МОСУЛ ҮШІН ШАЙҚАС
Американың StJoeChannel.com арнасы сайты «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы 2014 жылы басып алғаннан бері оның тірегі болған Ирактың Мосул қаласы үшін осы аптада жалғасқан шайқасқа қатысты комментарий жазған. Ирак әскері осы аптада Тигр өзені жағалауына алғаш рет жеткенін жариялаған болатын. Мосул қаласы үшін шайқас 2016 жылғы қазаннан бері жалғасып жатыр. Исламшылдарға қарсы операцияға АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әуе күштері қолдауымен Ирак армиясы, террорға қарсы жасақтар, федералдық полиция, күрдтердің «Пешмерга» жасағы мен мұсылман шиит еріктілерінен құрылған коалиция күштері қатысып жатыр.
Қаланың ескі бөлігінің қиқы-жиқы көшелері соғыс техникасы өте алмайтындай тар әрі оны ИМ содырлары мықтап нығайтып алған. Қала ішінде, әсіресе жүздеген мың бейбіт тұрғынның ортасында жүргізілетін шайқас соғыстың ең ауыр түрі деп жазады сайт.
«Ақыр түбінде [ИМ] Мосулдан тықсырылған кездің өзінде, ал бұл көктемге дейін созылуы ықтимал, Ирактың көп бөлігінде ИМ жанкештілерінің шабуылдары жалғаса беруі мүмкін. ИМ бақылауын жоғалтқан Дияла тәрізді территорияларда астыртын әрекетке қайта көшкені байқалады. [Топ] Ирактың батысындағы кей қалаларды әлі өз бақылауында ұстап тұр. Бірақ Мосулдан айырылу – Сириядағы Раккадан бастап батысқа қарай «Халифатқа» қысымды күшейтеді» деп жазады StJoeChannel.com сайты.
ЖАҢА ТАКТИКА МЕН СОҒЫСТАҒЫ БАЛАЛАР
Америкалық Foreign Affairs журналында жарияланған «ИМ-нің жаңа бүлікшілері» деген мақалада Ирактың коалициялық күштерінің тактикалық жеңістері тұсында Ирактағы ИМ тобына қарсы күреске қатысты ахуалды талдаған. «Қауіпсіздік күштері не нәрседен үміттенсе де, ИМ мүшелері жеңіліске ұшырағаннан кейін де көздеген мақсаттарынан оңайлықпен бас тартып, жау жаққа шықпайды, олар тактикасын ғана өзгертеді. Кезінде ИМ мүшелері әр түрлі топтардан жиналғаны сияқты […], енді олар шағын жауынгерлік жасақтар құру тактикасына қайта оралады. Бұл топтардың тулары оқтын-оқтын өзгергенімен, оларды көтерген адамдар сол қалпында қалады» деп жазады Foreign Affairs.
Мақалада Ирактағы Хармин көлі маңындағы жазықта әрекет ететін жасақты мысалға келтірген. Біраз уақыт ИМ бақылауында болған бұл территорияны 2014 жылғы желтоқсанда исламшылдардан босатқан, қазір оның бір бөлігі күрд және шиит жасақтарының, ал екінші бөлігі Ирактың федералдық үкіметі бақылауында. Функцияларды бұлай бөлу ИМ тобының бұрынғы мүшелеріне екі жақтан бүлік шығаруға мүмкіндік береді. Мақалада мұндай топтардың жетекшілерін «өте тиімді» деп атаған, өйткені олар соғыс жүргізудің дәстүрлі емес тәсілдерінен тәжірибесі бар, территорияны жақсы біледі және өз ісіне берілгендер.
«Бірақ бұл таңдаудан гөрі қажеттілік деуге келеді. Олардың аты-жөні, кескін-келбеті «Әл-Қайда» мен ИМ тобымен тығыз байланысты, олардың шайқасудан өзге шарасы жоқ. Соғыс кезінде жақсы танымал болуы олардың дезертирлік жасауына немесе жасырынуына жол қалтырмайды, егер Ирак билігі ұстап алса, оларды ұзақ мерзімге түрмеге қамайды немесе өлім жазасына кеседі. Сондықтан олар жанкештінің миссиясын орындауды тұтқынға түсуден артық көреді» деп жазады Foreign Affairs.
Ұлыбританияның Times газеті ИМ тобы жариялаған, арасында аяғын енді басып жүрген кішкентай сәби де бар балалардың тыңшылық жасады деп айыпталған тұтқындарды қарудан атып, басын кесіп жатқан сәті түсірілген видеоролике қатысты комментарий жазған. «Тіпті «Ислам мемлекеті» тобының жуырдағы жазбаларындағы стандарттар тұрғысынан алғанның өзінде, видеороликтің жұрттың зәре-құтын қашырудан өзге көздеген мақсаты жоқ сияқты» деп жазады Тimes. «Тез иланып қалатын» бала сарбаздар көптеген жанжалдарда құрал ретінде қолданылады. Бұған қоса, жеңіл автомат қаруының жетілген түрлері оқ ату үшін көп күш қажет етпейді.
«ИМ-нің мақсаты – әлдебір әскери басымдыққа жету емес, құр үгіт-насихат сияқты. Кішкентай ұл-қыздарды жанкешті ретінде пайдаланғанымен, шайқас алаңында ИМ балалардың күшіне тәуелді емес тәрізді» делінген мақалада.