Украина билігі Батыс елдері қолдан келер барлық қадамға бармай отыр деп налиды
"Санкция салуға болатын барлық мүмкіндіктер пайдаланылған жоқ. Ресейге қысым күшеюі тиіс. Осыны [Еуропа комиссиясының президенті] Урсула фон дер Ляйенге айттым. Президентке қосымша қаржылай көмек жөніндегі шешімі үшін алғыс білдіремін» деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба да Батысқа наз айтты.
"Еуропаның екі ойлы болып отырған кей лидерлеріне: жыл сайын еске алу шарасында "ешқашан қайталанбасын" деп айтасыздар. Қазір осыны дәлелдейтін сәт түсіп тұр. Ресей Еуропада жантүршігерлік соғыс агрессиясын бастап отыр. Сіздердің "ешқашан қайталанбасындарыңыз" сыналмақ. Ресейді SWIFT-тен ажыратыңыздар, барлық жерден шығарыңыздар" деді ол.
Азаттық осыған дейін SWIFT деген жүйені не екенін, одан Ресейді ажыратса, не болатынын жазған.
Фото. Киев жұрты метрода бас сауғалады
Ресей әскері Киевке кірген тұста жұрт қаладағы метро кешендеріне бас сауғалап жатыр. Киев метросының кейбір станциялары әлемдегі ең терең бекеттердің қатарында. Олардың тереңдігі 100 метрден асады.
Рада депутаттары Украинаның Ахтырка қаласындағы балабақшаны атқылаудан қанша адам қаза тапқанын айтты
Украина Жоғарғы радасының депутаты Федор Вениславскийдің хабарлауынша, Ахтырка қаласындағы балабақша ғимаратына Ресей зымыраны түсіп, салдарынан 3 адам қаза тапқан, 17 адам жарақат алған. Арасында балалар да бар.
Депутат "Рада" телеарнасына екі баланың ауыр жағдайда екенін айтты. Бұл ақпаратты өзге дереккөздер арқылы растау мүмкін болмады.
Ахтыркадағы балабақшаға шабуыл туралы мұның алдында Сумы облысы әкімшілігінің басшысы хабарлаған.
Азаттықтың Орыс қызметі балабақшаға шабуылдың салдары деген суреттерді тексере алды. Бұл – Лесной тұйық көшесіндегі "Солнышко" балабақшасы. Украина билігінің айтуынша, балабақшаға "Ураган" дейтін зымыран жүйесінен шабуыл жасалған.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба бұл оқиғаны "әскери қылмыс" деп атап, Украина билігінің қажет материалдарды Гаага халықаралық трибуналына беретінін мәлімдеді.
Украина әскері Киевті қорғау үшін қалаға кірді
Бұл туралы Украинаның өз ақпарат құралдары мен Батыс телеарналары хабарлады. Бұл ақпаратты Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Вадим Денисенко растады.
Ол қала тұрғындарынан әскери техниканың қозғалысын фото-видеоға түсірмеуге, әлеуметтік желіде таратпауға шақырды.
Денисенконың сөзінше, Киевте жаумен күресуге ерік білдіргендерге 18 мың автомат таратылған.
ПІКІРЛЕР