Украина президенті Владимир Зеленский жаңа видеомәлімдеме таратып, "соғысты аяқтау керектігін" айтты.
Қазақстандық қоғам белсенділері Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек жинай бастады
Қазақстандық қоғам белсенділері Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек жинай бастады.
"Біз, біртұтас көпұлтты Қазақстан халқы, жуырда ғана қорқынышты қанды қаңтар оқиғасын бастан өткердік, енді қазір Кремльдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына жүрегіміз қан жылап куә болып отырмыз. Біздің ойымызша, Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігі – украин халқының қорғауға тиіс даусыз құқығы. Біз осындай қолсұғушылықтан Қазақстан тәуелсіздігін де қорғау қажеттігіне сенімдіміз" делінген белсенділер үндеуінде.
Мәлімдемеге құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, журналистер Ермұрат Бапи, Қарлығаш Еженова, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев, суретші Сәуле Сүлейменова, кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев, белсенділер Арман Шораев, Тоғжан Қожалиева және өзге адамдар қол қойған.
Мәлімдеме авторларының айтуынша, кез келген соғыста адам шығыны болады, ғимараттар қирайды. Олар оқиғаға алаңдап отырған азаматтарды украин халқын қолдап, дәрі-дәрмек және өзге де медициналық заттарды жинауға шақырды.
Дәрі-дәрмек жинайтын пункт ретінде екі орын көрсетілген: Украинаның Нұр-Сұлтандағы елшілігі (Жылыой көшесі, 12, Қараөткел-2 ықшамауданы) және Алматының Фонвизин, 10 мекен-жайындағы ғимараты. Хабарламада дәрі-дәрмекке жинайтын қаражатты Тоғжан Қожалиеваның 4400430184053327 нөмірдегі Kaspi картасына (карта 87019257585 нөміріне тіркелген) аударуға болатыны жазылған. Хабарламада "Украина үшін" деп жазу керек.
Украинадағы қазақтар мінген автобус көлік кептелісінің салдарынан Польшаға әлі жете алмаған
Украинадағы қазақстандықтар мінген автобус Польшаға әлі жете алмады. Оған шекараға бара жатқан жолдағы ірі кептеліс себеп. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сенбі күнгі брифинг кезінде осылай деп мәлімдеді.
"Шекараға жіберілген алғашқы рейстер Львовқа әлі оралған жоқ. Олар тас жолда кезекте тұр. Басқа автобус жүргізушілері бірнеше күн бойы кептеліске түсіп қалуы мүмкін екенін біліп, жол жүруден бас тартып жатыр. Егер басқа күндері автобустың бағасы арзан болса, қазір 10-15 есеге өсіп кетті. Бір автобусты жіберу үшін 20 мың долларға дейін сұрайды" деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, бір автобустың шекара бекетінде тұрғанына 7 сағат болған. Автобус ішінде балалар мен әйелдер бар. "Жағдайдың қандай екенін сезіп тұрған боларсыздар" деді Смадияров.
Ол сол жақтан туыстарын күткен азаматтарды сабырға шақырып, қазақстандықтарды қайтару үшін өзге де рейстер ұйымдастырылатынын айтты. Украинадан оралған барлық қазақстандықтарға рейстер тегін.
Оның айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігіне эвакуация бойынша 528 өтініш келіп түскен. Рейстер Польшаның Катовице қаласынан Атырауға ұшады. Артынша Алматыға келеді. Бұған дейін Польшадан алғашқы рейс 26 ақпан түнде келеді деп жоспарланған еді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров: Украинада зардап шеккен қазақстандықтар туралы әзірге мәлімет жоқ
ПІКІРЛЕР