Британиялық The Times басылымы Киевте Кремль тапсырмасын алған 400-ден астам Ресей жендеті жүргенін хабарлады. Басылымының жазуынша, оларға Украина президенті Владимир Зеленскийді, министрлер кабинеті мүшелерін өлтіріп, қаланы бақылауға алуға жағдай жасау тапсырылған. Путиннің жақын серігі басқаратын "Вагнер" әскери тобы бес апта бұрын Африкадан жіберілген делінген мақалада.
Украиналық "Униан" агенттігінің хабарлауынша, "Вагнер" тобы туралы ақпарат Украина билігіне сенбі, 26 ақпан күні мәлім болған. Осыдан кейін "қаланы ресейлік диверсанттардан тазарту үшін" Киевте 36 сағатқа комендант сағатын енгізген. Қала мэрі Виталий Кличко комендант сағатында көшеге шықпауға шақырып, көшеде жүргендер диверсант саналатынын айтты.
Ресей Орталық банкі шетелдіктерге Ресейдің құнды қағаздарын сатуға тыйым салды
Ресейдің Орталық банкіне Батыс елдері санкция салғаннан кейін 28 ақпанда еуро мен доллар бағамы халықаралық саудада тарихи максимумға дейін көтерілді.
Мәскеу уақытымен сағат жетіде доллар бағамы 25 пайызға көтеріліп, бір доллар 105 рубль болды. Бұл - жұма күнгі доллар бағамынан 20 рубльге қымбат. Еуро курсы да солай өсіп, 117 рубльге жетті.
Бұл қымбатшылық Еуропа одағының Ресей банктеріне санкция салатыны туралы хабар жариялағаннан кейін басталды. Еуропа одағының кеңесі Ресей Орталық банкінің валюта резервімен қаржы операциясының кез келген түрін жасауға тыйым салған еді. Бұл жөнінде Еуропа одағы журналы жариялаған құжатта айтылады. Бұл шектеу Ресей Орталық банкі бұйрығымен немесе соның атынан жұмыс істейтін кез-келген заңды тұлғаға жүреді.
Сағат 7-де басталуға тиіс Мәскеу биржасының таңғы сессиясы тоқтатылды. Валюта нарығындағы сауда дүйсенбі таңғы сағат 10-нан басталады. Өзге рыноктардағы сауда алаңдарының ашылуын Орталық банк "жағдайға қарай" анықтайды,- деп хабарлайды Ресей Орталық банкі.
Бұған дейін Ресей банктері брокерлерге шетел клиенттерінің тапсырысымен құнды қағаздар сатуға тыйым салған болатын. Резидент емес тұлғалардың облигациялар мен акциялар сатуы, әдетте тек қор биржасына ғана емес, валюта нарығына да әсер етіп келген. Өйткені инветсорлар активтерін сатып, валюта сатып алуы мүмкін еді.
27 ақпанда Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель "Батыс елдері Ресей банкінің қаржы ресурстарының жартысына жуығын құлыптап тастайтынын" хабарлаған болатын. Ол нақты соманы айтпаған. Сарапшылардың бағалауынша, Батыс кем дегенде Ресей Орталық банкінің 240-250 миллиард доллар активін құлыптай алады. 1 ақпанда Ресей Орталық банкінің валюта резерві 498 миллиард доллар (алтынды қосқанда - 630 миллиард доллар) болған.
- Авторы: Жаңагүл ЖҮРСІН
Қазақстандық жүк көліктері Украинадан шыға алмай тұр
Қазақстан кәсіпкерлеріне тиесілі 50 жүк көлігі Украина аумағынан шыға алмай тұр. Оның 11-і Ақтөбе облысынан.
Ақтөбелік "БекАс" компаниясының директоры Берік Жиенқұлов Украинада екі көлігі қалып қойғанын айтады. Сөзінше, Volvo маркалы жүк көліктерінің бірі Дубно, бірі Пирятн қаласында тұр. Қауіпсіздік мақсатында тиелген жүкті зауытқа қайтарған.
Еуропа одағы Украинаға көмекке әскери жойғыш ұшақтарын береді
Еуропа одағы Украинаға әскери жойғыш ұшақтарын көмекке береді. Бұған дейін Киев Ресейдің жердегі және әуедегі шабуылына тойтарыс беру үшін Еуропа одағынан көмек сұраған.
Бұл жөнінде 27 ақпанда Еуропа одағының сыртқы саяси ведомстовосының басшысы Жозеп Боррель хабарлады. Ол Брюссельдің Украинаға мейлінше көмектесуге дайын екенін атап өткен.
Боррелль сөзінше, Ресей Украинаға қолдау көрсеткен елдерге ядролық қару қолдануы мүмкін екенін анық аңғартқан.
"Владимир Путин Украина солдаттарын қаруларын тастауға шақырды және Украинаға көмектескісі келетін елдерге қарата "кімде-кім бізге кедергі жасағысы келсе, Ресейдің жылдам жауап беретінін және оның бұрын-соңды тарихта болмаған зардабын тартатынын" айтты. Путиннің жексенбідегі сөзіне орай сөйлеген Боррель әңгіме ядролық қару туралы екенін, бірақ ол Еуропа одағының Украинаға көмегін тоқтата алмайтынын айтқан.
Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Еуропа одағының басшылығынан украин ұшқыштары басқаратын әскери жойғыш ұшақтарға зәру болып отырғанын айтқан. Осыған орай "Неміс толқыны" Украина қарулы күштерінде жойғыш ұшақтың советтік Су-27 және МиГ-29 түрлері бар екенін еске салған.
Жексенбіде Жозеп Боррель Еуропа блогының атынан сөйлеген сөзінде "Ресейдің Украинаға басып кіруі Грузия, Молдова, Батыс Балқан елдеріне да әсер етуі мүмкін" деді.
27 ақпанда Еуропа одағы елдерінің сыртқы істер министрлері кездесуінен кейін Ресейге қатаң санкция салуға көшетіні хабарланған. Еуро комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен сөзінше, Еуропа одағы Украинаға қару-жарақ пен өзге де техникалық құралдар сатып алу, жеткізуді қаржыландырады. Фон дер Ляйен Еуропа одағының мұндай қадамға алғаш рет барып отырғанын атап өтті.
Жексенбі күні Bloomberg агенттігі Еуропа одағы Путиннің айналасында жүрген Ресей шенеуніктері мен олигархтарының тағы бір тобына санкция салуы мүмкін екенін жариялаған еді. Bloomberg мәліметіне қарағанда, бұл тізімге Әлішер Усманов, Михаил Фридман, Алексей Мордашов, Дмитрий Песков және Сергей Ролдугин кіруі мүмкін.
ПІКІРЛЕР