Украина ақпарат құралдары Ресей әскерінің Киевке қарай жылдам жылжып бара жатқанын хабарлап жатыр. Олардың Киевке жетуіне ондаған шақырым қалған.
Киевте сиреналар ойнатылды
BBC агенттігі Франция президенті Эммануэль Макронның бейсенбі күні кешке Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін жазды. Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен тікелей сөйлесуден бас тартқан.
"Түк нәтиже жоқ. Ресей президенті соғысты таңдап отыр" деді Макрон.
Украинадағы қазақтарды Польшаға жұма күні эвакуациялауы мүмкін
Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаевтың айтуынша, Украинадан эвакуациялауға 486 Қазақстан азаматы өтініш берген. Бұл жөнінде елші сөзіне сүйенген Informburo сайты жазды.
"Жасыл дәліз жасалды. Қазір ең бастысы жұрт Львовқа жетуі тиіс. Львовқа баратын көлік табу қиын: көлік жоқ, тіпті ақшаға да таба алмайсың. Бүгінгі күнге дейін эвакуациялауға 486 адам өтініш берді" деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, егер барлығы Львовқа уақытында жетсе, алғашқы борт 25 ақпанда ұшуы тиіс.
"Жүз адамнан құралған алғашқы колонна шамамен бір сағаттан соң шығады. 1500-ден астам адам консулдық тіркеуде тұр, ал қазір тіркеуде тұрмаған көп адам шығып жатыр" деді ол.
Дархан Қалетаев елшіліктің азаматтарды Львовқа жеткізуге күш салып жатқанын да айтқан. Оның айтуынша, Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостермен рейс ұйымдастыру бойынша келісім бар.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның консулдығында уақытша тіркеуде 517 адам, тұрақты тіркеуде 1113 адам тұр. Олар негізінен Киев қаласы, Киев, Одесса, Харьков, Львов облыстарында тұрады.
ПІКІРЛЕР