Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

13:07 24.2.2022

Алматыда Ресей консулдығы алдына келіп, Украинаға қолдау білдірген азаматтарды ұстап әкетті

Соның алдында он шақты адам консулдық алдына келіп, "Украинадан қолыңды тарт" деп ұрандатты. Акция қатысушылары Украина туын және ұран жазылған плакат ұстап тұрды. Азаттық жиыннан тікелей эфирге шықты.

13:14 24.2.2022

Латвия өз аумағында Ресей телеарналарының трансляциясына тыйым салды

Елдің электронды бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі ұлттық кеңесі "Россия" телеарнасының көрсетілуін бес жылға, "Россия 24" телеарнасының көрсетілуін төрт жылға, TV Centr International арнасының көрсетілуін үш жылға тыйды.

13:19 24.2.2022

Еуроодақ басшылығы Ресейді бұрын-соңды болмаған деңгейде оқшаулауға уәде берді

Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еуродақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Жозеп Боррель Еуроодақтың Мәскеуге қарсы ауыр санкция салатынын мәлімдеді.

"Ресей бұрын-соңды болмаған деңгейде оқшауланады" деді Жозеп Боррель.

Ал Урсула фон дер Ляйен "Украина жеңеді" деді.

13:48 24.2.2022

Қалетаев: Украинадағы қазақстандықтарды Шығыс Еуропа арқылы эвакуациялау жоспары бар

Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев Азаттық тілшісіне қазақстандықтарды эвакуациялау жолдары туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, Украинаның әуе кеңістігі жабық, сондықтан елшілік басқа жолды қарастырып жатыр.

- Әуежай іздеп жатырмыз. Қай жерге Air Astana'ның ұшағы қонатын мүмкіндік барын анықтау керек. Беларусьпен шекара жабық. Молдоваға автокөлік жолы Одесса арқылы баратындықтан қауіпті. Ол жерлерде соғыс болып жатыр. Ең қауіпсізі Львов қаласы, азаматтарға сол жаққа баруды ұсынып жатырмыз. Ары қарай Польша не Венгрияға шығаруға тырысамыз. Азаматтардың Еуропа елдеріне визасы жоқ, сондықтан қай мемлекет бізге жасыл коридор бере алатынына байланысты. Әзірге жоспар осындай, – деді елші.

Қазақстанның Киевтегі елшілігі.
Қазақстанның Киевтегі елшілігі.

Елшінің сөзінше, Киев көшелерінде кептеліс, тұрғындарда дүрлігу бар. Соған қарамастан елшілік жұмыс істеп тұр. Қазір елшілік ғимаратында Қазақстанның 30 шақты азаматы бар. Украинадағы Қазақстан елшілігінің мәліметінше, 2 мыңдай азамат консулдық тіркеуде тұр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG