Украинадағы елші Дархан Қалетаев: Қазақстан азаматтары мінген алғашқы ұшақ бүгін түнде Польшадан ұшып шығып, Алматыға таңғы алтыда келеді
Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаевтың айтуынша, кемі 150 адам жеткізіледі. Эвакуацияға келісіп, елге кетеп деп өтініш бергендер саны қазір 500 адамнан асқан. Жалпы Украинадағы 1700-ге жуық Қазақстан азаматы бар.
– Львовта, 100-ге жақын адам сонда. Қазір жолда, Киевтан таңертең бір колонна жібердік, 100-ге жақын адам кетіп барады. Сосын жаңа екі микроавтобус жібердік, тағы 40 адамдай. Сонымен жолда тағы 200 адам бара жатыр, амандық болса барады. Біз өзімізде тұрып қалғанымыз, біз жасыл коридорды күттік, Польшаға. Бізде ана шенген виза жоқ қой, біздің азамттарда. Содан кейін жасыл коридорды күттік та, біздің ана Польшадағы елші азамат бәрін жасады, бірақ біршама уақыт кетіп қалды. Содан кейін кешке жақын біз келісім алдық, – деді Қалетаев Азаттыққа.
БҰҰ Украинада кемінде 25 бейбіт азамат қаза болғанын, кемінде 127 адам атыс немесе әуе соққысы кезінде жараланғанын хабарлады. Бұл жөнінде BBC агенттігі жазды. Халықаралық ұйым ақпарат жетіспегендіктен қаза болғандар мен жараланғандар әлдеқайда көп болуы мүмкін деп болжайды.
Украинаның әр қалаларында жұрт әскери военкоматтарда кезекте тұр, олар елін қорғағысы келеді деп хабарлады УНИАН агенттігі.
Бұған қоса, Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, жүздеген депутат қажет болса Киевті қорғауға дайынбыз деп қолына қару алған.
Алматыда Украинаны қолдау акциясы өтті
25 ақпанда Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы алдына тағы белсенділер жиналды. Бұл жөнінде Orda және Vlast сайттары хабарлады.
Полиция консулдық қақпасына ілінген Ресей басшысы Владимир Путиннің суреті бар түрлі балағат сөздер жазылған қағазды бірден алып тастаған.
"Ресей, Украинадан қолыңды тарт" деген жазуы бар қызыл түсті плакат ұстаған құқық қорғаушы Андрей Свиридов Orda.kz сайтының тілшісіне:
"Кешеге дейін соғыс болады дегенге сенген жоқпын. Әскер жинап, қорқытып қана қояды деп ойладым. Кешенің арғы күні олар Луганск мен Донецк облысын бақылауға алуы мүмкін шығар дедім. Бірақ бүгінгідей таңғы сағат төртте дәл 1941 жылғы сияқты Киевті бомбалайды деген нәрсе үш ұйықтасам түсіме кірмеген" деді.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері болған. Адамдардың ұсталғаны туралы ақпарат болған жоқ.
25 ақпанда түсте Нұр-Сұлтанда Ресей елшілігі алдында Украинадағы соғысты тоқтатуды талап еткен ЖСДП мүшесі Талғат Омаровты полиция ұстап әкетіп, кейіннен босатқан еді.
ПІКІРЛЕР