Тамыздың 20-сы күні Бішкектің Первомай аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты қазанның 26-сына дейін қамауда қалдыруды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырды. Атамбаевтың адвокаты Замир Жоошев сот шешіміне қарсы шағым беретінін айтты.
Тамыздың 7-і күні Бішкектің іргесіндегі Кой-Таш ауылындағы резиденциясына өзін әкетуге барған арнайы жасаққа қарсылық көрсетіп, келесі күні күш құрылымдарына берілгеннен кейін Бішкекке жеткізілген Алмазбек Атамбаев, сот шешімі бойынша, тамыздың 26-сына дейін тергеу абақтысына қамалған болатын.
Бұған дейін Қырғызстан құқық қорғау органдары бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген бұрынғы президентке жиыны 14 айып тағылғаны туралы хабарлаған.
Тұтқынға алынған Алмазбек Атамбаев Қырғызстанда саяси бағдарды өзгертуге қауқарлы саясаткерлер санатынан шығып қалғанға ұқсайды. Бір жылдан сәл астам уақыттан соң Қырғызстанда бес жылда бір келетін парламент сайлауы өтетінін ескерсек, бұл ерекше маңызды жайт. Сайлауға дейін саяси жағдай қалай өрбиді? Алмазбек Атамбаев саяси сахнадан кеткен соң елдегі ахуал қалай өзгереді? Азаттықтың Қырғыз қызметі бұл туралы жергілікті бірнеше сарапшының пікірін білді.
Атамбаев пен Жээнбековтің егесіне не түрткі болды?
Қырғызстандағы "Полис Азия" талдау орталығының жетекшісі Эльмира Ногойбаева Алмазбек Атамбаев ұсталғаннан кейінгі келесі қадам – қайта бөліске түсетін оның ресурстары үшін күрес басталуы ықтимал екенін айтады.
- Сайлауға дейін тағы бір маңызды кезең болады - Атамбаев пен жақтастарының ресурстары бөліске түседі. Менің ойымша, сайлауға дейін бәсеке басталып кетуі мүмкін. Бұл белгілі бір топтар арасында қазірдің өзінде байқала бастады. Сайлау – мүлде басқа кезең. Онда да ресурстар бөліске түседі, бірақ оның салмағы бөлек, белгілі бір қызметтерді бөліседі. Көктемге қарай бәсеке күшейеді. Жээнбековтар кланымен қатар, басқа кландар да нығайып жатыр. Бұл кландардың бәрі Атамбаев тұсында өсіп жетілгенін ескерсек, олардың арасында бәсеке тууы мүмкін.
Шын мәнінде Атамбаев мемлекеттік саясатқа қауіпсіздік институттары және қылмыс әлемімен байланысы бар көптеген елеулі өзгеріс енгізді. Оның қандай әлем құрғанын жақын уақытта байқайтын боламыз. Бұған қоса, Атамбаевқа қарсы іс ұзаққа созылған сайын, оны құрбан есебінде қабылдайтындар көбейеді. Атамбаевты пір тұта бастайды, - дейді сарапшы.
Оның пікірінше, елде басқа да ірі саяси процестер жүріп жатыр. Бірақ қоғам бұл туралы ештеңе білмейді. "Бұл процестер әзірге жасырын қалып отыр" дейді ол.
- Парламенттік сайлауға дайындық пен оны өткізу кезіндегі жағдай "ойын" ережелеріне тікелей байланысты. Парламент депутаттары демалыста жүргенде президент дауыс беруге қатысты заңдар жинағына қол қойды. Қалған құжаттар парламентте талқыланады. Бұл ережелердің саяси күштер үшін әділ әрі ашық болуы – тұрақтылық кепілі, - дейді саясаттанушы Эдиль Осмонбетов.
- Жаңа саяси кезеңде екі фактор қоса жүреді. Ол - сайлауға дейін ойын ережелері айқындалуы тиіс. Бұл ережелер заңда жазылуы керек. Қазірдің өзінде отыз пайыздық квота және сайлауға жарты жыл қалғанда партия құруға болмайтыны сияқты кей жаңа нормалар қабылданды. Бірақ негізгі ережелер қыркүйек-қазан айларында белгілі болуы керек. Бұл ережелер саяси күштердің барлығына түсінікті әрі айқын болуы тиіс. 2020 жылғы сайлау өте маңызды. Парламентке келетін партиялар жаңа саяси ландшафт түзеді. Күзде жаңа саяси драйверлер байқала бастайды. Қазірдің өзінде көптеген жаңа саяси көшбасшы пайда болғанын ұмытпаған жөн. Олар өз күшіне сенеді және аймақтардағы мемлекеттік органдар мен Жогорку Кеңешке (Қырғызстан парламенті – ред.) билікке келуді мақсат тұтады. Кой-Таштағы жағдай ескі саяси күштердің тағдырында шешуші рөл атқарды деп ойлаймын, - дейді Осмонбетов.
Сарапшы ішкі және сыртқы ойыншылар ондайға мүдделі болмағандықтан, Қырғызстанда көлемді саяси толқу болуы неғайбыл деп санайды.
Саясаттанушы Денис Бердаковтың пікірінше, саяси жағдайдың ары қарай қалай өрбитіні саяси күштер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға биліктің қаншалықты "икемді" екендігіне байланысты.
- Қазіргі негізгі мәселе – парламенттік сайлау. Саяси күштердің барлығы сайлауға ерекше көңіл бөліп отыр. Атамбаевпен байланысы бар кей саяси күштер наразылық ұйымдастыруға тырысады. Бірақ жаппай қарсылық болмайды. Шартты түрде оппозицияны алып қарайық. Қазіргі жай-күйі мен ресурстардан шетқақпай қалғанына наразы адамдар мен шағын топтар бар. Бірақ жалпы алғанда, саяси элитаның шамамен 60 пайызын өз жағдайына толық қанағаттанбаса да, тұрақты өмір сүріп жатқан адамдар құрайды. Оның бірінші себебі – Ақаев пен Бакиевті орнынан тайдырған ірі қателік қайталанған жоқ. "Ірі қателік" деп бизнеске жаппай қысым көрсетуді айтып отырмын.
Таяу жылдары саяси күштер бұрқ-сарқ қайнауы мүмкін. Күзде "компромат соғысы", министрліктер үшін тартыс, таңқаларлық коалициялар құру басталады. Бұл ешқандай сенім жоқ деген тұжырымды тағы бір дәлелдейді. Басқаша айтқанда, бұл таза макиавеллизм. Бұл процестер аса қызық әрі қауіпсіз болады. Ал сайлау қорытындысы қауіпті болып кетуі әбден мүмкін. Сайлауға барша жұртты, солардың арасында, билікке бағынбайтындарды да қатыстыру – өте қауіпті. Ал қысым жасап, басқаруға көнбейтіндерді сайлаудан шеттетсе, парламенттен тыс оппозиция пайда болады. Оның да салдары қиын. Сондықтан қызық жағдайлар күтіп тұр. Бұл жыл өте қызық әрі ақпаратқа бай болады, - дейді Бердаков.
Кой-Таштағы соңғы оқиға елдегі жағдайдың бірнеше сағаттың ішінде-ақ ушығып кетуі мүмкін екенін көрсетті. Атамбаевты "мәжбүрлеп әкетуге" барғандарға бұрынғы президенттің жақтастары қарсылық көрсетіп, салдарынан арнайы жасақтың офицері мерт болды, 170-тен астам адам жараланды, соның ішінде күш құрылымдарының 79 қызметкері зардап шекті. Бұл оқиға Алмазбек Атамбаев пен оның орнына билікке келген Сооронбай Жээнбековтің арасындағы бірнеше айға жалғасқан саяси күрестің шырқау шегіне жеткенін көрсетіп, Орталық Азияда осыған дейін биліктің ауысымен аяқталған екі революцияны өткерген елді тұрақсыздық жайлап алмай ма деген қауіпті күшейтті.
Қырғызстан билігі Алмазбек Атамбаевқа 14 айып тағып отыр. Оған қылмыстық кодекстің билік өкіліне күш қолдану, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру, кісі өлтіруді және адам өлтіруге оқталуды ұйымдастыру, кепілге адам алу, атыс қаруын заңсыз пайдалану және жемқорлық баптары бойынша айыптар таққан. Мемлекеттік органдар Алмазбек Атамбаевтың дүние-мүлкіне, құнды қағаздарына және қаржы ұйымдарындағы есеп-шоттарына, сонымен бірге экс-президентке жақын саналатын компанияларға арест салған.
Алмазбек Атамбаев өзіне тағылған айыптарды терістеп, қазіргі билік өзін саяси бәсекелес ретінде қуғынға салып отыр деп мәлімдеген. Билік Атамбаевқа тағылған айыптардың саяси астары барын жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР