Accessibility links

Атауын «шатастыратын» астаналар тізіміне Астана да енді


Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясының күмбезін жуып жүрген жұмысшылар. Маусым, 2016 жыл.
Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясының күмбезін жуып жүрген жұмысшылар. Маусым, 2016 жыл.

Орталық Азияда Қытайдың ықпалы артып, «ҚазМұнайГаз» компаниясы Румынияға қарсы шағым беруге дайындалып жатыр, ал Астананы «жұрттың көбі атауынан жаңылысатын» астаналар тізіміне қосқан.

ҚЫТАЙ ЫҚПАЛЫНЫҢ АРТАУЫ

Ұлыбританияның Financial Times сайтында жарияланған видеорепортажда Орталық Азияда Қытайдың ықпалы күшейіп келе жатқаны жайлы жазылған. Қытай президенті Си Цзиньпин Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас орнатуды Қытайдың негізгі мақсаттары қатарына қосқан. Қазір Қазақстандағы мұнай өндірісінің шамамен төрттен бірі Қытай компанияларының үлесіне тиесілі, ал Түркіменстанда елдің жалпы экспортының жартысынан көбін Қытайға шығарылатын газ құрайды.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қызметкерлері Қытаймен шекарадағы «Қорғас» бекетінде шетелдік делегацияның келуін күтіп тұр. 19 қазан 2015 жыл.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қызметкерлері Қытаймен шекарадағы «Қорғас» бекетінде шетелдік делегацияның келуін күтіп тұр. 19 қазан 2015 жыл.

Мақалада Қазақстанда Қытаймен бірлескен кәсіпорындар көбейіп бара жатқаны және жұмыс істеу үшін қытайлар көп келіп жатқаны байқалады деп жазылған. Алматыдағы «Хан» қытай мейрамханасының менеджері Әлмира Әлімова мұнда келетіндердің көбі Қытай компанияларында жұмыс істейтінін әрі олардың жиі келетінін айтады. Бірақ Қытай бизнесі көбейгеніне қарамастан, Қазақстанда Қытай ықпалының күшейіп бара жатқанына алаңдаушылар да көп. Мысалы, әлгі видеороликте Қазақстанда кей жандар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді Қытай компанияларының сатып алуына мүмкіндік береді деп санайтын жер реформасына қарсы жақында өткен наразылық акциялары жайлы айтылған.

«Қытай инвестициясының ұлғаюы Орталық Азия елдері экономикасына жаңа сипат [және студенттерге жаңа мүмкіндіктер] береді. Бірақ Қытай ақшасы мен жұмысшыларының ағылуы саяси және әлеуметтік қатер де тудырады» деп жазады Financial Times басылымы.

ВИКТОРИНАҒА ЛАЙЫҚ АСТАНАЛАР

Австралияның North West Star газеті және Goondiwindi Argus сынды өзге бірнеше басылым жариялаған «Атауы жұрттың көбін жаңылыстыратын 10 астана» деген мақала авторы Дэвид Уитли өз тізіміне Қазақстан астанасы – Астана қаласын да қосқан.

Жартылай бұзылған ескі үй мен оның арғы жағында алыстан мұнартып көрінген Қазақстан президентінің резиденциясы. Астана, маусым, 2011 жыл.
Жартылай бұзылған ескі үй мен оның арғы жағында алыстан мұнартып көрінген Қазақстан президентінің резиденциясы. Астана, маусым, 2011 жыл.

«Астаналар жайлы викторинада бұл бұрынғы советтік республика, әсіресе [әлгі республика астаналарының атауына] тәуелсіздік алғанға дейін онша мән бермегендер үшін минасы бар алаңға айналуы мүмкін. Қазақстан Алма-Ата қаласының атауын Алматыға ауыстырып, ал кейін – 1997 жылы астананы ертеректе Ақмола, Целиноград және қайта Ақмола деп аталған Астанаға көшіріп, тіпті қиындатып жіберді» деп жазады мақала авторы.

Дэвид Уитли жұрттың көбі білмейді деп санайтын өзге астаналар тізіміне Оңтүстік Судан, Танзания, Оңтүстік Африка, Белиза, Піл сүйегі жағалауы, Израиль, Нигерия, Шри Ланка және Мьянма астаналарын қосқан.

РУМЫНИЯҒА ҚАРСЫ ШАҒЫМ

Financial Times газетіндегі «Румыния мұнайға қатысты мәмілені бұғаттап тастағаннан кейін Қазақстан қарымта шараларға кірісті» деген мақалада Румыниядағы мұнай өңдейтін аса ірі Petromidia зауытының бұрынғы қожайындары да күдікке іліккен үлкен жанжал жайлы жазған. Бұл зауыт 2007 жылдан бері қазақстандық «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік мұнай-газ компаниясына тиесілі.

Сәуірдің аяғында «ҚазМұнайГаз» румындық Petromidia зауыты қарайтын Kazmunaigas International еншілес компаниясындағы 51 пайыз үлесін Қытайдың CEFC жеке меншік компаниясына 680 миллион долларға сатуға келіскен. Бірақ арада бірер күн өтпестен Румынияның ұйымдасқан қылмыс пен терроризмді тергеу басқармасы (DIICOT) – мемлекеттік прокуратураға қарасты бөлімше «ҚазМұнайГазды» 2000 жылдардың басында жекешелендіруге қатысты басталған коррупциялық тергеу амалдарына қосып, компания активтерін бұғаттап тастады» деп жазады Financial Times.

Жүк көлігіне газ отынын құйып тұрған адамдар. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.
Жүк көлігіне газ отынын құйып тұрған адамдар. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.

Басылым дерегінше, «ҚазМұнайгГаз» заңгерлері Румыния билігіне «инвестициялық дау жайлы ескерту» жолдап, халықаралық арбитражға жүгінуге алғашқы қадам жасаған. Бұл дау «былтыр Қазақстан жар салып жариялаған, бірақ әлі онша ілгерілей қоймаған амбициялық жекешелендіру бағдарламасы үшін жаңа тосқауылға айналды».

Румыния прокуратурасы «ҚазМұнайГаз» компаниясының 3 миллиард лей (740 миллион доллар) сомаға тең мүлкі мен үлесі бұғатталғанын мәлімдейді. Petromidia зауытының бұрынғы қожайындарының заңсыз әрі Румынияның лауазымды тұлғалары қатысқан деп болжанған әрекетінен мемлекет бюджетіне осынша зиян келген деп бағаланады. Газеттердің дерегінше, «ҚазМұнайГаз» компаниясы бұғатталған активтер құнын 2,1 миллиард долларға бағалаған.

XS
SM
MD
LG