Accessibility links

Жалғыз адамға байланған жетістік


Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамында алаң шетіне қойылған қоршау жанында тұрған қауіпсіздік күштері қызметкері. Астана, 1 мамыр 2016 жыл.
Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамында алаң шетіне қойылған қоршау жанында тұрған қауіпсіздік күштері қызметкері. Астана, 1 мамыр 2016 жыл.

Батыс басылымдары Қазақстандағы діни шектеудің күшеюі тұрақсыздыққа ұласуы мүмкін деп қауіптенеді. Сарапшылар елді жетістіктері үшін мақтағанымен, бұл табыстары билік сәтті ауысқаннан кейін ғана бекиді деп санайды.

ДІНИ ШЕКТЕУЛЕР

Американың Stratfor сараптамалық агенттігі сайтында жарияланған «Қазақстанда ислам нысанаға алынды» деген мақалада кейінгі айларда ел «салафизмге тыйым салу үшін алғашқы қадамдар жасай бастады» деп жазған. «Экономиканың әлсіреуі, наразылық акцияларының жалғасуы мен содырлар шабуылдарынан қазірдің өзінде зардап шегіп отырған Астанадағы билік президент ауысу сәті жақындаған тұста әлгі діни ағым зорлық-зомбылықты қолдау арқылы елдегі тұрақтылықты тіпті шайқалта түсуі мүмкін деп қауіптенеді. Бірақ Қазақстан билігі бұл мәселеде сақтық танытпаса, исламға тыйым салу қауіпсіздік саласындағы проблемаларды шешудің орнына, ушықтырып жіберуі мүмкін» деп жазады Stratfor.

Мақала авторлары шетелдің діни оқу орындарында оқып жатқан 300 қазақстандық азаматты елге оралуға шақыру, жаңадан құрылған дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қыркүйектің ортасындағы салафизмге тыйым салу жоспары туралы мәлімдемесі немесе білім мекемелерінде қыз-келіншектердің басын бүркеуіне тыйым салу «діни қызметті шектеу» мысалдары ретінде келтірген.

Алматының орталық мешітінен шыққан мұсылмандар. (Көрнекі сурет.)
Алматының орталық мешітінен шыққан мұсылмандар. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан билігі «теракт» деп атаған, кейінгі айларда жасалған шабуылдарды сипаттаған Stratfor сайтының жазуынша, ресми дерекке сенсек, «Қазақстанда салафизм үстемдігі күшейіп, бүкіл елде зорлық-зомбылық әрекеттеріне жігерлендіруші ағымға айналып барады. Бірақ салафиттер мен жуырдағы шабуылдар арасында, билік мәлімдегендей, шынымен байланыс бар ма - ол жағы түсініксіз».

«Салафизмге (немесе кең мағынадағы ислам ағымдарына) тыйым салудың пайдасынан зияны көбірек болып шығуы мүмкін. Орталық Азия аймағының ертеректе исламдық топтар басып-жаншылған өзге елдерінде мұндай тыйым тұрақсыздыққа ұласқан болатын. […] Егер салафизмді аяусыз басып-жаншыса, Қазақстан да осындай зардаптарға ұрынып, қазір барынша қорғағысы келетін тұрақтылықты шайқалтуы мүмкін» деп жазады Stratfor.

БОРАТТАН КЕЙІНГІ 10 ЖЫЛ

Ұлыбританияның Telegraph газеті «Бораттан кейінгі 10 жыл. Қазақстан деген жарқын елге баруға болатын себептер» деген мақаласында мықты әсер қалдыратын орындар ретінде Қазақстанның ең тартымды 10 орнын атап, тізімін келтірген. Әлгі тізімге Тамғалы петроглифтерін, Шымбұлақтағы шаңғы базасын, құстар көрмесіне баруды, Шарын шатқалы мен «ерекше» мұражайлар (мысал ретінде Алматыдағы халық аспаптары мұражайын келтірген), жылқы етін сататын базар аралауды, «Нұр Астана» мешіті, Қайыңды көлін, Бәйтерек пен Байқоңырға сапарлауды енгізген.

БИЛІК АУЫСУ МӘСЕЛЕСІ

Ұлыбританияның Financial Times газеті «Қазақстан жетістігі - бір адамның еңбегі ме?» деген сараптамалық мақаласында «Қазақстан билігі үшін қауіпсіздікке қатысты қорқыныш бұрынғы советтік республикалар ішінде сәтті жетістіктерімен ең көп танылған елдің беделін түсіруі мүмкін әрі ұлғайып бара жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік қатерлер тізіміне енді» деп жазған. Қазақстандықтардың көбі әлгі жетістіктерді бір адамның - 76 жастағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі деп санайды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ол шетелдік инвесторларға елге есік ашып, экономиканың негізгі бөліктерін жекешелендірді және ондаған мың қыз-жігіттерді Еуропа мен АҚШ-қа оқуға жіберіп, Батыс елдері үлгісіндегі элита құрды. Совет заманындағы мәжбүрлі миграция кесірінен өз елінде азшылыққа айналған көшпелі қазақтардың ұлттық сана-сезімін ояту да сол кісінің еңбегі […] Мемлекет іргесін қалаған адамның экономикадағы сындарлы саясаты мен геосаяси көрегенділігінен Қазақстан көп нәрсе ұтты, бірақ енді билік ауысу мәселесі төніп тұр» деп жазады Financial Times.

Сыншылардың пікірінше, «Назарбаев мұрасының екінші жартысы – терең патерналистік саяси мәдениет». Мысалы, Орталық Азия елдеріндегі саяси қатерлер жөніндегі тәуелсіз саясаттанушы Кейт Моллинсон қазақстандық билік институттары «бүтіндей алғанда, жария емес, жеке тұлғаға тым тәуелді, бейресми дәстүрлер арқылы басқарылады» деп атайды.

«Қазіргі шүбәсіз прогреске қарамастан, Қазақстанның келешегі ер адам немесе әйел болсын келесі басшыны құр сайлау емес, [үлкен факторларға] байланысты шешілмек» деп жазған Financial Times.

Газетте Қазақстандағы адам құқығы бюросы жетекшісі Евгений Жовтистің «ұжымдық сипатқа көбірек келетін жаңа саяси конфигурция пайда болуы тиіс. Егер оны [Назарбаев] әзірше билік құрып тұрған кезде – таяудағы 2-3 жыл ішінде құрып үлгерсе, [Қазақстанның] жолы болғаны» деген пікірін келтірген.

XS
SM
MD
LG