Украина әуе күштері Киевтен 30 шақырым жерде Васильков қаласында Ресей әскерімен шайқас жүріп жатқанын растады. Ведомство мәліметінше, Ресей әскері десанттарын түсіруге талпынған.
Украина ақпарат құралдары Киев түбіндегі Троещина және Васильков аудандарында ауыр шайқас жүріп жатқанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, Ресей әскері қаланы жылумен қамтамасыз ететін ТЭЦ-6 нысанын істен шығаруға тырысып жатыр.
Украинадағы соғыс. 25 ақпанда не болды?
- Ресей әскері Киевке кіріп, қалада жарылыс дауыстары естілді. Украина президенті Зеленский Киевте екенін мәлімдеді.
- Украина билігі тұрғындарға Молотов коктейлін жасап, елді қорғауға шақырды. Елдің ІІМ еріктілерге 18 мың қару берілгенін мәлімдеді.
- Украина Ресейдің 80 танкісін, 500 бронетехникасын, 7 тікұшағын, 10 ұшағын жойып; 2800 әскериін өлтірдік деп мәлімдеді. Ресей тарабы Киевтің маңындағы Гостомель әуежайын алу кезінде Украинаның 200 әскериінің "көзі жойылды" дейді. Бұдан бөлек, Мәскеу 6 әскери ұшақ, 1 тікұшақ, 5 ұшқышсыз аппарат, 67 танк, 87 әскери машина жойдық деді. Бұл ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден растау мүмкін болмады.
- АҚШ қорғаныс министрлігі Ресейдің әскерилері темптен жаңылып, күтпеген қарсылыққа ұшырады деп мәлімдеді.
- ЕО Ресей президенті Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың активтерін бұғаттады.
- Путин Украина әскерилерін билікті төңкеруге шақырды.
- Халықаралық олимпиада комитеті спорт федерацияларын Ресей мен Беларусьте жарыс ұйымдастырмауға шақырды. УЕФА футболдан биыл мамырда Санкт-Петербургте өтуі тиіс Чемпиондар лигасы финалын Парижге ауыстырды. Формула-1 автожарысының Сочидегі кезеңі өтпейді.
- Биылғы Евровидение байқауына Ресей әншілері қатыспайды.
- Ресей билігі Facebook жұмысына "шектеу қоятынын" мәлімдеді.
- Ресейде желілерде #нетвойне (соғыс болмасын) хэштегімен пост көп жазылып жатыр.
Қазірге дейін қанша адам қаза болды?
Ресейдің Украинаға жасаған шабуылы айналасындағы ақпараттар тез өзгеріп жатыр. Қазірге дейін белгісі Ресей әскері Киевке кірген. Екі жақтан қанша адам қаза болғаны жайлы деректер шығып жатыр. Бірақ бір ескерер жайт, бұл – Украина мен басқа елдердің билігі таратқан статистика, соғыс жағдайында деректерді тәуелсіз дереккөздерден тексеруге мүмкіндік бола бермейді.
- Украина қорғаныс министрлігі Ресейдің мыңнан аса әскериі қаза тапты дейді.
- Ұлыбританияның әскери күштер министрлігі 450 ресейлік солдат оққа ұшқанын, 194 украиналық (оның ішінде 57 бейбіт тұрғын) қаза болғанын айтайды.
- БҰҰ елдегі әуе шабуылдарынан 25 бейбіт тұрғын опат болып, кемі 102 адам жараланғанын мәлімдеді.
- Ресей тарабы Киевтің маңындағы Гостомель әуежайын алу кезінде Украинаның 200 әскериінің «көзі жойылды» дейді.
- Бейсенбі Украина денсаулық сақтау министрлігі 137 әскери қаза болғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР