ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы төрағасының орынбасары Маргарета Седерфельд өткен жылдың ақпанынан бері баяндаманы дайындаумен айналысқан. Сессия құрамында болған Ресейдің он төрт депутатының ешқайсысы баяндама таныстырылымына қатысқан жоқ.
Борис Немцовты бес жыл бұрын, 2015 жылы ақпанның 27-і күні кешке Кремльден екі жүз метр жердегі Мәскеу өзені көпірінде атып өлтірген. Мәскеу өңірлік әскери соты алқабилер шығарған айыптау үкімінің негізінде Немцовты өлтіруге айыпты деп танылған Заур Дадаев, ағайынды Анзор және Шадид Губашев, Темирлан Эскерханов пен Хамзат Бахаевты 11 жылдан 20 жылға дейін мерзімге бостандығынан айырып, жазаны өтеуге қатаң тәртіптегі колонияға жіберді. Сот үкіміне сәйкес, олар осы қылмысы үшін 15 миллион рубль алған. Сотта қылмыстың мотиві туралы ештеңе айтылмады, ал тапсырыс беруші сол күйі табылған жоқ.
Маргарета Седерфельд баяндаманы таныстыру кезінде жыл бойы әріптестік орнатып, құжаттар алып, ресми тұлғалармен кездесу үшін Ресей билігімен байланысуға тырысып көргенін, бірақ мұнысынан еш нәтиже шықпағанын айтты.
– Соңында Ресей билігі әріптестіктің кез келген түрінен бас тартты. Одан бөлек, Ресей сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясына баяндама авторына қылмыстық іс материалдарын беруден бас тартатыны жөнінде жазбаша хат жолдады. Олар "іс материалдарында мемлекеттік құпия саналатын құжат бар" деген сылтау айтты. Борис Немцов отбасының адвокаттары бұған Булгаков кейіпкерінің сөзімен "өтірік айту деп аталатын жағдай" деген баға берді. Өйткені не тергеуде, не сот процесі кезінде іс материалдарында мемлекеттік құпия жазылған құжат болмаған, - дейді Борис Немцов қорының төрағасы кіші Владимир Кара-Мурза.
Баяндамада Борис Немцовтың қазасы бойынша тергеу мен соттың қалай өткені сараланып, құжатқа тіркелген. Одан істі зерттеу кезіндегі көп мәселе, кемшілік, ескерілмеген фактілер мен шектеулер айқын көрінеді.
– Біріншісі – қылмыс мотиві. Ресей билігі басында және кейінірек сот барысында оппозиция лидерінің қазасы туралы істе саяси мотив бар деген кез келген жорамалдан барынша аулақ болуға тырысты. Елдегі белгілі саясаткердің қазасы жайлы істі саясатты араластырмай зерттемек болды. Қылмыстық кодекстің өзге бабын: "Мемлекеттік қайраткердің өміріне қастандық жасау" туралы 277-баптың орнына қатардағы кісі өлтіру туралы 105-бапты әдейі таңдады. Прокурор Антипов Мәскеу өңірлік әскери соты отырыстарының бірінде "оппозиция өкілінің өлімі туралы істі 277-бап бойынша қарауға жол бере алмаймыз" дегенді ашық айтты, – дейді Владимир Кара-Мурза.
Баяндамада іске қатысты дәлелдерге де ерекше мән берілген. Мәселен, ең маңызды дәйектердің бірі – Немцов өлтірілген түні Мәскеу өзеніндегі көпірдегі видеокамераға түсірілген бейнежазба. Федералды күзет қызметі Мемлекеттік дума депутаты Дмитрий Гудковтың жолдаған сауалына жауабында Кремль қабырғасынан 200 метр жердегі көпір қорғалатын нысан санатына кірмейтінін алға тартып, видеоны беруден бас тартты.
Үшіншіден, қылмысты ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер кім болғаны маңызды. Криминалистикадан мүлде алыс адамның өзі ұйымдастырушысы мен тапсырыс берушісі анықталмаған істі толық ашылды деп есептеуге болмайтынын айтады. Ресейде Немцовтың қазасына байланысты ресми тергеу жүріп жатқан кезде бір шешен жүргізушісінен өзге ешкімге ұйымдастырушы және тапсырыс беруші деген айып тағылмаған. Ресей тергеушілері Ішкі істер министрлігінің ішкі әскер майоры, Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Қадыровқа жақын Руслан Геремеевке екі рет Немцовтың өлімін ұйымдастыруға қатысқаны үшін айып тақпақ болған. Екі жолы да бұл талпынысты Ресей федерациясы тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин тоқтатқан. Тергеуші Геремеевтен жауап ала алмаған. Өйткені ешкім тергеушіге есік ашпаған.
Жауапқа тартылған қылмыскерлердің көзге бірден түсетін байланысына, әсіресе, Заур Дадаевтың Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа жақын адамдармен араласқанына қарамастан, не Қадыров, не оның оң қолы Адам Делимханов, не генерал Виктор Золотов (Дадаев ішкі әскерде осы генералдың қол астында болған) бір рет те тергеуге шақырылмаған. Немцов отбасының адвокаттары бірнеше рет осындай талап қойған. Баяндамада Шешенстан республикасының бұрынғы вице-министрі, 2018 жылы адвокаттық сауалнама негізінде іс бойынша ерікті түрде куәлік беруге келіскен Ахмед Закаевтың түсініктемесі туралы айтылады. Ол 2012 жылдың қысында Қадыровқа жақын адамдар арасындағы дерек көзінен [Ресей президенті Владимир] Путиннің Шешенстанға сапары кезінде Борис Немцовты өлтіру туралы бұйрық берілгенін білген. Немцов отбасының адвокаты Вадим Прохоров бұл түсініктемені тергеу комитетіне өткізген. Бірақ тергеу комитеті бұл іс бойынша ештеңе істемеген, – дейді Владимир Кара-Мурза.
Владимир Кара-Мурза халықаралық бақылау саласында бұған дейін де Борис Немцовтың қазасы туралы істі зерттеу бойынша бірнеше бастама көтерілгенімен, бұл баяндама қазіргі кездегі ең маңызды халықаралық-құқықтық құжат болып отырғанын айтады.
– Баяндамада бір маңызды қорытынды және бір нақты ұсыныс бар. Онда Еуропа одағы елдеріне біз "Магнитский заңы" деп атайтын адам құқықтарын бұзғандарға қарсы жекелеген санкциялар енгізу туралы заң қабылдау және осы заңды Борис Немцовтың өліміне қатысы бар азаматтарға қарсы қолдану ұсынылған. Баяндаманың соңғы бетінде өте нақты қорытынды айтылған және онда Борис Немцовтың өлімін ұйымдастырып, тапсырыс бергендердің жазасыз қалуы – Ресей құқық қорғау органдарына кәсіби шеберлік жетіспегенін емес, Ресей билігінде саяси ерік жоғын көрсетеді. Бұл біздің елдегі және басқа мемлекеттердегі азаматтарға бұрыннан белгілі. Бірақ бүгін бұл бірінші рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ресми мінберінен айтылды, - дейді ол.
Владимир Кара-Мурзаның сөзінше, ЕҚЫҰ-ның негізгі принциптеріне сәйкес, адам құқықтары, демократия, бостандық пен заңдылыққа байланысты мәселелер белгілі бір мемлекеттің ішкі ісі емес, халықаралық міндеттеменің бір бөлігі саналады. Бұл ЕҚЫҰ-ның Мәскеудегі кеңесінің құжатында бекітілген.
– Сондықтан Кремль мен Ресей сыртқы істер министрлігі "ішкі ісімізге араласпаңыздар" деген үйреншікті сылтауын бұл жағдайда қолдана алмайды. Елімізде бір күні осындай зерттеу жүріп, Борис Немцовтың өліміне қатысы бар азаматтар сотқа тартылады деп сенемін. Ал әзірге Ресей билігіне бұл іске байланысты туатын негізгі сұрақтарды қоюды жалғастыру керек. Менде осындай үш сұрақ бар. Біріншісі: Ресей билігі тапсырысты орындаған қарапайым қылмыскерлердің үстінде тұрған адамдарды неге жасырып отыр? Екінші сұрақ: Ресей билігі Немцовтың ісі бойынша ЕҚЫҰ не Еуропа кеңесі сияқты халықаралық бақылау процедураларымен әріптестіктің кез келген түрінен неге бас тартады? Үшінші және ең маңызды сұрақ: 2019 жылы мамырда АҚШ үкіметі "Магнитский заңы бойынша" Ресей ІІМ ішкі әскер майоры Руслан Геремеевқа қарсы Борис Немцовты өлтіру ісін ұйымдастыруға қатысқаны үшін санкция енгізді. Санкция енгізу туралы шешімде Геремеев бұл қылмысты Рамзан Қадыровтың атынан және соның бұйрығымен орындағаны жазылған. Сұрақ өте қарапайым: ықпалды өңір басшының атынан әрекет еткен Ресей ІІМ ішкі әскер офицері Борис Немцовтың өлімін ұйымдастырушылар қатарындағы ең қарапайым қатысушы болса, соңғы тапсырысты кім берген? – дейді Владимир Кара-Мурза.
Маргарета Седерфельд баяндамасын ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының Ванкуверде өтетін жазғы сессиясында қаралатын резолюция жобасына айналдыруды жоспарлап отыр. Ол резолюцияны ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының толық құрамы қабылдауы үшін қолынан келгеннің бәрін жасамақ. Сонда резолюция ресми халықаралық құжатқа айналады.
"Мен бұл баяндаманы практикалық мәні жоқ, саясиланған құжат деп есептеймін. Сондықтан оның қорытындысына құрметпен қарамаймын. Борис Немцовтың ісі бойынша зерттеудің объективтілігіне күмән келтірудің еш мәні жоқ. Өйткені бұл тергеу Ресей аумағындағы процессуалдық нормаларға сәйкес өтті және мұның не Седерфельд ханымға, не басқа біреуге еш қатысы жоқ. Біз бұл нормаларды құрметтейміз және әріптестерімізді де жоқ жерден жорамал жасамай, біздің заңдарымызға құрметпен қарауға шақырамыз" деді "Настоящее время" сайтына берген сұхбатында Мемлекеттік думаның вице-спикері, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясындағы Ресей делегациясының басшысы Петр Толстой.
Ақпанның 29-сы күні Мәскеуде оппозициялық саясаткердің қастандықпен өлтірілгеніне бес жыл толуына орай Немцов шеруі өтеді. Билік рұқсат берген шараны ұйымдастырушылар Ресейде билік ауысуын талап етіп, билікті иемендіп алуға қарсылық білдіру мақсатында саяси шеру өткізетіндерін айтты. Саяси шерудің Facebook-тегі парақшасында "Борис Немцов осы үшін күресті, осы үшін өмірін қиды" деп жазылған.
ПІКІРЛЕР