Accessibility links

Наваз Шарифтің үш келіп, үш кетуі


Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Наваз Шариф (ортада) Исламабадтағы Пенджаб үйінен кетерде бұрынғы үкімет мүшелерімен сөйлесіп тұр. 9 тамыз 2017 жыл
Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Наваз Шариф (ортада) Исламабадтағы Пенджаб үйінен кетерде бұрынғы үкімет мүшелерімен сөйлесіп тұр. 9 тамыз 2017 жыл

1990 жылдардан бері Пәкістан үкіметін үш мәрте басқарып, үш жолы да премьер-министр қызметінен еріксіз кеткен, жемқорлық пен өкілетін асыра пайдалану дауларына қалған саясаткер не себепті әлі танымал?

Тамыздың 14-інде Пәкістан тәуелсіздігінің 70 жылдығын тойлап жатқан күні екі апта бұрын елдің Жоғарғы соты биліктен шеттеткен бұрынғы премьер-министр Наваз Шариф те көп алдына шығып сөз сөйледі. Мереке күні Пенджаб провинциясының орталығы Лахордағы ақын, ойшыл Мухаммад Иқбалдың қабіріне барып тағзым еткесін Шариф:

- [Халықтың саяси таңдауы мен] дауыс берудің маңыздылығын сыйлаған болсақ, артқа кету болмас еді, - деді.

Пәкістандағы ең ірі һәм ең халқы көп провинция - Пенджабтан шыққан Шариф үш мәрте: 1990, 1997 және 2013 жылдары парламент сайлауында жеңу арқылы премьер болып сайланған. Биыл 67-ге толған саясаткер үш жолы да өз еркінен тыс биліктен айырылды. 1993 жылы президентпен арада туған саяси дағдарыстан соң қызметтен кетті, 1999 жылы әскер басшылығымен тіл табыса алмай әскери төңкерістен соң елден қашуға мәжбүр болды, ал биылғы шілденің 28-інде "Панама қағаздары" дауынан соң Жоғарғы соттың кәріне ұшырады.

Тамыздың 12-сінде Пәкістан Мұсылман Лигасы - Наваз (PML-N) партиясына мүше ондаған мың жақтасымен кездесу кезінде Шариф жемқорлық дауына қатысты өзін 10 жылға биліктен шеттеткен Жоғарғы соттың шешімімен келіспейтінін білдірді.

Пенджабтың Гуджрат қаласындағы Наваз Шарифті жақтаушылар шеруі. 11 тамыз 2017 жыл
Пенджабтың Гуджрат қаласындағы Наваз Шарифті жақтаушылар шеруі. 11 тамыз 2017 жыл

- [Пәкістандағы] қандай да бір сот конституцияны бұзған диктаторларды жазалай алар ма еді? [Елдің тарихындағы] барлық премьер-министрлер [мерзімінен бұрын] қызметінен алынған. Немене олардың бәрі жемқор ма еді? Пәкістандағы демократиялық жолмен сайланған премьер-министр орта есеппен бір жарым жыл қызметте тұрады екен. Диктаторлар бұл елді он жылдап билейді, ал премьер заңды мерзімін бітіріп үлгермейді. Неге? - деп сұрады ол.

2016 жылы сәуірде Панамадағы Mossack Fonseka заң фирмасының құжаттары интернетте жарияланып кеткен болатын. "Панама қағаздары" деген атпен танылған бұл материалдарда көптеген елдердің жоғары лауазымды тұлғаларының оффшордағы дәулеттері мен шетелдік компаниялардағы үлестері көрсетілген еді. Бұл дау бірнеше елде саяси дау, тіпті дағдарыс тудырып, Исландияның сол кездегі премьер-министрі Сигмюндюр Давид Гюннлёйгссон отставкаға кеткен. Аталған құжаттарда постсоветтік елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы бірқатар лауазымды тұлғалардың аты-жөндері көрсетілгенімен, олардың басым көпшілігі бұл туралы ресми мәлімдеме жасамай, үнсіз қалған.

"Панама қағаздарында" жарияланған мәліметке сәйкес Наваз Шарифтің төрт баласы оффшорда компания ашқан болып шығады. Шарифтің ұлы Хуссайн Наваз бұл ақпаратты растап, шеттегі бизнесті заңды түрде жүргізгендерін мәлімдеген. Өткен аптада жақтастарымен кездесу кезінде Наваз Шариф "ұлының Біріккен Араб Әмірліктерінде ашқан компаниясы төлеген жалақысын жасырды" деп ұйғарған Жоғарғы соттың қорытындысына қынжылыс білдіріп, өзінің ешқандай қаржы алмағанын тағы қайталады. Сот шешімі бойынша Шариф отбасының оффшордағы дәулетінің шығу тегін тексеру жүріп жатыр.

Оппозиция жетекшілерінің бірі Имран Хан (ортада) Жоғарғы соттың Наваз Шарифті премьерліктен шеттету туралы шешіміне қуанып тұр. Исламабад, 30 шілде 2017 жыл
Оппозиция жетекшілерінің бірі Имран Хан (ортада) Жоғарғы соттың Наваз Шарифті премьерліктен шеттету туралы шешіміне қуанып тұр. Исламабад, 30 шілде 2017 жыл

Оффшордағы қаржы дауы кезінде Наваз Шарифтің үндемей құтылуы мүмкін емес еді. Өйткені оның басты саяси бәсекелестері - парламенттегі екі ірі оппозициялық ұйым "Пәкістан халық партиясы" (PPP) мен "Пәкістан әділет қозғалысы" (PTI) премьер-министрдің ойламаған жерден оң жамбасқа келіп қалғанын оңтайлы пайдаланды. Әсіресе, бұрынғы крикет ойыншысы, спорт жұлдызы Имран Хан бастаған PTI "Панама қағаздарындағы" мәліметтерді тексеру туралы сотқа арыздан арыз түсірумен болды.

Биліктен кетсе де, Шариф парламенттегі 342 мандаттың 208-ін иеленіп, саяси көпшілік болып отырған PML-N партиясы мен одақтастарының күшіне сенеді. Оның үстіне бұрынғы премьердің туған інісі Шехбаз Шариф - Пенджаб провинциясының бас министрі (губернаторы). Ал Пенджаб - төрт провинциялы елдегі 195 миллион халықтың 101 миллионы тұратын ең ірі, әрі ең бай аймақ. Елдің әскери, индустрия мен ауыл шаруашылық салаларындағы жетекші тұлғалардың көпшілігі осы өңірден. Сол себепті парламентке сүйенетін Шехбаз Шариф жаңа премьер-министр болудан үмітті негізгі кандидаттардың бірі. Қазіргі уақытша премьер міндетін атқарушы Шахид Хакан Аббаси де пенджабтық әрі PML-N мүшесі.

Пәкістанның премьер-министрі Наваз Шариф (ортада) пен оның інісі Пенджаб провинциясының бас министрі Шехбаз Шариф (сол жақтан екінші) Қытай премьері Ли Кэцянмен кездесіп тұр. 5 шілде 2013 жыл.
Пәкістанның премьер-министрі Наваз Шариф (ортада) пен оның інісі Пенджаб провинциясының бас министрі Шехбаз Шариф (сол жақтан екінші) Қытай премьері Ли Кэцянмен кездесіп тұр. 5 шілде 2013 жыл.

Бұрынғы парламент мүшесі Афрасьяб Хаттактың жазуынша, Наваз Шарифтің Пенджабтағы электоратты өз мүддесі үшін пайдалану қабілетін әлі есептен шығаруға болмайды. "Азаматтық қоғам үстемдігін орнату үшін Пенджаб халқын мобилизациялаудың маңызы зор, шалғай аймақтардағы сайлаушылардың үніндей емес, негізгі провинция Пенджабтың дауысын елемеуге келмейді. Ең маңызды сұрақ - Пәкістанды кім басқармақ - халық сайлаған өкіл ме, әлде қауіпсіздік құрылымдары таңдаған адам ба?" деп жазады ол.

Биліктен қуылған соң Исламабадтан Лахорға қарасы қалың жақтастарын ертіп шеру түзген, демократия мен халық таңдауы туралы айта бастаған Наваз Шарифтің қазіргі риторикасына оппозиция сынай қарайды.

- PML-N мынаған жауап берсін, неге демократия туралы айтып отырып монархия жолынан шықпайды? - деп мысқылдады PTI жетекшісі Имран Хан бұрынғы премьердің партия жетекшілігіндегі монополиясына меңзеп.

Билавал Бхутто Сардари, Пәкістан халық партиясының жетекшісі
Билавал Бхутто Сардари, Пәкістан халық партиясының жетекшісі

Наваз Шарифтің қызы Мариям Шариф те PML-N партиясының мүшесі, жастар қанаты жетекшілерінің бірі.

PPP-дің жас жетекшісі, марқұм Беназир Бхуттоның ұлы Билавал Бхутто Зардари де Шарифтің "демократияға төнген қауіп" туралы сөздерін қолдай қоймады. Тамыздың 12-сінде журналистерге сұхбат беріп тұрып Билавал Бхутто Зардари:

- Демократияға қатер төне қалса, қорғау үшін бірден алға шығам. Бірақ қазір демократиялық саяси жүйеге қауіп төніп тұрған жоқ. Жалғыз Наваз Шарифтің жеке басы ғана қиындықта қалды, - деді.

Бұл жолы әскери жетекшілік Жоғарғы сот пен парламент арасындағы текетіреске бейтарап қарайтынын білдірді. Әскер басшысы генерал Камар Джавед Баджва тамыздың 14-і күнгі сөзінде:

- Соңғы сапарымыз кезінде біраз қателіктерге ұрындық, сабақ болды. Бүгінде Пәкістан дұрыс жолмен алға басып барады, конституция және заң үстемдігі жолымен, - деді.

Баджваның бұл сөзін басқа ықпалды әскери жетекшілік мүшелері қолдай ма, жоқ па әлі белгісіз. Пәкістанның 70 жылдық тарихында үш мәрте (1958, 1977 және 1999 жылдары) елдегі саяси дағдарысқа араласып, төңкеріс жасаған әскер әзірше тыныш.

1997 жылы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті мені Пәкістанға тіл үйрену бойынша тағылымдамаға жібергенде Наваз Шариф жемқорлық дауына ілінген Беназир Бхуттоны биліктен тайдыруға күш салып, екінші рет үкімет басына келіп жатқан. Пешавар университетінің қалашығындағы жатақхана бөлмесіне орналасқанымда қабырғаларында Бхуттоны балағаттаған жазулар қаптап тұрған. Либералдық көзқарасты көптеген жергілікті студент Шарифті де оңдырмай сынайтын. Екінші мерзімі кезінде Шариф Исламабад пен Лахордың арасын жалғайтын, Оңтүстік Азиядағы алғашқы көп жолақты автомобиль жолын салдырған кезде өзі де жемқорлық дауына қалды. "Пенджаб провинциясының инфрақұрылымын жақсартуды көбірек ойлап, елдің екі басындағы Пешавар мен Карачиді жалғастыратын жолдың құрылысын кешеуілдетті" деген айыпқа ұшырады. Әскери төңкеріс жасап билікке келген Первез Мушаррафтың тұсында журналист ретінде 2001 және 2003 жылдары Пәкістанға тағы барғанымда аймақтар мен Исламабадта Шарифке қарсы риториканың күшейе түскенін байқадым. Мушарраф 2006 жылы жазған "От пен оқтың өтінде" атты өмірбаянында Наваз Шарифті Пәкістанның әскери жетекшілігімен байланысы күшті әрі өнеркәсіп саласындағы дәулетті адамдардың бірі болған әкесі Мухаммад Шарифтің ("Аббаджи") ықпалынан шыға алмаған, мемлекетті отбасы сияқты басқаруға бейім адам ретінде сипаттайды.

Одан бергі 20 жыл ішінде Пәкістан талай саяси драманы бастан кешті, Мушаррафтың өзі "диктатор" деп сыналып, істі болып, ақыры елден қуылды. Беназир Бхутто шеттегі саяси қуғыннан қайтып оралып, қастандықтан қаза тапты. Нағашы атасы, елдің төртінші президенті Зульфикар Әли Бхуттоны Равалпиндиде әскери диктатор генерал Зия-уль Хак 1979 жылы дарға тартқызған, екі мәрте үкімет басқарған анасы Беназир Бхутто 2007 жылы дәл осы қалада кісі қолынан өлген Билавал Бхутто Зардари енді, міне, кезінде анасымен ширек ғасыр тайталасқан Шарифпен саяси бәсекеге түсе бастады.

Пәкістан-Қытай экономикалық дәлізі жобасының аясында Белуджистанның Шерани аймағында салынып жатқан жол.
Пәкістан-Қытай экономикалық дәлізі жобасының аясында Белуджистанның Шерани аймағында салынып жатқан жол.

Мушаррафтың тұсында елден қуылып, сегіз жыл (1999-2007) шетте тұрған Наваз Шарифтің Пәкістандағы саяси өміршеңдігін тек "Пенджаб факторымен" түсіндіруге келмейді. Жақтаушылары оның индустриализация мен экономикалық либерализация саясатын мақтайды. Кейбір қолдаушыларына оның діни консерваторлық көзқарасы ұнамды көрінеді. Іште негізінен өнеркәсіп алпауыттары мен әскери жетекшілікке (Мушаррафпен арадағы шиеленісті санамағанда), ал сыртта Сауд Арабиясына сүйеніп келген Шариф алғашқы премьерлік кезеңінде "мұсылмандық әлеуметтік мемлекет" жобаларын кіргізіп, жекешелендіру бағдарламасын жасап, "Пәкістанды Оңтүстік Кореяға айналдырайық" деген ұран тастады. Екінші мерзімі кезінде Пәкістандағы алғашқы ядролық сынақ (1998 жыл) жасауға пәрмен беріп, Үндістанмен арадағы аймақтық бәсекеге түсу науқанын жеке бас танымалдығын арттыру үшін тиімді пайдаланды. Үшінші жолы билік басына келгенде де Шариф заманның ыңғайын сезіне білетін әккі саясаткер екенін байқатты. Бұл жолы “әлеуметтік центризм” бағытын ұстанып, “білімді һәм прогрессивті елге айналу” туралы айта бастады. Пенджаб провинциясының басшылығы “Таблиғ-е Джамаат” сияқты діни ұйымдардың орта мектептерде уағыз айтуына тыйым салғанда бұл шешімді қолдап шықты. Елдің солтүстік-батысын “Талибаннан” тазарту бойынша ірі әскери операциялар да осы кезеңде басталды. Шариф Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі жобасын жүзеге асыру бойынша келісімдер жасады. Бірақ ең ұзақ премьерлік мерзімін "Панама қағаздары" түрткі болған жанжал шорт кесті.

Наваз Шариф төртінші мәрте билік басына келуі мүмкін бе? 2010 жылы Пәкістан конституциясына енгізілген 18-толықтыруға сәйкес бұрынғы премьер сайлауда жеңсе, шексіз мәрте үкімет басқара береді. Есімі тіпті өзі құрған саяси ұйым атауына енген Наваз Шарифтің жақтастары мен одақтастары жетекшілерінің мемлекеттік қызметке араласуына 10 жылдық шектеу салған Жоғарғы соттың шешімін өзгертуге күш сала ма, әлде PML-N партиясын келесі сайлауларға жас, жаңа тұлға бастап шыға ма? Бұл сұрақтарға берілетін жауаптың нобайы келесі жылы өтетін жалпы сайлауға дайындық кезінде-ақ айқындалып қалатын сияқты.

XS
SM
MD
LG