Әзербайжан Украинаға гуманитарлық көмек ретінде дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтар жіберді. Бұл жөнінде президент Ильхам Әлиев хабарлады.
Ал Германия Украинаға танкілерді жоятын қару-жарақ жібереді. Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Хебештрайттың айтуынша, үкімет Украинаға танкілерді жоятын қарудың мың данасы мен 500 "Стингер" зымыранын жібереді.
Украина ақпарат құралдары 26 ақпанда кешке бірнеше қалада – Харьков, Чернигов, Николаево, Сумы және Киевтің бірнеше ауданында оқ атылғанын жазды. Харьков тұрғындары BBC агенттігіне түнде қалада қатарынан бірнеше жарылыс естілгенін хабарлаған.
26 ақпанда не болды?
- Сенбі күні таңертең Украина әуе күштері басқармасы Киевтен 30 шақырым жердегі Васильково елді мекенінде Ресей әскерімен қызу шайқас жүріп жатқанын хабарлады.
- Сенбіге қараған түні Лондон Ресей басшысы Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жеке санкция салды. Санкция тізімінде Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу, премьер-министр Михаил Мишустин, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев бар.
- Еуропа кеңесінің министрлер комитеті Ресейдің аталған ұйымға мүшелігін тоқтату процедурасын бастады.
- Киев маңындағы елді мекендерде болған шайқастар кезінде 71 бейбіт тұрғын жараланды деп хабарлады Киев облысының әкімшілігі.
- Ресейді келесі аптада халықаралық SWIFT төлем жүйесінен ажырататыны хабарланды
- Молдова, Румыния, Болгария, Литва, Латвия, Эстония, Польша, Чехия, Ұлыбритания ресейлік ұшақтарға өз елдерінің төбесінен ұшуға тыйым салды.
- Ресей Украинаға басып кіргелі бері 198 украин азаматы қаза болған, үшеуі бала. 1115 адам жараланған, 33-і – бала. Украина денсаулық сақтау министрі Виктор Ляшко осылай деп хабарлады.
Ресей қорғаныс министрлігі хабарлама таратып, Ресейдің тәуелсіз ақпарат құралдарын "Украина қауіпсіздік қызметі дайындаған жалған жаңалықтарды" жариялады деп айыптады. Ведомство хабарламада тәуелсіз "Новая газета" басылымына шүйліккен.
Қорғаныс министрлігі тәуелсіз ақпарат құралдарын "АҚШ пен одақтастарының үгіт-насихат орталықтарында бұрын әзірленген үлгі бойынша" жаңалықтар жазып, таратып отыр деп кінәлады.
Оның алдында бірнеше сағат бұрын Роскомнадзор ресейлік он шақты БАҚ-тан Ресейдің Украинадағы әскери қимылын "шабуыл" немесе "соғыс" деп атаған жаңалықтарын өшіруді талап еткен. Бұған дейін Роскомнадзор ресейлік БАҚ Украинадағы оқиғаларды тек Ресейдің ресми дереккөздеріне сүйеніп жазуы тиіс деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР