанасынан айырып, көшеге лақтыра салды. Кәсіппен айналысуға бел буған не жай ғана кредит алған мыңдаған адамға қатысты осындай біржақты шешім қабылданып жатыр. Борышкердің көбі шарасыздықтан суицидке дейін барады, — деді депутат.

Банк алдында наразылық білдірген Ділнар Инсенова Азаттық тілшісімен әңгімесінде сот орындаушылары үйінен көшірерде өзі де шарасыздықтан жоғарғы қабаттан секірмек болғанын айтты.

Ділнар ұзақ жыл бойы үй алуға жинаған ақшасын алаяқтарға беріп жіберіп, ақырында ипотекасын төлей алмай қалған. Банкпен арадағы дауда өзіне араша түсуді сұрап, президент пен прокуратураға жазған хаттарына жауап келмеген.

Шарасыз қалған Ділнар қыстыгүні сот орындаушылары үйінен шығаруға келгенде пәтерге ешкімді жолатпай, секіремін деп қорқытқан.

– Үйіңнен мәжбүрлеп шығарып жіберуден асқан масқара жоқ. Отбасымның алдында қарабет болдым. Менің кесірімнен олар далада қалды. Сондықтан мен Дужновты түсінемін. Ол да кредит алды. Оның да отбасы үйсіз қалғалы тұр еді, – дейді Ділнар.

Сол күні сот орындаушылары Ділнар мен отбасын үйден шығаруды кейінге қалдырады. Бірақ олар бәрібір кейінірек көшуге мәжбүр болды. Қазір әйел үш қызымен бірге Алматыда пәтер жалдап тұрады.

– Үйінен шығарылған адам көше кезіп кетеді. Жеке баспанаға қол жеткізу деген үміті солады. Ипотекаға байланысты қатты күйзеліске түскен екі адамды құтқара алмадық. Өзіне қол салды. Бүйрегін сатқан жігітті білемін. Уайымға салынып, айықпас ауруға шалдыққандар да болды. Жұрт қорқады, – дейді ол.

"САЯСИЛАНҒАН МӘСЕЛЕ"

Қазақстан үкіметі тұрғын үймен қамту бойынша жылдар бойы бірнеше бағдарлама қабылдағанымен, халыққа баспана әлі де қолжетімсіз. Жұрт шарты ыңғайсыз, пайыздық үстемесі жоғары ипотекаға жүгінуге мәжбүр. Property Prices Index есебі бойынша, Қазақстан ипотека тиімділігі жөнінен 109 елдің ішінен 74-орында тұр. Есеп бойынша, елде 90 шаршы метр үйді 20 жылға ипотекаға алған отбасының төлемі айлық табысынан 1,5 есе көп. Сондықтан елде үйінің қарызын төлей алмай, мәжбүрлеп шығарылатын жағдай жиі болады. Шарасыз тұрғындар өзіне қол жұмсауға тырысып, түрлі жолмен қарсылық көрсетеді.

Қазақстанда үйінен мәжбүрлеп шығаруға наразылар қалай қарсылық білдіреді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Мысалы, 2009 жылы Алматы тұрғыны Дархан Сәйдеков үстіне бензин құйып, үйінен мәжбүрлеп шығаруға қарсылық білдірді. 2011 жылы мамырда 38 жастағы Павлодар тұрғыны көшуге көнбей, он қабатты үйдің төбесінен секіріп, қаза тапты. Қайғылы оқиғаға қарамастан сот орындаушылары отбасын сол күні-ақ үйінен шығарып жіберді. 2018 жылы алматылық жалғызбасты әйел үйіне келген сот орындаушылары мен полицияны пышақпен қорқытып, үйден шығуға қарсылық білдірді.

Терезеден секіремін деп қорқытып тұрған Ділнар Инсенова. Алматы, 16 қаңтар 2018 жыл.
Терезеден секіремін деп қорқытып тұрған Ділнар Инсенова. Алматы, 16 қаңтар 2018 жыл.

Биыл сәуірде Нұр-Сұлтан тұрғыны "жеті жыл бойы ипотекасын төлеген" үйінен шығуға наразы болып, өзін-өзі өртемек болды. Банктің келісім-шарт талаптарын өзгертіп,көшуге қарсы борышкерге үйін қайтарған жағдайлар туралы дерек жоқ. Әдетте азаматтар сот шешімінен соң пәтерінен көшуге мәжбүр болады.

Мәжбүрлеп көшіруге қарсылық білдіріп, жоғарғы қабаттан секірген Павлодар тұрғыны. AlgaPavlodar ютуб-арнасынан скриншот. 2011 жыл.
Мәжбүрлеп көшіруге қарсылық білдіріп, жоғарғы қабаттан секірген Павлодар тұрғыны. AlgaPavlodar ютуб-арнасынан скриншот. 2011 жыл.

Қазақстанда борышкерді үйінен шығару сияқты сот шешімдерін орындаумен әуелде мемлекет айналысатын. Бірақ 2010 жылы "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заң қабылданып, құзырет жекеменшік сот орындаушыларына өтті.

"Лайықты баспана үшін" қоғамдық қозғалысына жетекшілік еткен саясаткер Зәуреш Батталова 2006 жылдан бері "Мәжбүрлеп үйден шығару туралы" арнайы заң керегін айтып келеді. Бірақ мұндай заң әлі қабылданған жоқ.

Зәуреш Батталова
Зәуреш Батталова

Батталова "Алматыдағы оқиға екі жеке тұлға арасындағы іс" деген пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, қайғылы оқиғаға мемлекет жауапты.

– Үйден мәжбүрлеп көшіру саясиланған мәселеге айналды. Қазақстан билігі банктердің жүгенсіздігіне жол бермейтін заңмен қабылдауы керек еді. Бірақ мұндай бассыздықтан көз ашар емеспіз. Мемлекет адам құқығының бұзылуына жол бермеуімен қатар, азаматтарды үшінші тараптың [жеке сот орындаушыларының] килігуінен де сақтауы керек еді. Алматыда болған жағдай мемлекеттің азаматты қорғай алмағанын көрсетті, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG