Accessibility links

Холокост туралы заң жобасы дауға айналды


Аушвиц (Освенцим) концлагерінің қақпасы.
Аушвиц (Освенцим) концлагерінің қақпасы.

Холокост қырғынына поляктардың қатысы жоқ, Освенцим немесе Майданектегі концлагерьлерді Польшаға қатыстырып атау – "бандералық идеологияны" тарату немесе қолдаумен бірдей қылмыс. Польша сеймі мақұлдаған әрі үлкен резонанс тудырған ұлттық жады институты туралы заңға енгізілуі мүмкін ережелер мәнісі осындай. Израиль мен Украина – әр ел "өзіне" қатысты баптар бойынша үзілді-кесілді наразылық білдірді.

Сейм (парламент) мақұлдаған түзетулердің бірінде " нацистердің қылмыстары үшін жауапкершілікті немесе ішінара жауапкершілікті жария түрде әрі фактілерге қарамастан, поляк халқына немесе Польша мемлекетіне артатындар" үшін ақшалай айыппұл салатын немесе үш жылға дейін түрмеге жабатын жаза қарастырылған. Заң нормалары Польша азаматтарына да, шетелдіктерге де қолданылады.

Заңда "польшалық концлагерьлер" немесе "Польшаның ажал лагерьлері" деген сөз тіркестерін қолдануға айрықша көңіл бөлінген. Негізі, бұл баяғыдан бері басылмай келе жатқан жанжал. Оккупация кезеңінде – 1939 жылғы қыркүйектен 1945 жылдың басына дейін - нацистер Польша территориясында салған лагерьлерді (Аушвиц – Освенцим, Майданек, Треблинка, Собибор) орналасқан жері бойынша "Польшадағы лагерьлер" деп атап келген еді. Бірақ заң жобасын қарау кезінде Польша әділет министрінің орынбасары Патрик Яки "неміс нацистерінің қылмыстарын поляктарға жабады. Күні бүгінге дейін Польша елінің қолында мұндай сипаттағы қорлауға қарсы қолданатын тиімді құрал болған жоқ" деп мәлімдеді.

Сейм пен Сенат мақұлдаған заңға қол қоюы тиіс Польша президенті Анджей Дуда іле-шала заң жобасының бірқатар ережелерін қайта қарауға кеңес беруге уәде етті.

Бірақ "тиімді құрал" пайда бола салысымен Польша билігі дипломатиялық жанжалға ілікті. Израильдің Польшадағы елшісі Анна Азаридің мәлімдеуінше, Израиль жаңа түзетулердің кесірінен егер алда-жалда поляктардың әскери қылмысқа қатысына орай куәлік бергені үшін Холокост қырғынынан тірі қалған құрбандар қуғындалуы мүмкін деп алаңдайды. Азаридің сөзінше, Израиль үкіметі Польшаның Холокостқа қатысты жаңа заңын айыптағанымен, Аушвиц (Освенцим) сияқты ажал лагерьлерін поляктар салмағанын түсінеді. Сейм пен Сенат мақұлдаған заңға қол қоюы тиіс Польша президенті Анджей Дуда іле-шала заң жобасының бірқатар ережелерін қайта қарауға кеңес беруге уәде етті.

Бірақ Сейм шешімі Польшада және одан тысқары жерлерде қызу пікірталас тудырды. Журналист әрі социолог, бұрынғы диссидент Петер Пацевичтің сөзінше, заңның жаңа редакциясы қудалануы ықтимал жандар қатарынан "көркем шығармашылығы немесе ғылыми қызметі аясында" заң бұзғандарды шығарған, ал білім беру саласындағы қызметі аясында заң бұзғандарды шығармаған. Тарата айтқанда, Пацевичтің пікірінше, шәкірттеріне Едвабнедегі қырғын сияқты өткеннің қасіретті оқиғалары жайлы айтып бергені үшін польшалық тарих пәні оқытушылары қысымға ұшырауы мүмкін. Жаңа заңның жақтастары болса, осы үшін Пацевичті сынап жатыр.

Әділет министрлігінің бұрынғы баспасөз хатшысы Себастьян Калета "Әдеттегі өтіріктің бірі. Үшінші республика (посткоммунистік Польша – Азаттық) элитасы ажал лагерьлерін польшалық деп атауға жол берген фактіге қайғырудың орнына, бізді заңға қатысты шатастырып жатыр. Мүмкін олар шынымен де Холокост қырғынына Польша кінәлі деп ойлайтын шығар" деп жазды.

Петр Пацевичтің қаупін Тель-Авив университетінің профессоры, Польша территориясындағы Холокост қырғынын зерттеу орталығын басқаратын израильдік тарихшы Хави Дрейфус те қостайды. "Мына заң Польшада адамдар бұл тақырыпты қозғаудан қорқатын атмосфераға ұласуы мүмкін. Польшада Холокост қырғынының көптеген қырларын түсінуге көмектескен тамаша ғалымдар жұмыс істейді. Мұндай сипаттағы тақырыпқа енді олардың өздері де, студенттері де беттей алмайтын болады, мен мұны үлкен проблема деп санаймын" дейді ол. Польша территориясындағы концлагерьлердің "Польшаға немесе Польша билігіне ешқандай қатысы болмағанын" Дрейфус та мойындайды, бірақ ол нацистік оккупация жылдарында поляк халқының еврейлерге деген көзқарасы, жұқалап айтқанда, екіұдай болғанын да еске салады.

Бір жағынан, Израильде 6700-ден көп поляк "хасидей умот ха-олам" (Холокост қырғыны кезінде еврейлерді құтқарып қалған өзге халық өкілдеріне берілетін құрметті атақ) деп танылған. Ал бір жағынан, нацистерден қашып ауылдық жерлерде тығылуға тырысқан 250 мыңдай польшалық еврейлердің тірі қалғаны 10 пайыздан аспайды. "Әлгі адамдардың көбін немістер емес, жергілікті тұрғындар өлтірген немесе Польшаның қосалқы полициясына я болмаса немістердің өздеріне ұстап берген" деп мәлімдейді Хави Дрейфус.

Оқи отырыңыз: Польша консерваторлары «поляк концлагері» тіркесіне наразы

Израиль саясаткері, Кнессет (Израиль парламенті – ред.) депутаты әрі "Еш Атид" партиясының жетекшілі Яир Лапид Твиттер желісінде Польшаның Израильдегі елшілігімен сөзбен қақтығысты.

Польша елшілігі Твиттер парақшасында "Заң жобасының мақсаты – өткенді "ақтау" емес, шындықты жаладан қорғау" деп жазды. Яир Лапид бұған "Мен - Холокост қырғынынан аман қалған адамның баласымын. Әжемді Польшада немістер мен поляктар өлтірген. Маған Холокост тарихын үйретпей-ақ қойыңыздар. Оның зардаптары әлі күнге дейін жадымызда. Сіздердің елшілік дереу кешірім сұрауы тиіс" деп жазды.

"Құқық және әділеттілік" ұлттық партиясы мен популистік "Кукиз-15" партиясының депутаттары қолдаған заң жобасы қоғам назарын 2015 жылы "Оскар" сыйлығын алған "Ида " фильмі қозғаған проблемаларға аударды.

Израильдің Польшадағы бұрынғы елшісі Шевах Вайс польшалық Dziennik басылымына берген сұхбатында "Бір кездері мені құтқарып қалғаны үшін бәлкім, поляктарға тым қатты іш тартатын шығармын. Бірақ құтқармай, керісінше, ажалға байлап берген жандарды қалай ұмытамыз? Бірақ сосын Сталин заманында поляктарды өлтірген еврей судьялардың, прокурорлардың немесе [соғыстан кейінгі] Польшаның мемлекеттік қауіпсіздік органы қызметкерлерінің де есімдерін еске түсірдім" деген болатын. Өзгеше айтқанда, биліктегі "Құқық және әділеттілік" ұлттық партиясы мен популистік "Кукиз-15" партиясының депутаттары қолдаған заң жобасы қоғам назарын 2015 жылы "Оскар" сыйлығын алған "Ида " фильмі қозғаған проблемаларға аударды. Оның сюжеті әке-шешесі соғыс кезінде өлтірілген еврейлер болғанын естіп, олардың қазасына қатысты жайттарды анықтауға тырысқан поляк монахинясының әрекетіне негізделген болатын. Лебенштейндер отбасын поляк көршісі өлтіргені анықталады. Фильмдегі басты рөлдердің бірі – бас кейіпкердің соғыстан кейінгі жылдары коммунистік прокурорға айналып, талай адамды жазықсыз жазалаған туыс әпкесі.

Польшада "Құқық және әділет" партиясы билікке келгеннен кейін ел билігі тарихи саясатқа көп көңіл бөле бастады. Оның ішінде ұлттық жады институты туралы әлгі заңның Польша-Украина қатынастары тарихына қатысты Сейм мақұлдаған тағы бір түзетуі де бар. Әлгі түзетуде "бандералық идеологияны" насихаттағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұрынғы рок-музыкант, ал қазір "Кукиз-15" бірлестігі лидері Павел Кукиз оның қабылданғаны жайлы мақтана хабарлады.

"Сейм Польшада бандеризмді насихаттауға тыйым салатын К-15 заң жобасын бекітті! 2016 жылғы 6 шілдеден (заң жобасы Сеймнің қарауына алғаш түскен күн – Азаттық) бері күткеніміз ақыры орындалды! Қабылданды-ау әйтеуір!" деп жазған ол.

Заң жобасын қабылдау Украинаның сыртқы істер министрлігінің наразы реакциясына ұласты. "Украина тақырыбын Польшаның ішкі саясатында тағы пайдаланылып жатқаны және екі елге де ортақ тарихтың қасіретті парақтарын саясиландыру әрекеттері тыйылмай тұрғаны қапаландырады. Тарихи оқиғаларды тағы да сыңаржақ түсіндіруге тырысқан мына әрекетке үзілді-кесілді қарсымыз" делінген ведомствоның мәлімдемесінде. Украинадағы әлеуметтік желі қолданушылары да Польшаның әрекетін айыптаған комментарийлер жазып жатыр. Біреулер "бандералық идеология" деген не деп сұрақ қойса, енді біреулер іс жүзінде бұл азат ету идеологиясы деп мәлімдейді.

Ал Украинаның ұлттық жады институтының директоры Владимир Вятрович Польшаны сөз бостандығы нормасын бұзды деп айыптайды:

Украиналық көтерілісшілер армиясының Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы, әсіресе Волынь қырғыны кезіндегі әрекеттеріне қатысты Украина мен Польша арасындағы айтыс-тартыс біресе саябырлап, біресе қайта қызады.

"Польшада мақұлданған "бандеризм" туралы заң Украина үшін емес, Польша үшін қауіпті. Бұл сөз бостандығынан бас тартып, партиялық цензура енгізуге қарай жасалған үлкен қадам. Заң украиналық авторлар ғана емес, әрекеттерін қылмыс деп санамай УПА (украиналық көтерілісшілер армиясы – ред.) туралы жазған польшалық авторларға да қолданылады" дейді ол.

Украиналық көтерілісшілер армиясының екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы, әсіресе Волынь қырғыны кезіндегі әрекеттеріне қатысты Украина мен Польша арасындағы айтыс-тартыс біресе саябырлап, біресе қайта қызады. Сондай шиеленістердің бірі кезінде Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында украиналық тарихшы Георгий Касьянов "өкінішке қарай, жанжалды ушықтыруға мүдделі саясаткерлер мен белгілі бір топтар Украинада да, Польшада да бар. Олар өздерінің нақты саяси мүдделерін күйттеп отыр, бірақ өз мүдделері үшін көрші елмен жанжалдасуға бейіл. Мұндай саяси мүдде жойылмай екі қоғам бір-бірін айыптап, жазғыра беретін болады. Украина жағынан да, Польша жағынан да бұл тақырыпты жапқысы келетіндер "біз де кешірдік, сендер де кешіріңдер" деген сөзді баяғыда айтқан. Бұдан артық сөздің керегі жоқ. Бұдан әрі қоздата беруден түк шықпайды, бірақ қазір солай болып жатыр" деген болатын ол.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Ярослав Шимовтың мақаласы орысшадан аударылды).

XS
SM
MD
LG