Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

17:35 25.2.2022

Астанада студенттер елшілік алдында Украинаны қолдау акциясын өткізді

25 ақпанда Украинаның Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдына кемінде 20 студент жиналып, Украина азаматтарына қолдау білдірді. Олар Ресейдің көрші елге агрессиясын айыптап, соғысты доғаруды талап етті. Жиналғандардың басым бөлігі – Назарбаев университетінің студенттері.

– Біз соғысты тоқтатуды талап етіп отырмыз. Тарихтан не болғанын білеміз: Грузиядағы соғыс, Абхазиядағы қақтығыс. Қырым. Енді 2022 жылы Украинаның тұтастығына нұқсан келіп отыр. Менің ойымша, тәуелсіз Украинадан Ресей әскерін шығаруы тиіс. Бұл соғысты қолдамаймыз, келіспейміз. Украина өз болашағын өзі таңдауы тиіс, – деді Бейімбет Молдағали.

Украина елшілігі алдындағы қолдау акциясы. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.
Украина елшілігі алдындағы қолдау акциясы. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2022 жыл.

Жиналғандардың қолында "Путин, соғысты тоқтат!", "Бізге соғыс емес, бейбітшілік керек" деген жазуы бар плакаттар болды. Олар елшілік алдында "Соғыс тоқтатылсын!", "Украина жасасын!" деп айқайлады.

Сәлден соң Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский шығып, студенттерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Олар студенттерге "автобусқа отырыңдар, үйлеріңе жеткізіп салайық" деген ұсыныс жасап, тезірек таратып жіберуге тырысты. Ал студенттер оған келіспеді.

Жиналғандар елшілік алдындағы тақтаға плакаттарын іліп, гүлдерін қойып, сәлден соң тарасты.

Акцияға қатысушылардың бірі сәлден соң Азаттыққа хабарласып, полицейлердің оларды жолда тоқтатып, газельге кіргізгенін, құжаттарын тексеріп, өздері туралы мәліметті жазып алғанын айтты. Бұдан соң студенттерді босатып жіберген.

17:09 25.2.2022

Зеленский Путинді келіссөзге шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеме жасап, Ресей басшысы Путинді келіссөз үстеліне шақырды. Украина басшысы Путинді осымен екінші рет келіссөзге шақырып отыр.

"Ресей президентіне тағы қайырылғым келеді. Украинаның бүкіл аумағында шайқастар жүріп жатыр. Қантөгісті тоқтату үшін келіссөз үстеліне отырайық" деді Украина басшысы.

Владимир Зеленский.
Владимир Зеленский.

Зеленский сонымен бірге Еуропаны Украинаға белсене көмектесуге үндеді.

"Бізге осылайша самарқау көмектессеңіздер, өздеріңді қалай қорғайсыздар?" деді Зеленский.

Ол Ресейдің Украинадағы әскери қимылын Еуропаға шабуыл деп атап, Еуропа елдері оған белсене төтеп беруі тиіс деді.

"Ресейдің Украинаға басып кіруі – жәй ғана басып кіру емес, бұл Еуропаға соғыстың басы. Еуропа бірлігіне қарсы, Еуропадағы қарапайым азаматтардың құқықтарына қарсы, құрлықтағы барлық ережелерге қарсы қадам. Еуропа елдерінің шекараны күшпен белгілеуден бас тартуына қарсы жасалған қадам" деді Зеленский.

16:58 25.2.2022

Қытай мемлекеттік ақпарат құралы: Си Цзиньпин Путинге Қытай Ресейдің Украина шиеленісін диалог арқылы шешу талпынысын қолдайды деді


Қытай президенті Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинмен әңгімесінде Қытай Ресейдің Украина шиеленісін диалог арқылы шешу талпынысын қолдайды деп мәлімдеді. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасы хабарлады.

Екі ел басшысы жұма, 25 ақпан күні телефонмен сөйлесті.

Reuters

16:30 25.2.2022

Түркия президенті Режеп Ердоған 25 ақпанда НАТО саммитінде солтүстікатлантикалық одақ "батылырақ әрекет етуі тиіс, әзірге Батыс Украинаға тек ақыл-кеңесімен ғана көмектесіп жатыр" деп мәлімдеді.

Режеп Ердоған.
Режеп Ердоған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG